Өткен аптада елордада «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» науқаны басталды. Зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі науқанның мақсаты мен шара аясында көтерілетін өзекті мәселелерді халыққа түсіндіруге мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, еріктілер белсенді қатысуда.
Айта кету керек, бұл шара әр жыл сайын аталып өтеді. Биыл да тұрғындар арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, гендерлік зорлық-зомбылыққа жол бермеу туралы кеңінен аталып өтіледі. Мәселен, еңбек ұжымдарында, білім беру ұйымдарында (мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары) психологтармен, медиаторлармен, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлармен кездесулер ұйымдастырылған. Сондай-ақ тәжірибелі сарапшылар отбасымен жұмыс жөніндегі мамандарға, дағдарыс орталықтарына, мектеп психологтарына, ата-аналар қауымына оқыту тренингтерін өткізеді.
Биыл 29-30 қараша күндері салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы Политехникалық және гуманитарлық колледж базасында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында студенттерге арналған семинар-тренингтер өткізсе, «Үміт» дағдарыс орталығының базасында уәкілетті мемлекеттік органдар, әкімдік жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері көрсетілетін қызметті алушылар қатарынан азаматтарды қабылдайды.
Сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті де ауқымды шара аясында бірқатар кездесу өткізіп, спорттық шараларды қолға алады. Мысалы, өткен аптаның соңында Астана қаласындағы №71 мектеп-лицейінде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқанының басталуына арналған спорттық жарыс өтті. Есіл ауданының ПБ қорғау нұсқамасы шығарылған тұлғалар есебінде тұрған адамдар арасында өткен достық кездесу тартысты болды.
Астана қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, подполковник Гүлмира Шрахметованың айтуынша, мұндай шараларды тұрақты өткізудің маңызы зор. Ал жарысты сенбі күнінде өткізілуінің де өзіндік мәні бар көрінеді. «Өйткені біз сенбі күні агрессорлармен жұмыс жүргіземіз. Сол күні олардың көбісі үйінде болады. Мысалы, осы сенбіде біз Республикалық әкелер одағының өкілі мен мешіт имамын шақыртып, агрессорлармен профилактикалық жұмыс өткіздік. Сонымен бірге қаладағы мектеп-лицейде агрессорлармен бірге волейболдан ойын ұйымдастырдық. Сол арқылы агрессор өз бойындағы теріс эмоциясы мен агрессиясын спорт залда қалдыруын мақсат тұттық. Полицейлердің ұсынысы бойынша, ойынға қатысушылар 16 күн акциясының түсі қызғылт сары киім киіп, науқанды қолдайтындықтарын көрсетті. Бұл олардың әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы екендіктерін көрсету мақсатында ұйымдастырылды», – дейді Гүлмира Шрахметова.
Сондай-ақ ол гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар тұрақты негізде өткізілетінін жеткізді. Өйткені агрессорлармен тұрақты түсіндіру жұмысын өткізу керек. Жәбірленушілерге психологиялық және құқықтық көмек қажет болса, агрессорлардың әрекетін назардан тыс қалдыруға болмайды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, биыл 10 айда отбасылардағы агрессия фактілері бойынша азаматтардан 14 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде 3500-ден астам отбасындағы жанжалқой әкімшілік жауапкершілікке тартылса, полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық жасауға бейім 7000-нан астам адамға қатысты қорғау нұсқамаларын шығарған. Ал елордадағы дағдарыс орталықтарына 319 адам жіберілсе, оның ішінде 94 әйел, 225 бала бар.
Сондықтан «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық науқанын жыл сайын ұйымдастырылады. Яғни, әр жылы 25 қарашада әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін ұйымдастырылатын акция Халықаралық күрес күнінде басталып, 10 желтоқсанда Халықаралық Адам құқықтары күнінде аяқталуының да маңызы осында.