Демографиялық өсім: Күнгей мен көлеңке
Демографиялық өсім: Күнгей мен көлеңке
913
оқылды
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл қаңтар-сәуірдегі халықтың табиғи өсімі былтыр осы кезеңмен салыстырғанда 9,8 пайызға азайған. Ал кейінгі онжылдықта демографиялық өсім бұдан да бәсеңдеуі мүмкін. Өйткені бұрын алғашқы баласын дүниеге әкелетіндердің орташа жасы 20-21-ді құраса, қазір алғашқы неке қидыру жасы 25-тен асып отыр. Оған сәйкес, екінші баласын дүниеге әкелетіндердің орташа жасы 40-қа дейін ұлғайған. Отбасын құру мен ұрпақ көбейту жоспарын кейінге қалдыру үрдісі алдағы онжылдықта елдегі демографиялық өсімге қаншалықты әсер етуі мүмкін? Төмендеу тренді ұзаққа созылмайды Бәтжан Бәтжан АҚМОЛДИНА,  демограф: – Келесі он­жыл­­дыққа туу ту­ра­лы болжам­дар­ды қарас­тыр­мас бұрын демог­ра­фия­лық өсімге әсер ететін үш не­гіз­гі себепті атап өту­ге болады. Біріншісі – белсенді туу жасындағы ана­­лар мен әкелердің саны азая бас­тай­ды. Мысалы, 1998, 1999 жылдардағы қиын эко­номикалық дағдарыс кезеңінде ба­ланың ең аз туу саны белгіленген. Сол ең аз туған жылғы балалардың жасы қа­зір 23-25-те. Олардың саны оның ал­дың­ғы жылдармен салыстырғанда аздау. Сон­дықтан алдағы уақытта туу да азая­ды. Екінші – Қазақстанда некені қию жа­сы ұлғайып келеді. Соған байланысты бірін­ші баланы туу жасы да ұлғаяды. Бұрын реп­ро­дук­тивті жастардың туу бел­сенділігі бұрын 21-22 жаста кірсе, қа­зір 24-25 жастан асып кіруі мүмкін. Ол да әсерін тигізеді. Үшінші – экономикалық жағдай. 1999 жыл­ғы бала туу санының аз болуына эко­номикалық дағдарыс әсерін тигізді. Сол се­кілді қазіргі экономикалық дағ­дарыс­қа байланысты бұрынғы жағдай еп­теп қай­талануы мүмкін. Қазір де ин­фля­ция жо­ғары, халықтың хал-ауқаты төмен­деп, нақ­ты табысы азайып жатыр. Осыған бай­ланысты отбасылардың екінші, үшінші не­месе кейінгі баланы сүю жоспары кейінге қалдырылуы мүм­кін. «Заман жақсарғанша, эко­номи­ка­лық жағдай тұрақтанғанша» деп пер­зен­тіне жарық дүние сыйлауды кейінге ше­­­­геретіндер де көбейеді. Айталық, қа­зір үй­ленгеннен кейін көбі көп ұзамай ба­лалы бо­лады. Екінші баланы да ара­сында 1,5 жыл, не болмаса 3 жыл салып жос­парлайды. Ал үшінші баланы туу ол от­басыларда да экономикалық және әр­түрлі әлеуметтік төлемге байланысты кейін­ге қалдырылады. Егер 1980 жылғылар кейінге қалдыр­ған тууын әлі де белсенді жалғастыратын бол­са, демографиялық өсім осы қал­пын­да тұрақтап қалуы мүмкін. Дегенмен ал­дың­ғы атап кеткен үш фактор бәрібір бе­бибумға әсер етсе, туу саны төмендеуі мүм­кін. Бірақ төмендеу тренді ұзаққа со­зылмайды. Өйткені 1999 жылдан кейін туу көрсеткіші өсе бастады. Мысалы, 2006-2020 жылдарда демографиялық өсім байқалды. Сол себепті туу көр­сет­кіші белгілі бір уақытта баяулап, 5-6 жы­л­дан кейін қайта көтерілуі мүмкін. Бі­рак экономикалық тұрақтылық орна­ғанда ғана туу көрсеткіші өсуі ықтимал. Статистикалық кестеге қарасақ, 80-жыл­дағы бебибумның нәтижесі 35-40 жастағы әйелдердің үлесіне тиеді. Сон­дықтан 2019-2021-жылдардағы туу көр­сеткішінің өсуіне де осы жастағылар әжеп­тәуір әсер еткен. Бірақ 40-тан ары қа­рай олар да туу санын азайтады. Өйт­кені репродуктивті денсаулық мүм­кін­діктері азаяды. Сондықтан туу саны 5-6 жылда тұрақты болуы мүмкін. Тағы бір айта кетерім, қазір репродуктивті тәртіп те өзгеріп келе жатыр. Мысалы, 80-жыл­ғы­лардың өздері көпбалалы отбасынан шыққандар немесе демографияның өсуіне ықпал еткен адамдардың көбі әлгінде айтқан қалаға көшіп келген әке-ше­шелердің екінші буыны. Ауылда туып, қалада өскендер – репродуктивті кө­балалыққа бейім буын. Қазіргі жас­тардың репродуктивті тәртібі өзгерді. Олар қалалық өмір сүру салтына қарай аз бала жоспарлайды. Бұл туу санының азаюы­на әкелуі мүмкін. Көпбалалық үрдіс сақталып келеді Шынар Шынар ПАЗЫЛБЕК­ҚЫЗЫ, демограф: – Неке жасы­ның өсуін тууға ке­рі әсер ететін фак­­тор деп қара­сақ, әрине неке жа­сы Қазақ­стан­да да өсті. Елі­міз­де бірінші некеге тұрудың орташа жа­сы соңғы он­жыл­­дықта ер адамдарда 26,9 жастан 27,9 жас­қа, әйелдерде 24,3 жастан 25,2 жасқа дейін артқан. Бірақ бұл процесс, бірін­ші­ден тууға әсер ететіндей қарқынды емес. Екіншіден, әлі де елімізде көпба­ла­лы болу үрдісі сақталып келеді. Тіпті, соң­ғы бесжылдықта төртінші баланың үле­сі 11,3 пайыздан 16,6 пайызға өскен. Ал бесінші және одан жоғары балалардың үле­сі 7,2 пайыздан 11,4 пайызға өскен. Сон­дықтан алдағы онжылдықта Қазақ­станда айтарлықтай кері демографиялық өз­герістер болады деп айту қиын. Гендерлік теңдік бебибумға әсер етеді Аяулым Аяулым САҒЫМБАЕВА,  демограф: – Елдегі туу көр­сеткішіне әсер ететін бір­не­ше себепті атап өту­ге болады. Оның ішінде ха­лықтың жыныс­тық құрамы, қартаю процесінің болуы мен қоғамдағы отбасылық құнды­лық­тардың құлдырауы, өзіндік иденти­фи­кациялау маркерлерінің жоғарылауы секілді дүниелер бар. Сайып келгенде туу көрсеткішіне урбанизация үдерісінің те­ріс ықпалы болатыны анық. Сон­дық­тан алдағы онжылдықта елдегі де­мог­рафиялық өсім азаюы да әбден мүмкін. Өйткені соңғы жылдары елдегі алғашқы неке қидыру жасы ұлғайып бара жатыр. Екінші жағынан елдегі ажырасу саны да артып отыр. Бұдан бөлек, туу белсенділігі жоғары жастар арасында білім ізденіп, ман­саптық жоғарылауды алдыңғы ке­зекке қою белең алып кетті. Оның үсті­не, елдегі гендерлік теңдіктің салдары туу көрсеткішіне де теріс әсер етіп жа­тыр. Сондай-ақ елдегі әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайдың да репродуктивті жас­тағы ата-аналардың бала жоспар­лауына ықпал етуде. Яғни, репродуктивті көзқарастар мен дәстүрлердің әсері де бел­гілі бір деңгейде туу көрсеткішін те­жеуі мүмкін. Соңғы жылдардағы табиғи өсімнің артуындағы бірден-бір себеп ішкі көші-қон­ның әсерінен болды. Мысалы, қа­зіргі көпбалалы отбасылардағы ата-ана­лардың дені ауылда туып, кейінгі жыл­дары қалаға көшіп келгендер. Олардың басым көпшілігі әлі де «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген түсініктегі адамдар. Бірақ кейінгі жыл­дары ауылдан қалаға көшіп жатқан­дардың көптігін ескерсек, олардан туған балалардың ойлау қабілеті мен таным-түсінігі өзгеріске ұшырады. Өйткені қазіргі адамдар нарықтық экономикалық жағдайды алдымен есепке алады. Бұдан басқа, қазіргі жастардың отбасылық құн­дылық туралы таным-түсінігі де өзгерді. Ол ғана емес, демографиялық жағ­дайдың өзгеріске ұшырауына елдегі жаңа туған балалар арасындағы түрлі пато­логиялық аурудың артуы мен өлім-жітім­нің өсуі де өз әсерін тигізеді.