Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды Америка Құрама Штаттары қолдайды. Бұл туралы Вашингтонда АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс мәлімдеді, – деп хабарлады Хабар24.
Нед Прайстың айтуынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен тілдескен Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен қазақ елінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын одан әрі қолдайтынын білдірген.
Жалпы екі ел байланысы жыл сайын тереңдеп келеді. Бұған дейін Мемлекеттік хатшының көмекшісі Дональд Лу Қазақстанға келіп қайтқан болатын. Бұл оның биыл елімізге жасаған екінші сапары болып отыр.
«Каспий саяси орталығының» жазуынша, әлемдегі қазіргі жағдайларға байланысты Вашингтонның Орталық Азияға көңіл бөлуі байқалады. Оны Мемлекеттік хатшының көмекшісі Дональд Лу да растаған.
«Вашингтонның аймаққа деген қызығушылығы артып келеді. Орталық Азиядағы серіктестеріміз тарапынан да ынтымақтастыққа деген үлкен құлшыныс бар. Бұл үлкен өзгерістерге ұшырап жатқан әлемнің стратегиялық маңызды бөлігі. Біз аймақ үшін АҚШ-тың сенімді серіктес екенін көрсеткіміз келеді. Әсіресе осындай күрделі жағдайда. Мұнай, азық-түлік бағасы өсіп, халықаралық нарыққа тауарларды экспорттау қиындаған сәтте көрсетуміз керек» – деп атап өтті Дональд Лу.