Ғылым мен қоғам қатар дамуы керек – Күнсұлу Зәкәрия
Ғылым мен қоғам қатар дамуы керек – Күнсұлу Зәкәрия
595
оқылды
Еліміздің ғылым саласы жаңа бір дәуір қарсаңында тұр. Со­ның ішінде биофарминдустрия саласы жаңаша дамымақ. Бұл туралы таяуда «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қо­ғамдық кеңесте белгілі ғалым, QazVac вакцинасының авторы, «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ бас директоры Күнсұлу Зәкәрия айтып берді. Өз баяндамасында ол осы уақытқа дейін ғы­лым саласына бөлінген қаржының нәтижесі мардымсыз еке­ніне назар аударды. Осы ретте белгілі ғалымды біз де әңгімеге тартқан едік. – Күнсұлу Дальтонқызы, сіздің ғы­лымда ғана емес, қоғамдық жұ­мыстарда да белсенді екеніңізді бай­қап жүрміз. «AMANAT» партиясында Қоғамдық кеңестің мүшесісіз. Ен­деше ғылым мен қоғамды қалай бай­ла­ныстыра алып жүрсіз? – Негізі, ғылым мен қоғамның да­муы үшін оларды бір-бірінен бө­лек алып қарастыруға болмайды. Сондықтан да Қазақстан өзінің ен­дігі дамуында осындағы симбиоздың мүмкіндіктерін кеңірек пайдалануы керек. Бұл туралы Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де сайлауалды бағдарламасында айтып отыр. Еліміз жаңа тарихи белеске қадам басты деп атап өткен ол: «Мем­­лекет базалық өндірістен күр­делі өндіріске көшу үшін және жоғары технологиялық тауарлар шы­ғару үшін технологиялық плац­дарм қалыптастыратын болады. Бұл мақсатта ғылым саласы жаңа техно­логиялық өндіріске бет бұрмақ. Бұл еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек. Біздің ғалымда­ры­мыздың қарым-қабілеті практи­калық міндеттерді шешуге бағыт­тал­мақ. Бұл жұмыстар мемлекет, ғылым және бизнестің тығыз кооперациясы арқылы жүзеге аспақ» деген бола­тын. Менің де ендігі негізгі жоспа­рым Президентіміздің сайлауалды бағдарламасы аясында қарқынды ғылыми-зерттеу жұмыстарымды жан­­дандыра түсу болғалы тұр. Ғы­лым туралы жаңа заңның қабыл­дануына атсалысу. Президентіміздің тапсырмасын бұлжытпай орындау. «AMANAT» партиясы жанын­дағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі респуб­ликалық қоғамдық кеңеске осы жылдың басында мүшелікке өттім. Онда өзекті мәселелер жиі көтеріліп тұрады. Әсіресе, соңғы уақытта жұмысы қарқын алып келеді. Со­нысын жоғары бағалаймын. Жалпы, бұрынғы тәртіптен мүлдем басқа, мәселелерді шешу жолдарын нақты қарастырылған бағытта жұмыс істей бастады. Кеңестің соңғы отыры­сын­да «Биологиялық қауіпсіздікті қам­тамасыз етудегі ғылымның жетіс­тіктері мен проблемалары» тақыры­бында баяндама жасадым. – Иә, ендігі әңгімеміздің ауаны осы жиында айтылған мәселелер жайында өрбитін болады. Таяуда өзіңіз жаңа Ұлттық холдингтің бас­шылығына тағайындалдыңыз. Бұл бір өзгеріс­тердің басы деп тануға болады. Осы жағдайлар туралы айтып беріңізші? – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғалымдарға қолдау көрсетіп, ғылымды дамытуға жан-жақты жағдай жасау туралы тап­сырма берген болатын. Ол тап­сырмасы бүгінде жан-жақты орын­далып жатыр. Оған айғақ, елімізде биофарминдустрия саласындағы ғылыми-өндірістік әлеуетті арттыра түсу мақсатында былтыр QazBioPharm ұлттық холдингі құрылып, оның құрамына 8 ғылыми-өндірістік ұйым қосылды. Оның басшылығына мені тағайындады. Маған сенім артып, отандық ғылымды дамытуға міндет жүктегені үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымды білдіремін. Өздеріңіз білетіндей, жаңадан қауіп-қатерлердің пайда болуына бай­ланысты биологиялық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету мәселелері соңғы жылдары өзекті болып келеді. Соның ішінде адамзат баласына шын қауіп төндіріп отырған жаңа аса қауіпті аурулар түрі тұрақты түр­де қайта-қайта бой көрсетуде. Бү­гін­де­ холдинг биологиялық қауіп­сіздік саласында маңызды міндеттерді шешуді жүзеге асыруда. Соңғы үш айдың ішінде QazBioPharm холдингі соңғы 30 жылда жасалған отандық ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы 45 мың есептің талдауын жасап шы­ғарды. Олардың ішінде 500-ден астам ғылыми жоба адам мен жа­нуар­лардың аса қауіпті инфекция­ларын зерттеуге арналған. Зерт­теулердің нәтижелілігі мен тиім­ділігін бағалау үшін, сондай-ақ өн­діріске енгізуге дайын өзекті өнім­дерді анықтау мақсатында мә­ліметтерді талдау Мемлекеттік ғы­лыми-техникалық сараптаманың ұлттық орталығы (МҒТСҰО) база­сы­ның ақпараттарын қолдана оты­рып жүргізілді. Қазақстанның Ғылымды да­мытудың 2022-2026 жылдарға ар­налған тұжырымдамасына сәйкес, 2020-2021 жылдары ғылыми зерттеу­лерді жүргізуге 15 конкурс өткізілді. Жобалардың саны мен ғылыми-зерт­теу қызметін мемлекеттік қар­жыландыру көлемі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 1991-2000 жылдары Қазақстанда салалық ми­нистрліктер желісі бойынша адам­дардың аса қауіпті инфекцияларын зерттеу бойынша 39 жоба жүзеге асқан болса, 2001 жылдан 2010 жыл­ға дейін – 47 және 2011-2021 жылдар аралығында 86 жоба орындалды. Ал жануарлардың аса қауіпті инфек­циясы бойынша аталған кезеңдерде сәйкесінше 34, 139 және 162 жоба мен бағдарлама жүргізілді. – Осы талдау нәтижесінде қандай шешімге келгеніңізді кеңесте айт­тыңыз. Ендеше біздің оқырман­дары­мыз үшін де қайталап айтып берсеңіз... – Жалпы алғанда, соңғы 30 жылда Қазақстанда адамдардың аса қауіпті инфекцияларын зерттеу бойынша 172 ғылыми жоба мен ҒТП жүзеге асқан. Бірақ осы жо­балардың ішінен өндіріске дайын өнім ретінде тек 4 вакцинаны ғана тіркеуден өткізу мүмкін болды. Соған қара­мастан мемлекет қар­жыландыратын жобалардың қатары арта түспесе, кемімеген. Бірақ, өкінішке қарай ол жүз есе аз нәтиже беріп отыр. Мәселен, 1991 жылдан бері күні бүгінге дейін елімізде түрлі ұйым малдың бруцеллез ауруы бойынша 77 ғылыми жобаны жүзеге асырған. Ал 1994 жылдан күні бүгінге дейін мүйізді ірі қара малдың арасында тез тарап, жедел асқынатын аусыл ауруы бойынша 17 ғылыми жоба жасалған. Бірақ осы жүргізілген қарайған жұ­мысқа, олармен күреске қарсы жұм­салған қыруар мемлекеттік қаржыға қарамастан Қазақстанда аты аталып отырған ауруларға қарсы отандық препараттар жоқ. Мұндай мысал­дарды көптеп келтіруге болады. Бұл осы конкурстарды өткізуші мемле­кетік органдардың арасында жүйе­ліліктің және өзара ынтымақтас­тық­тың жоғын көрсетеді. Ал ең бас­тысы, ел экономикасына пай­далы түпкілікті нәтижеге қол жет­кізуге деген талаптың және қада­ғалау­дың жоқ екенін білдіреді. – Былтыр Жамбыл облысында ашылған жаңа зауыт осы тығырықтан шығудың бір жолы ма? – Бүгінде ғылыми әзірлемелерді енгізудің мәселесі стандарттарға сәйкес келетін өндірістік желілердің жо­ғы болып отыр. Осыған бай­ланысты Президенттің Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамта­масыз ету мақсатында берген тап­сырмасына сәйкес биофарма­цев­тикалық OtarBioPharm зауыттың құрылысы салынып, пайдалануға берілген болатын. Ол – Қазақ­стан­дағы аса қауіпті инфекциялық ауру­ларға қарсы иммунобиологиялық препараттарды (вакциналарды) шығару бойынша толық циклға ие және GMP стандартына ие сәйкес келетін ең алғашқы зауыт. 2022 жыл­дың қараша айындағы мәлімет бо­йын­ша бұл өндіріс орнынан 6 мил­лион доза QazVac вакцинасы шы­ғарылды. Таяу болашақта зауыт­тан иммунобиологиялық препарат­тар­дың 10-нан астам түрін шығару жос­парланып отыр. Одан бөлек, ұсы­ныстарды қарап, өзге вакцина өндірушілерінің де контрактілік өндіріс қызметін көрсетуге әзір. Бүгінде біздің холдингке қарасты кәсіпорындар денсаулық сақтау саласына арналған вакцинаның 2 түрін, ветеринарияға арналған вак­циналардың 6 түрін, диагностикалық заттардың 43 түрін және ветеринария мен денсаулық сақтау саласына ар­налған 6 бактериофагов шығарады. Алдағы уақытта мемлекет пен қо­ғам­ның биофармацевтикалық өнім­дерге қажеттілігін қамтамасыз ете түсу үшін біздің холдинг шығаратын өнімдердің саны мен көлемін кеңейте түсуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін түрлі ғылыми ауқымы кең өнімдерді дайындау бойынша сы­нақтан өткен ғылыми әзірлеме­ле­ріміз бар. Олардың көпшілігі патент­телген және өндіріске енгізуге дайын. Жалпы алғанда, холдингтің жұмысы Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткендей, жаңа технологиялық өндіріске бағыт алатын болады. – Осы айтылғандардың негізінде, қандай шешу жолдарын ұсынар едіңіз? – Қалыптасып отырған ахуалға жүргізілген сараптама қорытындысы еліміздегі ғылым саласы терең мо­дернизацияны қатты қажет етіп отыр­ғанын көрсетіп отыр. Осыған бай­ланысты біздің холдинг оның келесідей шешу жолдарын ұсынады. Біріншіден, биологиялық, эколо­гиялық және азық-түлік қауіпсізігі саласында ЖОО-лар мен бизнес өкіл­дерінің қатысуымен ведомство­аралық ғылыми кластер құру қажет. Ғылыми мақсаттағы құрал-жабдық­тарды тиімді пайдалану үшін инсти­тут­тар мен университеттердің ма­териалдық-техникалық жарақтан­дырылуын біртұтас базаға біріктіру керек. Өйткені бір жағынан алып қа­расақ, ғылыми мекемелерде қон­дырғылар мен жабдықтардың бірдей түрлері жиі кездеседі, екінші жағы­нан, тек тар шеңбердегі міндеттерді шешуге арнап кішігірім ғана зерттеу жобалары үшін алынған құрал-жабдықтардың бос тұратын кездері аз емес. Кадрлық әлеуетті нығайта түсу мақсатында ғылыми кластердің қатысушылары арасында тәжірибе алмасу шараларын ұйымдастыру қажет. Осылай жасасақ, ғылыми ұйым­дардың өзара ынтымақтастығы беки түседі. Екіншіден, Қазақ­стан­ның «Ғылым және технологиялық сая­сат туралы» заңы қабылдануы тиіс. – Әңгімеңізге рақмет!