ЖЭО-дағы апаттар: Сенаторлар энергетика саласын реформалауды талап етті
ЖЭО-дағы апаттар: Сенаторлар энергетика саласын реформалауды талап етті
260
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындау мәселесін қарап, күн тәртібіне шығарылған заңдарды қабылдады. Сондай-ақ олар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Нақты айтқанда, сенаторлар Рашит Ахметовті, Нұрлан Нұржановты және Расул Рахимовті Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшелері қызметіне тағайындауды қолдап, дауыс берді. Сенат Төрағасы өз сөзінде Мемлекет басшысы конституциялық реформаларды іске асыру аясында жақында Жоғары аудиторлық палатаның ережесін бекіткенін атап өтті. Отырыс барысында депутаттар «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне геодезия, картография және кеңістіктік деректер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, қабылдады. Бұл заңдарда кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымын құру және дамыту туралы нормалар бар. Аталған платформа деректердің цифрлық форматта қолжетімділігін қамтамасыз етуді және олардың тиімділігін арттыруды көздейді. Сондай-ақ заңдар оларды жаңартып отыруға және қолдауға бағытталған. Ол үшін заңдағы нормалар осы деректерді жаңарту жиілігін реттейді. Бұдан басқа, заңда жер қатынастары, сәулет, құрылыс, табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау, геология, тұрғын үй-коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларында халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мәселелері қамтылған.
«Жаңа нормалар кеңістіктік деректер, геодезия және картография саласындағы қызметтің жетілдірілген тетіктерін енгізеді. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру және қолдану үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл инфрақұрылым тұтынушылардың электронды деректерге қол жетімділігін және оларды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта толық және анық кеңістіктік деректер мен геодезия және картография жүйелері ақпаратты жедел өңдеуге, экономика салаларында және мемлекеттік басқаруда ұтымды шешімдер қабылдауға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Алтынбек Нұхұлы Петропавл, Риддер, Екібастұз және Степногор қалаларындағы жылу электр орталықтарында болған апаттарға байланысты туындаған проблемаларға назар аударып, «Өңір» депутаттық тобының мүшелері атынан сауал жолдады. Сауалда елімізде энергетика саласын кешенді реформалауға және жылу энергиясын өндіру, беру, жабдықтау мәселелерін шешуге қатысты бірқатар жүйелі ұсыныстар айтылды. Дана Нұржігіт елдегі әскери қызметшілердің өз-өзіне қол жұмсау проблемасын көтеріп, әскерге шақырылушылардың денсаулық жағдайын сақтау және бақылау жөніндегі жұмысты күшейтуді ұсынды. Сенатор әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру мәселесін де тілге тиек етті. Ләззат Сүлеймен туындаған проблемалары толыққанды жұмыс істеуіне кедергі келтіретін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қазіргі моделіне алаңдаушылық білдірді. Жанболат Жөргенбаев Қонаев қаласындағы тазарту нысандарын жөндеу үшін жедел қаражат бөлудің маңызды екенін айтты. Бүгінде мұндай нысандардың жағдайы көңіл көншітпейді. Соның салдарынан өңір тұрғындары үшін ауыз су көзі саналатын Қапшағай су қоймасына сарқынды су қосылуы мүмкін.