Осыдан екі жыл бұрын бұрынғы тұрғын үйлерді басқару нысандарының орнына жаңа екі қызмет түрі енгізілді. Сөйтіп, осыған дейін болған пәтер иелері кооперативі және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке кәсіпкерліктің барлығы біртіндеп мүлік иелері бірлестіктеріне ауыса бастады. Қазір елордадағы мүлік иелері бірлестіктері институтын қалыптастыру қарқыны жалғасын тауып келеді. Айталық, сала мамандары мен қаладағы көпқабатты үйлердің МИБ төрағалары тарапынан бірлестік құру мен тіркеу үшін құжаттарды дайындауға, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйді басқару және күтіп ұстау бойынша қызметтерді жүзеге асырудың жолдары бойынша да көмек көрсетіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Бұл реформаға дейін тұрғындар тарапынан мемлекеттік органдарға көптеген шағым келіп түсетін. Соның ішінде халық пәтер иелері кооперативі және басқарушы ұйымдардан төлеп жатқан ақшаларының қайда жұмсалып жатқаны жөніндегі есептің дұрыс берілмейтінін айтып сынағандар көп болды. Сол үшін тұрғын үй саласында осындай реформа қабылданған еді. Ол бойынша бір тұрғын үйдің қажеті бойынша жұмыс істейтін басқарушы ұйымды тұрғындар өздері тағайындап, өз кезегінде жиналған қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалып жатқанына ай сайын есеп беріп отыруға міндеттейтін мүмкіндік алды. Бастапқы кездері бас қаланың оң жағалауындағы тұрғындар тұрғын үй кешендерін күтіп ұстауға құлықсыздық танытқаны да рас. Ал қазір халық арасындағы түсіндіру жұмысы нәтиже беріп, мүлік иелері бірлестіктерін басқаруға ықылас танытқандар көбейді.
Елордадағы МИБ орталығының басшысы Гүлвира Әбетованың сөзінше, мүлік иелері бірлестігіне өту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, МИБ төрағалары 2020-2022 жылдар аралығында өз қалауы бойынша үйлерді басқару бойынша қалалық шеберлік сағаттарынан оқудан өткен. Және түсіндіру сабақтары ТКШ реформасын іске асыру шеңберінде тегін өткізіледі. Сонымен бірге бүгінде МИБ төрағалары тұрғын үй ғимараттарын басқарушы нысандардың әлеуетті менеджерлері ретінде міндет алған. Осы мәртебені алу үшін тілек білдірушілер ерікті түрде тестілеуден өтіп, елорда бойынша басқарушылар тізіліміне кіре алады.
Ал МИБ өздерінің қауымдастықтарын құрып, ТКШ АС деп аталатын кәсіби қауымдастығын құруды жалғастырып жатыр.
– МИБ реформаның 90 пайыздан астамы қамтылған. Сайланған төрағалар тұрғын үйлерді кәсіби басқару саласында өздерінің қабілет-қарымы мен мүмкіндігін көрсете алады. МИБ құрудан бастап тұрғындармен тіл табысып, үйлесімді жұмыс атқаруда көптеген артықшылық бар. Көппәтерлі үйлердің тұрғындары болса құжаттарға, қаржылық есептілікке қол жеткізе алады. Инженерлік жүйелердің жұмысы және үйін қалпына келтіруге кететін шығындар туралы түсінігі артады, – дейді орталық басшысы. Сонымен бірге ол реформа барысында көптеген өтініштің келіп түсетінін жеткізді.
– Сондай-ақ МИБ мәселелері жөніндегі орталыққа тұрғындар келіп, НҚА парағының сәйкестігін тексеру мақсатында жазбаша сауалнамалар парақтарын әкеліп жатады. Сол кезде байқағанымыз, ПИК нысандарындағы көптеген парақ нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес келмеді. Оларда үй кеңесінің қол қоюы үшін баған жоқ. Ал 2020 жылдан бастап үй кеңесі атынан басқару органының болуы міндетті талап ретінде көрсетілген. Осы мәселе бойынша «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ қосымша түсіндіру үшін тікелей эфирде кеңейтілген кеңес өткізу күн тәртібіне қойылды. Жалпы алғанда, Астана МИБ орталығына биылдың өзінде 7 000-нан астам түрлі өтініш түсті. Негізінен, онлайн дауыс беру, қызмет көрсетушілерді ауыстыру, бухгалтерия және диспетчерлеу, МИБ төрағасын ауыстыру бойынша өтініш айтатындар көп, – дейді Гүлвира Әбетова. Мәселен, күн сайын шамамен 7-10 жаңа бастамашыл топ МИБ құру мәселесі бойынша WhatsApp арқылы сауал жіберсе, қалғандары кезең-кезеңімен сүйемелдеу үшін бетпе-бет кеңес алуға келеді. Өйткені қала тұрғындары жазбаша жиналыс хаттамаларын толтыру, жазбаша сауалнама парағын қалай дұрыс жасау, жиналыс мақұлдау үшін қалай тұжырымдау туралы сұрақтарға жиі тап болады екен.
МИБ орталығының басшысы Гүлвира Әбетованың айтуынша, 2020-2022 жылдар аралығында МИБ төрағалары тұрақты оқытудан өтіп, шеберлік сыныптарында білім деңгейін арттыруда. Бір жыл ішінде жаңа төрағалар үйде инженерлік жүйелерді, шатыр мен қасбетті қалпына келтіру, жоғалған үй құжаттарын қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар қазір елорда МИБ орталығы пилоттық үйлермен бірлесіп үйді паспорттауды жүргізу жұмысын қолға алған. Себебі төлқұжаттардағы деректер үш мәнге ие. Осылай деген орталық басшысы «Мемлекеттік органдар тарапынан әртүрлі жүйеде бар толтыруға міндетті деректер, үйді енгізу актілерінің деректері. Сондай-ақ түгендеу тізімі деп аталатын айнымалы мәндері бар деректердің маңызы зор. Бүгінде көшу 90 пайыздан астам жүзеге асырылды, енді басты міндет – бұрын құрылған нысандар (ПИК деп аталатын) тұлғасында ТКШ реформасын дамыту бойынша кедергіні жою. Екі заңды тұлға басқару құқығын талап еткенде, бұл халық арасындағы даулар мен қақтығыстарға жағдай жасайды. Мұндай сәттерді ертерек алып тастау өте маңызды. Өйткені ең бастысы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және жауапты адамдарға жұмыс істеуге жағдай жасау қажет», – деп отыр.