Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйытқы болуымен «Жастар есірткіге қарсы! Біз саламатты өмір салтын қолдаймыз!» атты акция ұйымдастырылды. Іс-шара «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында өтті.
500-ге тарта жас қатысқан жиында медицина мамандары есірткінің денсаулыққа, жалпы қоғамға тигізетін ауыр зардабы туралы жан-жақты ақпарат берді. Астана қалалық Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы басшысының айтуынша, қазір жастар арасында синтетикалық есірткі пайдаланатындар саны едәуір көбейген. Олар негізінен 16-30 жас аралығындағы жастар. Сонымен бірге, нашақорлыққа салынғандардан бөлек, оны таратушылардың да саны өскен. Оның алдын алу үшін қалада ай сайын ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.
– Есірткіні көп тұтыну емделмейтін ауруларға ұшыратады. Сондықтан біз жастар арасында ескірткінің зияны жайлы жиі айтамыз. Нашақорлықтың зардабын оны тұтынғандармен бірге олардың ата-анасы мен туысқандары да тартады. Сондықтан біз осы акция арқылы студенттер арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруды көздеп отырмыз. Арнайы дәрігер мамандарды шақырып, жастарға үгіт-насихат жүргізудеміз, – дейді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Қанат Хамзин.
Оның айтуынша, қазір жастардың синтетикалық есірткіге құштарлығы артқан. Мұның бірнеше себебі бар. Синтетикалық есірткіні тұтыну жай ғана қызығушылықтан басталады. Сондай-ақ оны «есірткі емес» жай ғана таблетка, одан ештеңе болмайды дейтіндер де табылады. Әрине, олардың бұл пайымы қате. Халық арасында «ауыр» және «жеңіл» деп есірткіні екіге бөліп қарастыратындар да бар. Жастар интернет арқылы есірткі жарнамалайтын және сататын ресурстарды оңай тауып алады. «Интернет-дүкендерді» негізі Telegram мобильді қосымшасы арқылы құрылады, оларды кез келген смартфонға жүктеуге болады. Көп жағдайда жастарға есірткі жарнамасын таратушы немесе курьер қызметі ұсынылады. Алайда бұл әрекеттері үшін кім-кімнің де жауапкершілікке тартылатынын ұмытпау керек. Мұндай әрекетке барғандар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Мамандар жастардың есірткіге көп елітуіне синтетикалық есірткілердің бағасының қолжетімді болуы да себеп екенін алға тартады.
– Нашақорлықтың алдын алу мәселесін ашық талқылап, саламатты өмір салтын ұстануды насихаттау – негізгі міндетіміз. Жастарға психобелсенді заттар мен электронды темекінің және есірткінің адам өміріне залал-зардабын түсіндірдік. Бүгінде есірткіні тұтынатын жастардан, есірткіні сатумен айналысатын жастардың саны көбейіп келеді. Олар ақша табу үшін осындай жолға түседі. Бірақ олар өз қателіктері үшін заң алдында жауап береді. Жиында осы мәселелер жайында ашық айтып, бейнероликтер көрсеттік, – дейді Қанат Хамзин.
Айта кету керек, 2020 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа баптарға сәйкес есірткіні жарнамалағандар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер осы қылмыс топпен, бірнеше рет, білім беру ұйымдарында немесе адам көп жиналатын орындарда, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электрондық ақпарат ресурстарын пайдаланып, қызметтік жағдайын пайдаланып жасалса, онда 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді. Іс-шара аясында, «ЖасТолқын» ЖДО қызметкерлерінің күшімен, фойеде «Денсаулық бұрышы» ұйымдастырылды. Онда барлық ниет білдірушілерді уролог, психолог, гинеколог мамандар, полиция департаментінің инспекторы қабылдап, кеңес берді. Сондай-ақ, қантқа, СПИД-ке жедел тест тапсырып, масса индексін білуге болады.
– Жастар өздерін мазалайтын сауалдарды арнайы дәрігер мамандардан білуге көп жағдайда ыңғайсызданады. Соның салдарынан олар СПИД инфекциясын жұқтырып алуы мүмкін. Біз студенттердің әртүрлі сұрақтарына жауап беріп жатырмыз. Қазір жоғары оқу орындарында есірткімен күрес ең басты тақырыптардың бірі,– дейді №3 қалалық емхананың гинеколог дәрігері Динара Түсіпбекова.
Акция интерактивті әңгіме форматында өтті. Тәуелділіктің бұл түрінен жастарды айықтыру – ұзақ процесті алатын психологиялық жұмыс. Бұл тақырыпта Restart республикалық жобасының үйлестірушісі Диар Ыдырыс-Белбайлы сөз етті. СПИД орталығының маманы Ажар Тұрымова ғасыр індетіне баланған СПИД-ті жұқтырып, өмірі үзіліп жатқандар туралы айтып, одан сақтану жолдары туралы баяндады. Жастар саясаты басқармасының мектеп және студент жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бағдат Атымтай «Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Сергей Ильинов синтетикалық заттарды сату, жарнамалау және тәркілеу фактісін ашуға бағытталған шаралар туралы айтты.
– Үйдегі тәрбиеге осылардың барлығын байланыстыра отырып, біз нашақорлықпен тікелей күресе аламыз. Осының алдын алу үшін үлкендер оның ең зиянды жақтарын көрсете білуі керек. Сол кезде жастар есірткіге қарсы күреседі. Қазірде көптеген ұйым нашақорлыққа қарсы насихат жүргізіп жатыр. Осы жұмыстар жалғасын тапса, болашақта нашақорлық жоқ болады деген ойдамын, – дейді студент Ақниет Қасқырбаева.
Сонымен қатар, бұл күні Өнер мектебінің жас гимнасттары Анна Алябьева өз шеберліктерін көрсетсе, фитнес жаттықтырушы музыкалық фитнес жаттығуларын өткізді.