Өңір медицинасындағы оң өзгерістер
Өңір медицинасындағы оң өзгерістер
263
оқылды
Денсаулық сақтау және медицинаны дамыту еліміз үшін басымдыққа ие салалардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жол­дауын­­да ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын жаңғырту, ана мен баланы қорғау және ақпараттық жүйелердің жұмысы мәселелерін кө­терді. Елімізде әсіресе ауыл медицинасы да күрделі реформаларды қажет ететіні жа­сы­рын емес. Елімізде алдағы екі жылға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы әзірленді. Жо­ба аясында медициналық объектілер салу, көпбейінді мекемелерді көбейту қол­ға алынды. Маңғыстау облысындағы ауыл­дарда 416 мыңнан астам тұрғын тұра­ды. Өңірде оның ішінде шағын ауыл­дарда медициналық амбулаториялар ашы­лып, жедел көмек көрсету жеделдеді. Маңғыстау көптеген жылдар бойы елі­міздегі туу көрсеткіштері бойынша ал­­­­дыңғы орында тұр. 2021 жылы аймақта 23 229 бала дүниеге келсе, биыл жыл ба­сынан бастап 16 631 жаңа туған нәрес­те туыл­ды. Алғашқы медициналық-сани­тар­лық көмек (МСАК) соңғы бес жылда өңір­де жаңа туған балалар мен аналар өлі­мінің төмендетуге үлкен үлес қосып отыр. Мұның ішіне амбулаториялық қа­был­­дау, үйде патронаждық бару, көп та­рал­ған аурулар мен жарақаттарды ем­деу, сондай-ақ отбасын жоспарлау мә­селелері кіреді. Нәресте өлімін азайту мақ­сатында өңірде неонаталдық хирур­гия саласы дамып, әртүрлі патоло­гия­лары бар 11 жаңа туған нәрестеге сәтті ота жасалды. Ал өңеш атрезиясының күр­делі ақауымен туылған салмағы 1 520 грамм болатын нәрестеге жасалған күр­делі ота сәтті өтті. Жаңа туған нәрестелер ара­сындағы өлім-жітім көрсеткіші өткен жыл­мен салыстырғанда 33 пайызға тө­мен­деді. Аурухананың заманауи технология­лар­мен жабдықталуы Маңғыстау облыс­тық көпбейінді ауруханасының дәрігер­ле­ріне күрделі операцияларды еш қиын­дық­сыз жүргізуге жол ашты. Жыл ба­сы­нан бері 6 341 операция жасалды. Бұрын тек Алматы мен Астанада жүргізілетін ота­ның бірі коронарлық артерияларды стенттеу операциясы өңірде алғаш жа­сал­ды. Сонымен қатар дәрігерлер алғаш рет кардиовертер-дефибриллятор аппа­ра­тын қойып, «созылмалы жүрек жеткі­лік­сіздігі» диагнозы қойылған науқастың өмірін сақтап қалды. дәрігерлік амбулатория 2020 жылы аймақта алты қабатты он­кологиялық орталық салынды. Мұнда дә­рігерлер онкогинекологияда, онко-у­ро­логияда, іштің онкологиясындағы ауру­ларды минималды инвазивті әдіс­терді қолдана отырып емдейді. Дис­пан­сер облыс тұрғындарына мамандан­ды­рыл­ған, жоғары мамандандырылған, оңалту, паллиативтік және консуль­тация­лық көмек көрсетеді. Сондай-ақ об­лыс бойынша онкологиялық көмекті ұйымдастыруды үйлестіреді. Оның құра­мында 10 негізгі бөлім бар. Осылай­ша науқастардың өзге жақтан ем іздеуі үш есеге азайды. Бүгінде диспансер­де 50 дәрігер жұмыс істейді, оның ішінде екі медицина ғылымдарының докторы жә­не төрт медицина ғылымдарының кан­дидаты бар. Биылғы тоғыз айдың қо­рытындысы бойынша өңірде он­ко­логиялық аурулар үш пайызға төмендесе, он­кологиялық аурулардан болатын өлім-жітім деңгейі 22 пайызға азайған. Бұл де­геніміз – өңір медицинасындағы оң өз­герістердің бір көрінісі. Алайда Маңғыстауда медицина са­ласында маман тапшылығы бар. Осы мәселесі шешу үшін биыл облысқа 93 дәрі­гер келді, оның ішінде жас мамандар 73, басқа облыстардан 18, басқа елдерден 2 маман бар. Мамандар даярлау үшін облыс әкімінің 157 гранты бөлінді. «Дип­­ломмен ауылға» мемлекеттік бағ­дар­­ламасы бойынша биыл ауылға 18 жас ма­­ман келді. Медициналық ұйымдар есе­бінен дәрігерлер жалдамалы тұрғын үй­мен қамтамасыз етілген. Соңғы үш жыл­да аймақта ауылдық елді мекендерді медициналық ұйымдармен қамтамасыз ету үшін бірқатар дәрігерлік амбулатория, медициналық мекеме ашылды. Жыл соңына дейін Жаңаөзен қаласының Ра­хат ауылында дәрігерлік амбулатория­ны пайдалануға берілмек. Медицина қызметкерлері мен ден­саулық сақтау саланың мамандарының әлеуметтік жағдайы әрдайым назарда. 2023 жылдан бастап Маңғыстау дәрі­гер­лерінің жалақысын 30 пайызға, орта ме­дицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға, кіші медицина қызмет­кер­лерінің жалақысын 23 пайызға көбейту жос­парланып отыр. Сонымен қатар ай­мақ­та денсаулық сақтау саласындағы кем­шіліктер мен тұрғындардың өтінішін қа­нағаттандыру мақсатында медицин­а­лық қызмет көрсету саласында бақылау жүр­гізіледі. Бұл өтініштер тоқсан сайын об­лыстық денсаулық сақтау басқармасы дең­гейінде талданып, тиісті шаралар жа­салынады.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы