Партия филиалы жанындағы кеңес Денсаулық сақтау басқармасының мәселесін қарады
Партия филиалы жанындағы кеңес Денсаулық сақтау басқармасының мәселесін қарады
281
оқылды
«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа аталған кеңестің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымов, партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев пен кеңес мүшелері қатысты. Бүгінгі жиынның күн тәртібінде Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жұмысы қаралды. Оның ішінде бүгінгі қоғамда өршіп тұрған жемқорлыққа қарсы күрес мәселесінің аталған басқармада қаншалықты дәрежеде орындалып жатқаны туралы сөз болды. Басқарманың соңғы уақыттағы жұмысына қатысты баяндама жасаған арнайы жұмыс тобының мүшесі Гүлмира Әбдікәрімова денсаулыққа жауапты мекемеде орын алған біраз кемшілікті тізіп шықты.
«Біз қалалық Денсаулық сақтау бсқармасының жемқорлыққа қарсы жүргізген іс-қимыл әрекеттерін зерделеу барысында бірқатар кемшіліктерді байқадық. Соның бірі ретінде басқарма мен оған бағынышты медициналық ұйымдардағы бақылау кеңестерінің жұмысына қатысты. Біздің байқағанымыздай, ол мекемелерде аталған кеңес формальды түрде жұмыс атқарған. Кеңес мүшелері медициналық ұйымның жұмысына немқұрайлы қараған деп айта аламыз. Біздің ойымызша, осы бақылау кеңестері ыждаһаттылықпен өздерінің мүмкіндіктерін толық пайдаланып жұмыс істеген болса кез келген жағдайда жемқорлықтың алдын алуға болады. Өкінішке орай, жоғарыда айтқанымдай жұмыс формальды түрде жүргізілуінің нәтижесінде көптеген заңбұзушылықтар орын алған», – деді баяндамашы Г. Әбдікәрімова.
Сонымен қатар спикер аталған басқарманың жұмысынан күнделікті ақпарат беріп отыруы тиіс сайт жұмыстарында да кемшіліктер табылғанын атап өтті.
«Біздің жұмыс тобы мүшелері медициналық ұйымдардың сайттарындағы ақпараттарға да назар аударды. Оның көпшілігінде ескі ақпараттар орналастырылған. Сонымен қатар мемлкеттік тіл – қазақ тіліндегі ақпараттардың үлесі орыс тіліндегі мәліметтерге қарағанда әлдеқайда аз екенін көрдік. Бұл мәселеде өз кезегінде басқарма басшылығы тарапынан қадағалау мен талап етудің төмен болғандығынан деп ойлаймыз» , –деді жұмыс тобының мүшесі.
Кеңес мүшелерінің алдына келген Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков өзі басқаратын ведомствоға қатысты айтылған сын-пікірлерге жауап берді. Негізгі баяндамадан соң кеңес мүшелері қаланың денсаулығына жауапты мекеменің басшысына қала тұрғындарының денсаулығы мен оларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына қатысты сұрақтарын қойды. Барлық қойылған сұрақтарға басқарма басшысы жауап берді. Отырысты қорытындылаған «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымов Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісіне бүгінгі жиында айтылған кемшіліктерді уақыт созбай түзетуді тапсырды. Өз кезегінде басқарма басшысы барлық айтылған сын-ескертпелер назарға алынғанын айтып, оларды тез арада қалпына келтіретінін жеткізді.