Пәтерлерді төмен бағамен "жалға берген" алаяқ ұсталды
Пәтерлерді төмен бағамен "жалға берген" алаяқ ұсталды
© polisia.kz
228
оқылды
Алматы облысында алаяқтықпен айналысқан үй шаруасындағы әйел Теміртау қаласынан ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Соңғы үш ай ішінде Талдықорған қаласының полициясына бес жергілікті тұрғын белгісіз әйел тарапынан жасалған алаяқтық туралы арызданған. Олардың айтуы бойынша, әйел пәтерлерді төмен бағамен жалға беру туралы хабарландыру арқылы олардан алдын ала төлем алып, байланысқа шықпаған. «Жедел уәкілдер жиналған ақпаратты талдап, Қарағанды облысының Теміртау қаласынан хабарландыру беріп, азаматтардан ақша аударымын алған 28 жастағы күдіктіні ұстады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында заңға қарсы іс-әрекеттер жасаған әйелдің үшінші күйеуімен бірге тұратындығы, ең кішісі нәрестесіне небәрі екі ай болғандығы, қалған екі баласының 5 және 7 жаста екендігі анықталды. Күдікті интернетте жоғалған жеке куәліктер мен жүргізуші куәліктері туралы хабарландыруларды тауып, көшірмелерін жасап, азаматтардың сеніміне кіру үшін оларды өзінікі ретінде жіберген. Ол басқа қаладан келе жатқандығын сылтау етіп, алдын ала төлемді ұялы телефон арқылы жіберулерін сұраған», – деп хабарлайды Талдықорған ҚПБ-ның Батыс қалалық полиция бөлімінің бастығы Айдын Аденбаев. ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы «Бірнеше рет жасалған алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Азаматтарды пәтер иесінің жеке басын және оның меншік құқығын растайтын құжаттардың бар-жоғына көз жеткізбей, қандайда бір ақша аударымын жасамауға шақырамын»,-деп толықтырды Айдын Аденбаев.