Қазақ жері шөлге айнала ма?
Қазақ жері шөлге айнала ма?
Сурет интернеттен алынды
257
оқылды
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Келіс Жайлыбай "40-50 жылдан соң жеріміз шөлге айналып, еліміздің басым бөлігі қуаңшылыққа ұшырайды" деп мәлімдеген болатын. Шынымен, соңғы жылдары ғаламдық жылыну көрсеткіші айтарлықтай артты. Бұл ғылым да және қоғамдық пікір де дәлелденген факт. Мәселен, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары аумағында жаз айларында термометр бағамы 38-50 градус ыстықты ұстап тұр. Мұндай қолайсыз аптап бұрын-соңды тіркелмепті. Осының кесірінен елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай жатырмыз. Себебі, 2019 жылғы қуаңшылық әсерінен астық дақылдарының түсімі күрт кеміп, жайылымдарда шөп нашар өскен. Ұлыбританияның Лидс университетінің ғалымдарының болжамынша, 2050 жылға қарай дүниежүзінде құрғақшылық шарықтау шегіне жетеді. Аталған қуаңшылық жағдайлардың әсері Қазақстанның шөл және шөлейтті аймақтарында өте күшті болады деп күтілуде. Климаттың өзгеруі тұщы су тапшылығын туындатып, аптап ыстықтың әсерінен орман өрттері көбейді. Қуаңшылықтың кесірінен түрлі әлеуметтік қиындықтар пайда болып, оның соңы жануарлар мен адам шығынына және экономикалық дағдарысқа алып келмек. Осының алдын алу үшін біріншіден, атмосферадағы көмірқышқыл газдарының арақатынасын дұрыс сақтап, мұнай өнімдері мен көмірді жағу мөлшерін азайтып, балама энергияны көбірек пайдалану керек. Екіншіден, Қазақстан аумағында емен, арша, акация, бозарша, үйеңкі, каштан, жиде, қарағаш, терек сияқты ағаштарды көптеп өсіру керек. Бұл өскіндер күшті фотосинтездеуші әрі ұзақ жыл өмір сүреді.