2020 жылы аймақта алты қабатты онкологиялық орталық салынды. Мұнда дәрігерлер онкогинекологияда, онко-урологияда, іштің онкологиясындағы ауруларды минималды инвазивті әдістерді қолдана отырып емдейді. Диспансер облыс тұрғындарына мамандандырылған, жоғары мамандандырылған, оңалту, паллиативтік және консультациялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ облыс бойынша онкологиялық көмекті ұйымдастыруды үйлестіреді. Оның құрамында 10 негізгі бөлім бар. Осылайша науқастардың өзге жақтан ем іздеуі үш есеге азайды. Бүгінде диспансерде 50 дәрігер жұмыс істейді, оның ішінде екі медицина ғылымдарының докторы және төрт медицина ғылымдарының кандидаты бар. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірде онкологиялық аурулар үш пайызға төмендесе, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім деңгейі 22 пайызға азайған. Бұл дегеніміз – өңір медицинасындағы оң өзгерістердің бір көрінісі.
Алайда Маңғыстауда медицина саласында маман тапшылығы бар. Осы мәселесі шешу үшін биыл облысқа 93 дәрігер келді, оның ішінде жас мамандар 73, басқа облыстардан 18, басқа елдерден 2 маман бар. Мамандар даярлау үшін облыс әкімінің 157 гранты бөлінді. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл ауылға 18 жас маман келді. Медициналық ұйымдар есебінен дәрігерлер жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Соңғы үш жылда аймақта ауылдық елді мекендерді медициналық ұйымдармен қамтамасыз ету үшін бірқатар дәрігерлік амбулатория, медициналық мекеме ашылды. Жыл соңына дейін Жаңаөзен қаласының Рахат ауылында дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға берілмек.
Медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау саланың мамандарының әлеуметтік жағдайы әрдайым назарда. 2023 жылдан бастап Маңғыстау дәрігерлерінің жалақысын 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға, кіші медицина қызметкерлерінің жалақысын 23 пайызға көбейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар аймақта денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер мен тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында медициналық қызмет көрсету саласында бақылау жүргізіледі. Бұл өтініштер тоқсан сайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде талданып, тиісті шаралар жасалынады.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы