Алматыда оқушылар арасындағы шешендік өнер сайысы өтті
Алматыда оқушылар арасындағы шешендік өнер сайысы өтті
Шешендік өнер – халқымыздың баға жетпес бай рухани мұрасы. Ғасырлар бойы қалыптасып, бүгінге жеткен қасиетті қазынасы. Осы қазынамызды қазіргі және келер ұрпаққа насихаттау мен аманаттау мақсатында Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектепте IV республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтті. Оған еліміздің 15 облысы мен 3 республикалық қаласынан іріктелген 28 оқушы қатысып сөз сайысына түсті. Шешендік байқау 2 бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлім жекпе-жек түріндегі шешендік сайыс. Қатысушылар жеребе арқылы тақырып таңдап жарты сағаттық жекпе-жек түріндегі шешендік сайысқа түсті. Онда көркемдік, жүйелілік, нақтылық, ой ұшқырлығы, тіл тазалығы, дауыс мәнері, сахна мәдениетін сақтауы, т,б сарапқа салынды. Ал 2-бөлімде қатысушылар алдын ала берілген би-шешендердің сөзін жатқа айтудан бақ сынады. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен және алғыс хаттармен марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдеге лайық деп танылған Абай атындағы РММИ оқушысы Несіпбай Шамил 100 000 тг, 1-орын иеленген Астана қаласы, желілік Абай мектебінің оқушысы Арғынбаева Ұлпан – 70 000тг, 2-орынды қанжығаларына байлаған (екеу) Абай атындағы РММИ Қайып Айдана мен Абай облысынан келген талапкер Тұрсынова Нұрайым – 50 000тг, 3-орын (үшеу) Қапсемет Бөрте (Абай облысы), Әбілқайырқызы Іңкәр (Жетісу облысы), Хайдаров Амирхан (БҚО, желілік Абай мектебі), Анаркулова Асем (Шымкент қаласы, желілік Абай мектебі) 30 000 теңгеден сыйақы жеңіп алды. Сондай-ақ бес қатысушы 20 мың теңгелік арнайы жүлде иегері атанды.
«Шешендік сайысты өткізудің басты мақсаты: жаңа буын, жас ұрпақты тіл тазалығын сақтауға, мемлекеттік тілді мейлінше жетік білуге ықпал ету, шешендік өнер арқылы білімгерге сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгерту, жүйелі сөйлеу дағдысы мен сөйлеу шеберлігін шыңдау, сөз құндылығын бағалауға, тарихи-мәдени және ұлттық болмысын тануға бағыттау, этномәдени тәрбие беруге, сол арқылы әдеби тіл нормасына сәйкес мемлекеттік тілді қолданудың жаңа деңгейін қалыптастыру», – дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, аталған байқауға үшінші жыл қатарынан "Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры" демеушілік жасап келеді. Жоба авторы, журналист, шешендік сөз өнері пәнінің мұғалімі Жарқын Сәленұлы.