«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы өңірлік экологиялық қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Жиынның күн тәртібінде «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» Сайлауалды бағдарламасын орындауға арналған Жол картасының кейбір тармақтарының орындалу барысы қаралды. Бұл тармақтар Өскемен қаласында санитарлық полигондар мен қоқыс өңдеу кешенін және Риддер, Шемонаиха қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау желілерін салу, сонымен қатар 2022 жылы стационарлық көздерден атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайту мәселесін қарастырады.
«Жүргізілген талдауға сәйкес, облыстың ірі кәсіпорындарында ауаны қорғау іс-шараларын іске асыру 2025 жылға қарай облыс бойынша жалпы зиянды қалдықтардың көлемін 128,1 мың тоннадан 124,1 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде, Экология департаменті атмосфераға тарайтын зиянды заттарды азайтуды қамтамасыз ету үшін шаң-газ тазарту жүйелерінің жұмысын бақылау үшін де, мемлекеттік бағдарламаларда және кәсіпорындардың экологиялық жобаларында белгіленген табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыру бойынша жұмыс жасауда», – деп атап өтті ШҚО бойынша Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.
«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы жанындағы өңірлік экологиялық кеңес мүшелері де бас қосты. Кеңес мүшелері елді мекендерді көгалдандыру, орман алқаптарын ұлғайту, сондай-ақ тұрмыстық-техникалық қалдықтарды орналастыру және қайта өңдеу жөніндегі іс-шаралардың іске асырылу барысын талқылады.