Астанада митинг ұйымдастырған кәсіпкер Марат Әбиев қамауға алынды
Астанада митинг ұйымдастырған кәсіпкер Марат Әбиев қамауға алынды
© tengrinews.kz
620
оқылды
26 қараша күні елордада митинг ұйымдастырған Марат Әбиевке қатысты сот шешімі шықты, - деп хабарлайды Астана қалалық соты. Ресми хабарламада айтылғандай, 2022 жылғы 27 қарашада елорданың мамандандырылған ауданаралық соты М.Әбиевке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы екі істі қарады. Полиция органы М.Әбиевке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы екі хаттама толтырған: - Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасында белгіленген тәртіпті бұза отырып, рұқсат етілмеген митингіні ұйымдастырып, өткізгені үшін (ӘҚБтК 488-бабы 7-бөлігі); - Полиция қызметкерлері өз міндетін атқару барысында олардың заңды талаптарына бағынбағаны үшін (ӘҚБтК 667-бабы  1-бөлігі). «Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылғы 26 қарашада М.Әбиев Астана қаласының жергілікті атқарушы органының рұқсатын алмай, Қорғалжын тасжолы бойында митинг ұйымдастырып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған. М.Әбиев сотта мәлім еткендей, ауыл шаруашылығын дамыту жобасын ертерек қарауға ел басшылығының назарын аудару мақсатында бейбіт митинг ұйымдастырған. Сондай-ақ ол бейбіт жиналысқа дейін ешқандай заңға қайшы әрекет жасамағанын және митинг өткізу туралы бір күн бұрын қала әкіміне хабарлағанын айтты», - делінген хабарламада. Сонымен қатар соттың ақпаратында М.Әбиев әкімшілік құқықбұзушылық бойынша кінәсін мойындамағаны айтылған. «Прокурор соттан оны кінәлі деп тануды және 15 тәулікке қамауға алуды сұрады. Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сәйкес,  пикеттеу, жиналыс, митинг формасында бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға ол өткізілетін күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жеткізуі керек», - деп хабарлайды қалалық сот. Бірінші факті бойынша М.Әбиев жергілікті атқарушы органға хабарлама бермегені анықталды. Осылайша, ол бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің белгіленген тәртібін бұзған болып танылады. Екінші факті бойынша: М.Әбиев полиция қызметкерлерінің тәртіпті сақтау туралы бірнеше рет жасаған үндеуін елемей, рұқсат етілмеген шеруге қатысуды тоқтатудан бас тартқаны видеожазбадан көрінеді. Сотта М.Әбиевтің кінәсі фактілей дәлелдермен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманың нақты мәліметтері, видеожазба және басқа да материалдармен дәлелденді. ӘҚБтК-нің 488-бабы 7-бөлігінің санкциясы айыптыға 15 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуды қарастырады. ӘҚБтК 667-бабы 1-бөлігінің санкциясымен 30 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді. «Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты М.Әбиевті жоғарыда аталған құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп таныды және екі құқықбұзушылық бойынша да үкім шығарып, 15 тәулікке қамауға алу жазасын белгіледі», - делінген соттың ресми хабарламасында. Қаулылар заңды күшіне енген жоқ. Еске салайық, 26 қарашада Астанада митинг өтті. Оған қатысты қалалық Полиция департаменті мәлімет таратты.