«Жыртық» үйдегілердің жыры
«Жыртық» үйдегілердің жыры
579
оқылды
Тұрғын үй  – қазақстандықтар үшін қашанда өзекті мәселе. Әйтсе де, бүгінгі айтпағымыз азаматтарды тұрғын үймен қамту, оның сапасы мен бағасы жайында емес, баспананың тозуы турасында болмақ. Рас, іргетасының беріктігі, құры­лыс материалдарының сапалы бол­ға­нына қара­­мас­тан кез келген үй ерте ме, кеш пе тозады. Ал бұл әне-міне құла­ғалы тұр­ған үйдің тұр­ғындары мен жер­гілікті би­­­ліктің бас ауруына ай­на­лады. Оған қоса, мұндай ғимараттар қа­ланың сәу­лет­­тік келбетіне нұқсан кел­тіретіні тағы бар. Индустрия және инфра­құрылым­дық даму министрлігінің мәлі­метінше, елі­міз­де апатты деп танылған 788 көп­пә­­терлі тұрғын үй бар екен. Ал 2 780 үй­­дің тозы­ғы жетіпті. Жауап­­ты ве­до­м­ство бұл мә­селенің Тұр­ғын үй-ком­му­налдық даму­дың 2020-2025 жыл­дар­ға ар­налған «Нұрлы жер» мемлекет­тік бағ­дар­ламасы ая­сында реттеліп жат­қанын айтады.
– Бүгінде еліміздің барлық өңі­рінде реновация бағдарламасы қа­былданған. Бағдарламаны іске асырудың Жол картасында өңірлер бойынша реновация бағдарлама­сының шеңберінде бұзуға жататын 251 үйдің тізбесі анықталды, – дей­ді Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму вице-министрі А.Ыдырысов.
Ал Ұлттық статистика бюро­сының 2021 жылғы «Тұрғын үй қо­ры туралы» статистикалық жи­нағындағы деректерге сүйенсек, ел аумағында 1 801 апатты жағдайдағы тұрғын үй бар екен. Оларда 25 мың 343 адам тұрып жатыр. Сонымен қатар ел аумағындағы тұрғын үй­лердің шамамен 30,6 пайызының іргетасы 1970 жылдан бұрын қала­ныпты. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған үйлердің көбі ауылдық жерлерде орналасқан. Елді мекендердегі 416 066 үйдің алғашқы кірпіші осыдан 50 жылдай бұрын қаланған екен. Жоғарыда келтірілген деректерге қарап, елі­міздегі тұрғын үйлерді тозуы қан­ша­лықтық өзекті мәселе екенін аңғару қиын емес. Әрі жыл санап кейбір үйлердің техникалық жағ­дайы тіптен нашарлай түседі. Осы тұрғыдан алғанда апатты және тозығы жеткен үйлерді бұзу, олардың тұрғындарын баспанамен қамту мәселесі өзектілігін жоймай­ды. Бұл түйткілдің түйінін тарқату­мен Алматы қаласының әкімдігі талай жылдан бері айналысып ке­леді. Жасыратыны жоқ, 70 жылдай ел астанасы болған шаһарда тозығы жеткен үйлер жетіп артылады. Тіпті, олардың кейбірінің іргета­сының қаланғанына ғасырға жуық­тап қалды. Сонда да болса мұндай үйлерде әлі күнге дейін «шықпа жаным шықпа» деумен күнелтіп жатқандар бар. Оңтүстік астанадағы тұрғын үй қорының 20 пайызының тозығы жеткенін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев та ашық мойын­дады. Шаһар басшысының ай­туын­ша, қалада реновацияны қажет ететін 1,7 мың апатты және то­зығы жеткен тұрғын үй бар. Олар­да 75 мыңнан астам қала тұр­ғын үрейді үмітке жеңдіріп, өмір сүріп жатыр. Алматы қаласының әкімі айтып отырған тұрғын үйлерді ренова­циялау бағдарламасы елімізде 2012-2015 жылдар аралығында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылды. Осы аралықта бағдарлама аясында 56 үй бұзылып, 63 жаңа тұрғын үй салынған екен. Аталған бағдарла­маның екінші кезеңі 2021 жылы бекітілді. Бағдарламаға сай мемлекет 2025 жылға дейін ел ау­мағындағы 6 637 пәтері бар 708 тұрғын үйді жермен-жексен етуді жоспарлаған. Есесіне, олардың орнына 683 көппәтерлі тұрғын үй бой көтеріп, 34 мыңдай отбасының баспана мәселесі шешілмек. тұрғын үй Бір сөзбен айтқанда, сәтті жүр­гізілген қаладағы реновация тұрғын үй қорын 5 есеге дейін ұлғайтуға мүм­­кіндік береді. Урбанист Әділ Нұр­мақовтың да пікірі осыған саяды. Дегенмен маман тозығы жеткен ескі үйлерді бұзу процесінің мұқият ойластырылуы керек еке­нін айтады. Әсіресе, апатты үйлер­дің орнына салынатын жаңа еңселі үйлердің қаланың коммуналдық, транспорттық инфрақұрылымына түсетін жүктемесін ескерілгені жөн.
– Шындап келгенде, ренова­ция – өте күрделі процесс. Оның мұ­қият жоспарлануы керек. Жос­парлау сәтінде құрамы сарапшылар мен тұрғындардан тұратын арнайы жұмыс тобын құру қажет. Бұл топ ескі үйді жаңасына ауыстырудан бұрын тұрғындардың Конституция кепілдік берген меншік құқығының сақталуына да мән бергені абзал. Көп жағдайда бізде ескі жатаған үйлердің орнына салынатын жаңа тұрғын үй кешендері қаланың сәулеттік келбетін бұзып қалалық ортаның қалыпты жұмысына ке­дергі келтіреді. Әрі зәулім үйлердің қаланың әлеуметтік, транспорттық желісіне шектен тыс жүктеме тү­сіретінін көріп жүрміз, – дейді ол.
Ал Алматы қаласындағы апатты деп танылған үйде 38 жылдан бері тұратын Екатерина Железинаның пікірінше, ескі үйді сүрумен мәселе шешілмейді. Ол шаһардағы әр за­маннан сыр шертетін тұрғын үй­лерді сақтап, жаңғыртылғанын қа­­лайды. Тіпті, Екатерина көр­ші­лерімен бірге дәл осы мәселені көтеріп Президентке бейнеүндеу де жолдаған екен.
– Күрделі жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізсе, бұл үйлерді бұзу­дың да қажеті болмайды. Бұл үй­лер­дің өзіндік тарихы, атмосферасы бар. Оларды жермен-жексен етуге жол берілмейді. Оның үстіне, жер­гілікті тұрғындар осы ауданға үйре­ніп қалды. Мектеп, аурухана сияқ­ты әлеуметтік мекемелер дәл қасы­мызда. Керек болса суретшілерді шақыртып, үйімізге ерекше реңк беруге дайынбыз, – дейді ол.
Тұрғынның айтуынша, үйлері бұзылып, орнына жаңа үй салын­ғанша тұруға ұсынылған баспана қа­ланың келесі бір бөлігінде орна­ласқан екен. Әрі оның құжаттары да күдік тудырады. Сондықтан олар көршілерімен үйреніп қалған үй­лерін тастап көшуге құлықты емес. Алматымен бірге Астана қала­сында да апатты және тозған үйлер мәселесі өзектілігін жойған емес. Тұрғындарының саны күн санап өскен бас қалада баспанамен қамту ісін ілгерілету үшін ескі үйлерді жаңасына ауыстырылғаны керек. Қала әкімдігінің мәліметінше, жыл соңына дейін 333 пәтері бар 18 апат­ты тұрғын үй босатылмақ. Тұрғындар Абылай хан даңғылы мен Қарасай батыр көшесіндегі жаңа тұрғын үй кешендеріне кө­шіріл­ген. Бас қаланы апаттық тұр­ғын үйлерден тазарту жоспарының үшінші кезеңіне сай 2027 жылға дейін осындай 59 үйде тұратын 903 отбасы жаңа қонысқа жайғасады. Елімізде реновация жүргізудің өзектілігі мен оның төңірегінде туын­даған мәселелер саладағы әлем­дік тәжірибені ескеруге ша­қырады. Мәселен, бір кездері Шығыс Германияның аумағы дәл біздегідей тұрғын үй қорын жаңарту мәселесімен бетпе-бет келді. Сол сәтте немістер ғимараттарды толық бұзбай жаңалау әдісін қолданды. Яғни, құрылысшылар тұрғын үйдің қабатын төмендетіп, іргетасын нығайтты. Сонымен қатар желдету және жылуды сақтау жүйесін жақ­сартқан. Әрине, қабаттарының санының азаюымен тұрғын үйдегі пәтерлердің саны азайғанымен, ескі үйдің сәні кіргенін қанағат тұтқандар көп болды. Ал Қытайда наразылықтың 65 пайызын апатты және тозығы жет­кен үйлерден күштеп шығарылған тұрғындар ұйымдастырады екен. Тұрғындарды үйлерінен күштеп шығару саясаты Ресейде де жүзеге асырылады. 2017 жылы Мәскеу мэрі Сергей Собянин тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасына қол қой­ды. 15 жылға созылатын бұл бағдар­лама миллионнан астам адамның ескі үйлерінен жаңасына қоныс аударуына мұрындық болмақ.  
PS:

Қорыта айтқанда, тұрғын үй қорының тозуы әлем елдеріне ортақ мәселе. Алайда оны шешуде әркім шама-шарқынша әрекет етіп жатыр. Сонда да болса жергілікті тұрғын­дар­дың игілігі үшін жүргізілетін бұл жұмыстардың олардың құқықтары­на қайшы келмеуін ойлану керек секілді.