Бұл түрмен қыстан қалай шығамыз?
«Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес, қала билігі Екібастұзда техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялады. Бұған оны жылу жүйесіндегі апат итермелеген. Салдарынан жылу желілері қатып, жарылып жатыр. Қалада түнде 17 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік, 21 коммерциялық нысан жылусыз қалды. ТЖ режимі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанға дейін күшінде болады. 27 қарашаның түнінде қалада Екібастұз ЖЭО-ның бірнеше қазандық агрегаторы бірден істен шықты. Жылу-электр орталығындағы апатқа орай арнайы штаб құрылды. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пен Екібастұз әкімі Аян Бейсекин журналистер алдына шығып, мән-жайды түсіндірді. Олардың мәліметінше, шаһардың жылу жүйесінің 10 жері бұзылған. Бұл ЖЭО қазандықтарының жұмысын тоқтатқан. Әлеуметтік нысандарды аралаған облыс әкімі оларда тұрып жатқандарды эвакуациялауға шешім қабылдады. Соңғы деректер бойынша, Екібастұз ЖЭО жағдай тұрақтаныпты. Алайда Екібастұздың 3 шағынауданы қыс ортасында, үскірік аязда жылусыз қалып тұр. Апаттың қайталанбасына да еш кепілдік жоқ. Екібастұз ЖЭО-сын басқаратын «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС – «Павлодарэнерго» АҚ-ның еншілес кәсіпорны. Ал «Павлодарэнерго» А.Клебанов пен С.Кан бақылауындағы «Орталық-Азия Электрэнергетикалық Корпорациясы» акционерлік қоғамының («ОАЭК» АҚ) құрамына кіреді. Осының алдында, 2022 жылғы 20 наурызда аталған корпорацияға қарасты Петропавл ЖЭО-2-де де алапат апат болып, ол адам өліміне ұласты. Онда да төтенше жағдай жарияланды. Шаһардың бір бөлігі жарықсыз және жылусыз қалды. Өкініштісі сол, петропавлдық жылу электр орталығында үш алып мұржаның бірі күйреп, үйінді астында қазандық цехының жабдықтарын аралаушы-машинист – 1984 жылы туған әйел қаза тапты. Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Алайда айып 2021 жылғы 6 мамырда ғана Петропавл ЖЭО-2 директоры лауазымына тағайындалған Е.Қоңырбаевқа тағылды. Петропавл ЖЭО-2-нің қожайыны «Севказэнерго» АҚ – Орталық-Азия электрэнергетикалық корпорациясының компаниялар тобына кіреді. Энергетика министрлігі Петропавл ЖЭО-2 апаттың бір себебі ретінде басшылық тарапынан тиісті бақылаудың болмағанын атады. Бұған қоса, жобалаудағы, бетондаудағы ақаулар, мұржаны дұрыс пайдаланбау және басқа да факторлар жиынтығы ақыр соңында оның құлауына әкеліп соқты. Ресми мәлімет бойынша, Петропавлдың №2 жылу-электр орталығының негізгі жабдықтары – 60 пайызға, қазандықтарының жекелеген агрегаттары – 73 пайызға, ал турбиналары 82 пайызға тозған. Қазандықтар әупірімдеп жұмыс істеп тұрғанға ұқсайды. Құлау мен құлдыраудың төркіні неде? Орталық-Азия Электрэнергетикалық Корпорациясы» («ОАЭК» АҚ) 2008 жылғы 8 тамызда құрылған. Ол еліміздің біраз қаласының жылу-электр жүйелеріне иелік етеді. Нағыз монополист. ОАЭК-тегі үлес келесідей бөлінген: 47,1 пайыздық үлесті – Александр Клебанов, тағы 47,1 пайызын Сергей Кан қанжығасына байлаған. Қалған мардымсыз үлес «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне тиесілі: KIF ENERGY S.A.R.L. ұйымына – 4,35 пайыз, «Baiterek Venture Fund» АҚ қорына – 1,45 пайыз. Корпорация сайтында көрсетілгендей, ОАЭК басқарма төрағасының орынбасары Игорь Ильин екен, бұл – қазіргі Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің ұлы. Мемлекетті бір жылда екі рет төтенше жағдай жариялауға мәжбүрлегені үшін олигархтардың ешқайсысы жазаға тартылмағаны, тіпті олардың ірі айыппұл төлемегені қайран қалдырады. Құзырлы органдар «қара майнерлердің» олигархтар бақылауындағы энергетикалық нысандар айналасында қанат жайғанын анықтады. Александр Клебанов – Қазақстандағы өте ауқатты адамдарының бірі, байлығы жөнінен 2021 жылы Forbes тізімінде 15-орынға орналасты. 2022 жыл басында оның дәулеті ағымдағы бағам бойынша 270 миллиард теңгеге бағаланған. Оның серіктесі Сергей Кан дәулеті жөнінен ауқаттылар тізімінде 24-орынға тұрақтады. Компанияның өз дерегінше, «ОАЭК» АҚ-ының жиынтық электр қуаты – 1 318 МВт. Бұл көрсеткіш бойынша корпорация электр қуатын генерациялайтын жекеменшік компаниялар арасында жетекші саналады. Оның жиынтық жылу қуаты – 2 981 Гкал/с. Бұл алпауыт еліміздегі жалпы ұзындығы 49,2 мың шақырымнан астам электр желісін, сондай-ақ 983,9 шақырым жылу желісін иемденген. Республикадағы 2 миллионнан астам тұтынушы соларға тәуелді. Өйткені «ОАЭК» АҚ-ның құрамына қуатпен қамтудың барлық буынын – генерациялауды, тасымалдауды және өткізуді қамтитын «Севказэнерго» АҚ және «Павлодарэнерго» АҚ кіреді. Компания Ақмола облысындағы өткізуші компанияны – «АЭҮК» АҚ-ын бақылайды. Қожайындары шалқып жүргенімен, оларға қарасты жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Екібастұз ЖЭО-сын ұстап тұруға жағдайы келмейтін болып шықты: «2022 жылғы 12 шілдеде «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС Екібастұз қаласы әкімдігіне жазбаша өтініш бағыттаған болатын. Онда «Экибастузтеплоэнерго» құрамына кіретін мүлікті – Екібастұз ЖЭО-сын және Екібастұз жылу желілерін мемлекетке сыйға тарту ретінде қабылдау мәселесін қарастыру ұсынылды. Оларды коммуналдық меншікке беру мәселесі әзірге қарастыру сатысында. Бұл қадамға ЖЭО-ны ұстап тұруға қажетті қаражаттың жетіспеуі итермелеп отыр», – делінген компания таратқан хабарламада. Экономист Денис Кривошеев «ОАЭК» қызметін заңгерлер зерттеп жатқанын мәлім етті: олардың пікірінше, тереңірек зерттеген сайын қос олигархтың көп жылғы қызметінен туындаған ең үлкен тұйық Астананың энергокешенінде қалыптасқаны айқындала түсіпті.«Оның салдары мен ауқымын таяуда сезінуіміз мүмкін. Мәселе шығынды «Астанаэнергосбыт» ЖШС туралы, кезінде одан олигархтар бақылауындағы 2 ЖШС-ға ірі тұтынушылар бөлек шығарылған. Бүгінде «ОАЭК» акционерлері «Астанаэнергосбыттан» тездетіп құтылып, әкімдікке сыйлай салуға тырысып жатыр. Табысты шығару схемасы қарапайым, қарадүрсін және Астанада ғана емес, Павлодар мен СҚО-да да қолданылады деген жорамал бар. Оған сәйкес, антимонополиялық орган реттейтін басты ұйымнан әлдебір ЖШС-лар бөлінеді. Олар формальды түрде «ОАЭК»-ке бағынбайды. Бұл ретте қалталы тұтынушылар, заңды тұлғалар соларға тапсырылады. Нәтижесінде, осы «әмиян» ЖШС-лар үнемі ақшаға толады, ал «Астанаэнергосбыт» антимонополиялық органға халық үшін тариф көтеруге кезекті рет өтініш береді», – деп бір мәселенің шетін шығарды Д.Кривошеев.Мұның қаншалықты шын екенін құзырлы органдар анықтар. Тек пәрменді шара қабылданса дұрыс. Әйтпесе, бұрын «Астанаэнергосбытқа» қатысты мәселені Парламент депутаттары да көтерген, нәтиже шығара алмады. Сала ахуалы қандай күйде? Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Марат Бейбітқазы энергетика кешендерін мемлекеттің өз қарауына алғаны жөн деген пікір білдірді.
«Республикада тариф төмен, ол қуат өндіру шығынын өтемейді. Сондықтан елдегі энергия өндірушілер басқа көздерден қосымша табыс табуға тырысады. Мысалы, мемлекеттен қомақты субсидия алады. Бизнес нысандарын электр мен жылу көздеріне қосқаны үшін заңды, заңсыз ақы алады. Электр стансаларының айналасында тіркелмеген қытайлық майнерлердің қаптап өнгенінің бір ұштығы да осыған тіреледі. Сонымен бірге компаниялар қомақты табыс табу үшін түрлі қулыққа салып, айлалы схемаларды пайдаланып, инвестициялық бағдарламаларын орындамайды, оларды қожайындарына, акционерлеріне жолдайды. Жаңғыртылуына, жөнделуіне жете мән берілмеу, қаржы салынбау кесірінен елімізде жылу жүйесінің тозуы 57 пайыздан асып кетті», – деді М.Бейбітқазы.Мысалы, «Экибастузтеплоэнерго» апат болған Екібастұз ЖЭО-сын дамытуға шамамен 1,5 млрд теңге инвестициялауға міндеттелген екен, шынында стансаға және жылу желілеріне 537 млн теңге ғана бағытталыпты. Яғни, үш еседей аз. Инвестициялық бағдарламадағы іс-шараларды жете қаржыландырмау энергетикалық жабдықтардың тез тозуына, ақаумен жұмыс істеуіне, қуат беру сенімділігінің төмендеуіне, ақырында қазандық, агрегатор, турбина және басқасының бұзылуына әкеліп соқтырып жатады. Осыған байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер Әлихан Смайыловқа еліміздің қалаларындағы мәселе жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі ол активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансаларында апат жиі болып, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз жабдықтай алмай отыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде 10 жылу-электр орталығы – мемлекеттік, тағы 5-еуі – квазимемлекеттік компаниялардың меншігінде. Қалған 22 ЖЭО-ның бәрі – жекеменшіктің қолында. Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаментінің басқарма басшысы Әлімжан Тұрардың түсіндіруінше, «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң жобасы әзірленді, ол салаға бақылауды күшейтеді. Әйтпесе, монополистер уәкілетті органға уақытында және толыққанды ақпарат беруге де міндеттелмеген болып шықты.
«Заң жобасы жылыту маусымында жылумен қауіпсіз түрде жабдықтауға көмектеседі. Өйткені мемлекеттік органдарда ақпараттың жоқтығы жылу энергиясының тапшылығын болғызбау үшін шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейді. Тиісті ақпараттың болмауы азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, жылу энергиясының тапшылығын тудырады. Тұтынушылар қажетті жылу энергиясын алмайды. Бүгінде қуат өндірушілер жабдықты жөндеуге кіріскен немесе жылу көздерін істен шығарған жағдайда меморгандарды хабардар ету бойынша талап көзделмеген. Заң осы олқылықты түзетеді. Қазір жылу энергиясының тапшылығы Астана, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Қарағанды сияқты бірқатар қалада қалыптасқан», – деді ведомство басшысы.Ресми дерек бойынша жылу энергиясы 37 ЖЭО-да (үлесі 45 пайыз), шамамен 28 ірі қазандықта (35 пайыз) және қуаты аз 900-дей шағын қазандықта өндіріледі (20 пайыз). ЖЭО негізгі жабдықтарының тозуы ел бойынша орта есеппен 55,4 пайыздан асты. Ал жылу құбырларының тозуы орта есеппен 59 пайызды құрайды. Тозудың ең жоғары деңгейі Жамбыл облысында – 89,3 пайыз. Сала жоғары апаттылық дәрежесіне жеткен: жекелеген өңірде 1 шақырым құбырға жыл сайын 10-ға дейін зақымдану, ақау, бұзылудан келеді. Еуропада бұл көрсеткіш 0,1-ден аспайды. Қынжылтатыны сол, энергетикалық кешенде айналған миллиардтаған қаржы тасқыны Forbes тізіміндегілер сапын толтыруға, әлемдегі ең қымбат қалаларда қазақстандықтардың сән-салтанатты сарайларының пайда болуына серпін берді. Бірақ сол қаржы жылу жүйелерін жаңғыртуға жетпей, салдарынан қалаларымыз қыстың көзі қырауда жылусыз қалып жатыр. Ел басшылығының саланы олигархтардан арылту саясаты жылдар бойы нашарлаған ахуалды түзетуге ықпал етсе керек.