Түркияның Ыстанбұл қаласында «Қазақ-түрік бауырластығы» ескерткіші ашылды. Бұл ескерткіш екі ел арасындағы туыстық, достық қарым-қатынастың айрықша белгісі іспеттес.
Іс-шараны Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиев салтанатты түрде ашып берді. Бағжылар ауданының мэрі Абдулла Оздемир мырза Түркияда тұрып жатқан қазақ ұлты өкілдеріне өз ризашылығын білдіріп, құттықтауын жеткізді. Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, қазақ ұлтының қилы тарихына тоқталып, түрік халқының бауырластығын тілге тиек етті. «Бірлік» қазақ жастары ұйымының төрағасы Аслан Серік қазақтың қара домбырасымен «Қазақ осы» әнін орындап, жиналған қауымның ықыласына бөленді.
Өз кезегінде «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасына тоқталып өтті. Сонымен қатар Бағжылар ауданының әкіміне шапан жауып арнайы сыйлық табыстады.
Ескерткіш авторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Көркемсурет академиясының бірінші вице-президенті, белгілі суретші, режиссер, тележурналист Жанұзақ Мүсәпір мырза ескерткіштің жасалуы мен тарихын таныстырды.
Ескерткіштің ашылу рәсімінен кейін қазақ көшінің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы көш» тақырыбында фотосуреттер мен Жоғары оқу орындарының білім көрмесімен танысу ұйымдастырылып, жиынға жиналған қауым естелікке суретке түсті.