Кейінгі жылдары оркестр сүйемелдеуімен өтетін концерттің қатары көбейді. Халық та арнайы іздеп барып, ұйып тыңдап қайтады. Сол сияқты бірнеше халықаралық байқаудың лауреаты Ержан Құлыбаевтың 9 желтоқсан күні елордаға жолы түседі. Ол Т.Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрмен бірігіп өнер көрсетеді.
Құлыбаевтың құдіреті сол, көрермен оның орындау шеберлігінде виртуоз, жарқыл, күш пен үйлесім үндескенін алға тартады. Испаниядағы София патшайымның жоғары мектебінің түлегі ретінде ол Аргентина, Польша, Румыния, Германия, Ресей және басқа да көптеген елдегі халықаралық байқаудың лауреаты атанды. Кезінде анасы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балалар мектебіне жетектеп апармағанда мұндай талантпен таныспас па едік, кім білсін?!
Иә, Ержан Құлыбаев скрипкашы боламын деп ойламаған. Оның айтуынша, анасы алты жасында аталған мектепке жетектеп апарады. Өйткені үйіндегі екі әпкесі де музыка мектебінде оқитын. Мұның өзі қызық әңгіме. Бірде Ержанның үлкен әпкесі ойыншық фортепианоны көріп, қатты қызығады. Ата-анасынан алып беруін аттай қалайды. Соның әсерінен ол музыка мектебіне барады. Артынан сіңлісі де сол мектепке оқуға түседі. Сөйтеді де кезек Ержанға келеді. Оны анасы алдымен фортепиано сыныбына апарып, пианист болатынын айтады. Бірақ мектеп директоры оны скрипка сыныбына қабылдайды. Осылайша, оның скрипка әлеміндегі сан қилы жолы басталады.
Сан қилы деп отырғанымыз, Құлыбаев өзінің алғашқы байқауын естен шығарған емес. Себебі кішкентай скрипкашы аталған байқауда оңбай сүрінеді. Содан бастап тыңғылықты дайындалып, музыка тұңғиығына барынша сүңгіп, ішіндегі інжу-маржанын сыртқа шығаруға ден қояды. Өзінің айтуынша, аталған байқау ес жиюына көмектескен. Араға бірнеше жыл салып алғашқы жеңісіне де қол жеткізеді. Кейіннен жоғарыдағы байқауға қайта қатысып, топ жарады. Ержан Құлыбаевтың сөзінше, сол байқаудан қалған ащы дәм оны әлі де қамшылап келе жатыр.
Оның репертуары стандарт шығармалардан тұрады. Әлемдік классиканың жауһары Бетховен, Чайковский, Шостакович, Сибелиус туындысын кемеліне келтіріп орындайды. Бірнеше жыл бұрын Буэнос-Айрестегі байқауда танго әлемімен танысып, өзі үшін жаңа музыка ашады. Содан бері репертуарына танго шығармалары қосылған.
Өткенді қайта парақтасақ, Ержан Құлыбаев 12 жасында Мәскеудегі Орталық музыка мектебінде білімін жалғастырады. Ал 2004 жылдан бастап Мадридтегі София патшайымның жоғары музыка мектебіне ауысады. Новосібір мемлекеттік консерваториясының магистратурасына түседі. Осы тұста оның «кетіп бара жатқанда, нені жоғалтқаныңды түсінесің» дегені әсерлі. Өйткені оған туған жермен қоштасу, қаладан-қалаға көшу қиынға соққан. Бірақ мұнша жол оны жігерлендіріп, өзгеруге, алға ұмтылуға жетелеген.
Осылайша, скрипкашы Мадридте, Зальцбургте білім алып, Познань филармониялық оркестрімен бірге концерттерге қатысып, дирижер Валерий Гергиевтің басшылығымен Польша камералық филармониясында, Мариинск театрында, белгілі Карнеги-холлда жеке концертін берді. Ол «Хиндемит Павел» халықаралық байқауы және «Генрик Венявский» байқауының лауреаты атанды.
Осы тұста еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Абзал Мұхитдиновтің айтқаны еске түседі. Оның айтуынша, Ержан әлемдік мәдениет сахнасында сұранысқа ие скрипкашы. Заманымыздың атақты ұстаз-скрипкашыларының бірі Захар Бронның шәкірті. Дирижердің айтуынша, оның әртіс деңгейінің үлкен көрсеткіші есебіндегі Венявский атындағы күрделі байқаудың лауреаты атануы – шеберлік.
Ал жақында өтетін концертке келсек, көрерменді Р. Бағланова атындағы орталық концерт залында керемет кеш күтіп тұр.
Т. Әбдірашев атындағы мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қанат Омаров елордаға қонаққа келеді. Ержан Құлыбаев срипкада ойнаса, концерт «Тұран» этно-фольклорлық ансамбліне қатысады. Олар Я.Сибелиус, А.Райымқұлова, С.Рахманинов шығармаларын орындайды.
Ол бір сөзінде адамның таңдау және тыңдау құқығы барын айтқан-ды. Оның айтуынша, классика өзінің теңдесі жоқ музыка екенін әлі де дәлелдеп келе жатыр. Тыңдарман көп. Десе де ұйымдастыру жұмысына келгенде олқылық бары білінеді. Сол үшін скрипкашы көбірек концерт ұйымдастыруға мүмкіндік туғанын қалайды. Музыканың осы саласына келгенде, ішкі менеджмент жанданып, жұртшылықты тарту бойынша тыңқылықты жұмыс жүрсе құба-құп. Ұйымдастыру деңгейі плакат ілумен шектелмегенін қалайтыны тағы бар.