Жаңа оқу жылы жылдағы жырмен басталады. Жатақханадан орын жетпеген студенттер туған-туыстың үйін паналап, жақыны жоқтары пәтер жағалап, одан қалса қожайындарының қас-қабағына қарайлаумен күндерін өткізетіні қалыпты құбылысқа айналғаны рас. Осы жылы да сабақ басталғанымен, сабылған студенттердің аудиторияда емес, түнейтін жер іздеп тентіреп кеткенін көз көрді. Сол үшін биыл Мемлекет басшысы студент саны көп Алматыдағы кейбір университеттерді Қонаевқа көшіру туралы ой тастап, «академиялық қалашық» құру мәселесін қарастыру керек екенін айтты. Жоғары оқу орындарын көшіруден ұтарымыз не?Студенттер «көшінің» көмегі мол
Биыл Мемлекет басшысы Қонаев қаласына барған сапарында осы мәселенің шетін шығарды. Оның айтуынша, жоғары оқу орындарының көбі Алматыда орналасқан. Бұл халық онсыз да тығыз қоныстанған қаланың ахуалына өз әсерін тигізіп жатыр. Салдарынан көлік кептелісі көп, одан қалса жатақхана мен қолжетімді баспана тапшылығы туындайды. Қала берді қаланың ауасы да ластанып барады. Сол үшін Президент Қонаевта «академиялық қалашық» құру мәселесін қарастырған жөн екенін жеткізіп: «Ірі қалалардың жанынан инновациялық орталық құрған елдер аз емес. Үкімет бұл мәселе бойынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс беруі керек» деді. Жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Алайда Қонаев та келешекте студенттер үшін өте ыңғайлы қала боларын жеткізді. Өйткені ол жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес. Сондықтан облыс орталығына айналған қалаға Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін көшіруден бөлек, жаңа заманауи университет ашу ісін де ойластыру қажет.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев инвесторлар мен білім беру ұйымдарына жер бөлу мәселесі өте баяу жүргізілетінін айтты. Жатақхана салуға инвестор табылғанымен, құрылысты бастау үшін берілетін орын жоқ. Қазір Алматы мен Астана қаласындағы университеттердің дені қала орталығында орын тепкен. Сондықтан онсыз да ығы-жығы орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерден тыныс алу қиындап, көлік қоятын орын таппай жатқанда жатақхана салуға орын табылмауы түсінікті. Осыдан үш жыл бұрын осы мәселені алматылық тұрғындар да көтерген. Биыл Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те алдағы уақытта қала ішіндегі жекеменшік университеттерді қала сыртына көшіру бастамасын жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.
Бізде жоғары оқу орындарын қала сыртына орналастыру тәжірибесі болды. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бір кездері Түркістан қаласының сыртында болса, қазір облыс орталығы үлкейген сайын оқу орны орталықта қалып қойды. Сол үшін Президент айтқандай, университеттерді бірден басқа қалаға көшіру немесе елді мекендерге ауыстыру тиімді. Бұл орайда кампустары қала сыртында орналасқан СДУ-дың ректоры Әлімжан Игенбаев «кампустарды қала сыртына көшірудің тиімділігі көп» деп отыр. Қала сыртында бөлек кампустардың болуы студент үшін де, сол жердің әлеуметтік-экономикалық өсімі үшін де артықшылығы бар. Ең маңыздысы, студенттік өмірдің өзіндік мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді. «2011 жылы кампусымыз жаңадан ашылғанда студенттердің бұл қажеттілігін орындауға қиналғанымыз рас. Қазір оқу орнының көшірілуі елді мекенге айтарлықтай серпін берді. Мәдени ошақтар мен ойын-сауық орталықтары көптеп ашыла бастады. Қаскелең ауылының тұрғындарына студенттеріміз үлкен серпіліс жасап берді. Мәселен, студенттерге арналған арнайы тұрғын үйлер салынып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, осыған дейінгі университеттің де, елді мекеннің де мәселесі өзінен өзі шешіле бастады», – дейді Әлімжан Игенбаев.
Тек жатақхананы көшіру мәселені ушықтырады
Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы оқу орындарын қалаға көшіру – елді мекен үшін ғана емес, білімді жастардың артуына айтарлықтай септігін тигізетінін жеткізді. Өйткені тұратын жерінен оқу орнына баруда жоғалтатын уақытын қосымша ғылым мен білімге арнайды. Студент қана емес, елді мекенге шақырылған оқытушының баспанасынан бастап, балалардың балабақшасы, мектебіне дейін қамтамасыз етілсе, ештеңеге алаңдамай ғылым жолына түсіп, терең білім бере алады.
Ал урбанист Аян Зикириннің сөзінше, әлемдік тәжірибеде озық университтердің 70 пайызы өз кампусы болуымен ерекшеленеді. Бұл студенттің қауіпсіздігінен бастап толық білім алып, ғылыммен айналысып, өзін-өзі дамытуына дейін қажет. «Біздегі университеттердің дені кеңестік кезеңде салынған. Олардың барлығы қала орталығында орналасқан. Ал университеттерді толығымен көшірмей, тек жатақхананы қала сыртына ауыстырса, бұл жағдайды одан ары ушықтырады. Сол үшін жер бөлінсе, жатақхана емес, 5000-7000 студентке арналған студенттік қалашық салыну керек. Ол жерде жатақханадан бөлек, студенттердің өзін-өзі дамытуына арналған Жастар сарайы мен Student hub болуы тиіс. Біздегі қазіргі жатақханалар кешкісін ұйықтауға арналған орын ғана болып отыр. Жастар өздерін өздері дамыту үшін олардың өмір сүру сапасын қолайлы етіп берген жөн», – дейді урбанист.
Шындығында, туу көрсеткіші мен грант санының артуы үлкен қалалардағы студент қатарының көбеюіне алып келді. Алайда атқамінерлер алдағы ахуалдың күрделеніп жатқанын көре тұра ауқымды мәселені ағымдағы іс-шаралар арқылы реттеумен келеді. Бірақ бұл алдағы күннің мәселесін түбегейлі шеше алмасы белгілі. Салдарымен емес, себебімен күреспеудің соңы келер оқу жылында тағы көрініс берсе, «сен салар да мен салардың» зардабын тағы да студент көреді.
Қаланың шеті қалыс қалмасын!
Осыдан он шақты жыл бұрын шеткі аудан ретінде саналып келген аудандар қазір Алматының негізгі бөлігін құрайды. Қарасай, Талғар, Іле аудандарына тиісті жерлер де ақырындап Алматының иелігіне өтіп жатыр. Осылай деген қоғам белсендісі Садық Шерімбек: «Бұрын Бесағаш, Тұздыбастау, Қаскелең сияқты елдімекендер ит арқасы қияндағы жерлер сияқты көрінсе, қазір Алматының бір бөлігіне айналуда. Олар да болашақта қаланың негізгі бөліктеріне айналуы ғажап емес», – дейді. Алайда қала билігі әлі күнге Алматыны еш ұлғаймайтын сияқты көреді. Әйтпегенде қазір бүкіл әлемдегі ТрансҰлттық компаниялар өз өндірістерін дамыған қалалардан дамушы қалаларға ауыстырып жатқан көрінеді. Өйткені агломерацияларды дұрыс ұйымдастыру қаланың бәсекеге қабілеттілігін әлдеқайда арттырады. Сонымен бірге ол елдегі туу көрсеткішін есепке алсақ, қазір Қазақстандағы ең негізгі 3 мегополистің барлығы да жастар қаласына айналғанын айтады. Бұл өз кезегінде қаладағы жастар арасындағы қылмыстың артуына әсер етеді.
Қоғам белсендісінің бұл сөзіне көз жеткізу үшін Астана қаласы ПД-не жүгіндік. Қазір елорданың ең шеткі аудандарындағы тәртіпке жауап беретін Байқоңыр ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Исабек Қалдықараевтың айтуынша, қала сыртында орталықпен салыстырғанда криминогендік ахуал орташа. Бұл аудандарда көбінесе қаржы мәселесі мен ішімдік ішудің салдарынан болатын отбасылық жанжал бойынша шақыртулар түседі екен. Жалпы алғанда, қала орталығында құқық бұзушылықтар бойынша шақырту жиі тіркелетіні рас.
Оның себебі неде? Садық Шерімбектің сөзінше, мұндай мәселенің пайда болуына қаладағы жастардың жұмыс істеуіне қажетті комфорттың жасалмауы себеп. Екіншіден, аз қамтылған аудандар мен агломерациялық аймақтарға қатты мән берілмейді. Есесіне, бізде барлық күш қаланың негізгі бөлігіне салынады. Барлық керемет қаланың орталықтарына жасалады. Ал әлемдік алпауыт компаниялар өндірістерді дамушы қалаларға көшіріп жатыр. Егерәки түптің түбінде осы үдеріс бізге келетін болса, онда негізгі жұмыс күш әлгі аз қамтылған аудандар мен агломерациялық аймақтардан алыну керек болады. Сондықтан қоғам белсендісі «дәл қазір биліктің болашаққа есебі бар болса, жастар ресурсын барынша тиімді игеру жолында дұрыс реформа жасау керек» дегенді айтады. Ол үшін осы күннен бастап аз қамтылған аудандар мен агломерациялық аймақтарға заман талабына сай үздік мектептер мен гимназиялар салып, қала орталығындағы жоғарғы оқу орындарын көшіру қажет. Сондай-ақ түрлі мәдени ошақтар салынып, сол жерлерге баратын мамандардың айлықтарына үстеме қосқан дұрыс. Осы айтылғандар бүгіннен бастап қолға алынса, алдағы 10 жылда кез келген мегаполисіміз әлемдік һәм локалдық компанияларға дайын маман болатын интеллектуал бірліктерді шығара алады. Онымен қоймай, орталықтағы қылмыстық статистика кеміп, сыртқы аудандардағы мәселелер де шешімін таба береді.