Әрбір өлкенің даму тарихы, қалыптасу жолы, болашаққа бағдары болады. Ұлытау облысын құрудағы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әділ шешімі осы өңірге жан бітіруге дер кезінде жасалған маңызды қадамы болды. 1997 жылдан бері қарай Жезқазған облысы мәртебесінен айырылғалы қай саланы алып қарасақ та, мәселелердің қордалана түскенін аңғару қиын емес. Осы түйткілдердің түйінін тарқату мақсатында Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.Кешенді жоспар келесі істерге бастайды
Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының көпжылдық кешенді жоспары – жаңа белестерге бастайтын нақты қадамдардың жиынтығы. Оны облыс әкімдігі жұмысының соңғы төрт айының басты нәтижесі деп қарастыруға болады.
Бұл құжат 9 бағыт бойынша өңірдегі барлық негізгі салалары бойынша нақты шараларды қамтиды. Осы құжатқа қосымша облыс әкімдігі мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларына енгізілген барлық іс-шараларды көздейтін кеңейтілген даму бағдарламасын әзірледі.
Алдағы 5 жылда өңірге 1,8 триллион теңге инвестиция тартылады. Қарастырылатын қаржының негізгі бөлігі жеке инвестицияларға тиесілі. Мұндай қаржылай қолдау облыстың өзекті мәселелерін шешуге ықпал етеді.
Негізінен Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы кен орындарының қорына, қала құраушы кәсіпорындарға тәуелді. Сондықтан да өңірде жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындарды құру қажеттілігі бар. Осы бағыт бойынша жаңа өндіріс құру және кен өндіруді жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайтып, жұмыс істеп тұрған өндірістерді пайдалы қазбалар кен орындарымен қамтамасыз ету жобалары іске асырылады. Қазір облыстағы 6 кен орнында «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар облыста өнеркәсіптік реагент шығару жөніндегі химия зауыты, мұнай өңдеу зауыты, қара мыс концентраттарын өндіру зауыты, Жезқазған мыс балқыту зауытының жаңа күкірт қышқылы цехы сияқты кәсіпорындарды іске қосу жоспарда бар. Нәтижесінде өңірде 3 мың жаңа жұмыс орны құрылып, жалпы сомасы 787 миллиард теңге болатын 16 жоба іске асырылмақ.
Облыстың туристік әлеуетін ескере отырып, бұл саланы дамытуға 1,5 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Оған қоса, облыс аумағындағы 227 шақырымдық облыстық автожолды және 118 км қалаішілік және кентішілік жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу де облыстың туристік әлеуетін нығайта түспек. Бұл жұмыстарға қаралатын қаржының жалпы көлемі 264 миллиард теңгені құрайды.
Бүгінде Ұлытау облысында Жезқазған–Қарағанды, Жезқазған–Астана және Жезқазған–Алматы бағыттары бойынша әуетасымалы ұйымдастырылған. Халық сұранысына сай алдағы уақытта Жезқазған–Шымкент, Жезқазған–Өскемен және Жезқазған–Балқаш бағыттары әуетасымалы жүзеге асырыла бастайды. Сондай-ақ Жезқазған қаласындағы теміржол бекеті мен әуежай ғимаратын халықаралық стандарттарға сай ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіледі.
Ұлытау облысының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу де басты назарда. Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының электр желілері «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» акционерлік қоғамының теңгеріміне беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Облыстағы Жезқазған, Сәтбаев қалаларында апатты үйлер көп. Осы мәселені шешу үшін 2023-2026 жылдар аралығында 37 апатты үйді бұзу, 39 жаңа үй салу жоспарланған. Одан бөлек Жезқазған қаласында 1800-ге жуық пәтерлі 60 тұрғын үйден тұратын үш жаңа шағын аудан салынады.
Жезқазғандағы жоспарланған үлкен құрылыстарды ескерсек, қаладағы жылу энергия орталығының шаһарды жылытуға шамасы жетпейтіні аңғарылады. Осыған байланысты қалада жаңа жылу электр орталығы салынбақ. Өңірдегі 130 шақырымдық жылу желісі салынып, жаңғыртылады, 300 шақырымдық сумен жабдықтау және 127 шақырымдық су бұру желісі тартылады. Нәтижесінде облыс орталығы мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарындағы 12 ауылдық елді мекенінің тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етпек. 2023-2025 жылдар аралығында Қаражал қаласы Жәйрем кентін және Жаңаарқа аудандары газдандырылады. Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары 2021 жылы басталды. Бұл жұмыстар 2025 жылы аяқталады. Жәйрем кентінің кәріз желілерін қайта жаңарту жұмыстары басталды.
Әлеуметтік сала басты назарда
Облыстағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, әрі бағаны тұрақтандыру мақсатында біршама жұмыстар қолға алынады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 27 наурыздағы №137 «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі анықталған. Оның ішінде жеткілікті көлемде Ұлытау облысында тек нан, бірінші сұрыптағы ұн және ет өнімдері ғана өндіріледі. Қалған азық-түлік өнімдері көрші облыстардан жеткізіледі. Сонымен қатар өндірушілердің көтерме-сату бағасының өсуі және облыста тұрақтандыру қорының болмауы азық-түлік бағасының өсуіне себеп болды.
Жоспарға сай агроөнеркәсіптік кешен саласында ет өңдеу және сүт өңдеу зауыттарын салу, құс еті мен жұмыртқа өндіру кешенін іске қосу, ұн тарту кешенін жаңғырту және басқалар сияқты 11 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. 2025 жылға қарай майлы дақылдардың егіс алқаптары 5 000 гектарға дейін ұлғайтылады.
Әлеуметтік салада 47 жаңа нысан салынады. Олардың ішінде Жезқазған қаласындағы перинаталдық орталық, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 9 мектеп, 4 оқушылар сарайы, 5 балабақша, 10 спорт нысаны және басқалары бар. Сондай-ақ, 27 білім беру және денсаулық сақтау нысаны жөнделеді. Барлық іс-шаралардың жалпы сомасы 94 млрд теңгеден асады. Тарқатып айтар болсақ, білім беру саласында Кеңгір селосында 140 орындық балабақша құрылысы жүргізіледі. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы аяқталмай қалған 320 орындық балабақшалардың құрылысы жуық арада аяқталады. Ұлытау селосында 2023 жылы 100 орындық балабақша салынады, одан бөлек жеке инвестиция арқылы Жезқазған және Сәтбаев қалаларында 280 орындық екі балабақша салынады.
Жезқазған қаласында, Жәйрем кентінде, Жаңаарқа кентінде 2023-2026 жылдар аралығында Оқушылар сарайлары салынады. Сәтбаев қаласында аяқталмай тұрған Оқушылар сарайының құрылысы аяқталып, 2023 жылы ғимарат қолданысқа беріледі.
Оқушылардың жазғы айлардағы демалысының мәселесі 2023 жылы шешілетін болды, яғни келер жылы Жезқазғандағы қала сыртында балалар лагері ашылады. 2024 жылы Ұлытау селосында этно-туристік лагерь ашылады.
Орта арнаулы оқу орындарына да көңіл бөлініп, Жезқазған музыкалық колледжінің ғимараты 2023-2024 жылдары қайта жаңғыртылады. Жезқазған технология және сервис колледжінің ғимараты, тау-кен металлургиялық колледжінің жатақханасы күрделі жөндеуден өтеді. Аталған колледждер ғимаратының тозуы көпшілікті мазалағаны анық.
Ұлытау облысында жаңа мектептер құрылысы жүргізіледі. 2023-2025 жылдар аралығында 10 жаңа мектеп салынады. Жалпы, 2023-2026 жылдар аралығында 22 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 87 мектепте 175 физика, химия, биология, STEM кабинеті ашылады. «Қазақстан халқына» қоры арқылы 7 робототехника кабинетін ашу жоспарланған. Бұл қолдау облыстың білім сапасын жақсарта түсері анық. 21 мектептің кітапханалары жөндеуден өтіп, кітап қорымен толықтырылады. Оқушылардың тамақтану орындары да назардан тыс қалмайды. 31 мектептің асханасы жөнделіп, тиісті жарақтармен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек мектептердің спорт залдары мен акт залдары жөнделеді. «№3 Білім – инновация» лицей интернаты, Қаражал, Сәтбаев қалаларындағы екі балабақша күрделі жөндеуден өткізіледі.
Облыс мектептеріне лизинг арқылы 10 автобус алынады, 10 мектептің аумағы абаттандырылады.
Педагог тапшылығын жою әрі педагогика саласы мамандарына қолдау көрсету мақсатында 2023-2024 жылдары Жезқазған қаласында қызметтік пәтерлер салынады. Аталған шаралар білім саласының әлеуетін арттырып, өңірімізден талантты, білімді жастардың шығуына оң әсерін тигізеді.
Ел болашағы – жастар
Облыста жастардың тұрақтап қалуын қамтамасыз ету мақсатында бірнеше жоба қарастырылған. Оның ең ірісі – мемлекеттік халықаралық техникалық университеттің ашылуы. Студенттерге арналған кампус салынып, жобамен жылына 1 000 грантқа дейін бөлу жоспарлануда.
Жастар бағытындағы тағы бір жарқын жоба – «Жетістікке жол» атты жас кәсіпкерлерді қолдау. Биыл бұл жоба басталып кетті. 100 млн теңгеге жарияланған байқауға ең үздік жобаларды іске асыруға тілек білдірген жастардан 350-ге жуық өтінім түсті. Аталған жоба жыл сайын өткізілетін болады. Жылына 40-тан астам жобаға қанат бітірсек, 5 жылда 200-ге жуық жас кәсіпкер қолдауға ие болады, өз кезегінде бұл кем дегенде 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
Жас мамандар арасында жүргізілген сауалнамада жастардың 80 пайызға жуығы баспана мәселесін өзекті етіп көрсетіпті. Өңіріміздегі бюджеттік саладағы жас мамандарға, баспасөз саласының мамандарына қолдау көрсету мақсатында «Отбасы банк» арқылы 5 пайыздық жеңілдетілген несиелендірумен пәтер әперу жобасы іске асады. Ол үшін облыстық бюджеттен жыл сайын 500 млн теңге қаражат бөлінеді. Ол 2023-2026 жылдары іске асып, жобамен 160-қа жуық жас маманды пәтермен қамтамасыз етеді.
Мәдениет саласы жаңалыққа толы
Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына 7 мәдениет нысаны енгізілген.
Кешенді бағдарламада көзделген іс-шаралар өңірдің мәдениеті мен өнерін дамытуға бағытталған. Жеке инвестициялар есебінен 2024-2025 жылдары Жезқазған қаласында 450 орындық концерт залы бар театр салу жоспарлануда. Кешенді даму жоспары өңірде 40 жылдан астам уақыт болмаған концерт залының құрылысына ықпал ететін болады. Жаңа шығармашылық ұжымдар ашылады. Халық аспаптарының фольклорлық оркестрі, филармония негізінде кәсіби хореографиялық ансамбль құрылады.
30 жыл күрделі жөндеу көрмеген «Халықтар достығы» мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Қайта жаңғырту аясында сахналық киімдер тігіліп, жаңа жиһаздар сатып алынады. Сахна мен көрермендер залы жаңартылады.
Жезқазған қаласында ашылғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген балалар мен жасөспірімдер кітапханасы қайта жаңғыртылады. Жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін кітапханалық жиһаздармен толықтырылады.
С.Қожамқұлов атындағы Музыкалық-драма театры қайта құрылымдаудан өтеді. Сахна кеңістігі жарықтандыру құрылғыларын орналастыруға арналған арнайы заманауи құрылғылармен, арнайы эффектілер мен акустикаға арналған аппаратурамен жабдықталатын болады. Сахна астында оркестр үшін шұңқыры бар қосымша орын жасалады.
Осы іс-шараларды іске асыру үшін 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаражат көзделген.
Сәтбаев қаласындағы Мәдениет сарайы да қайта құрылымдаудан өтеді. Қайта құрудан кейін сахна толық механикаландырылып, жарық, дыбыс және визуалды эффектілерді толық пайдалануға мүмкіндік беріледі. Сахна кеңістігі жарықтандыру құрылғыларын орналастыруға арналған арнайы заманауи құрылғылармен, арнайы эффектілер мен акустикаға арналған аппаратурамен жабдықталатын болады.
Жезқазған қаласындағы Металлургтер алаңы және Сәтбаев қаласындағы Кеншілер алаңы, Шахтер даңқы алаңы қайта жаңартудан өтеді. Қайта құрудан кейін алаң жаңа келбетке ие болып, облыс тұрғындарының сүйікті демалыс орындарына айналмақ.
Спорт – денсаулық кепілі
Ұлытау облысында өзекті мәселесі көп саланың бірі – спорт саласы. Облыста 72 832 адам дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады, бұл облыс халқының 33,1 пайызын құрайды. Бұл бағытта да өңірдің даму бағдарламасына сай маңызды жобалар іске асырылады. «Еңбек» футбол клубы жандандырылып, Сәтбаев қаласында «Арыстан» балалар хоккей мектебі құрылады.
«Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары» шеңберінде 9 спорт нысанын салу жоспарлануда, оның ішінде 3 объектінің құрылысы жеке инвестицияларды тарта отырып жүргізілмек.
Жезқазған қаласында 320 адамға арналған көпфункционалды спорт кешені, ал Жезді кентінде 160 орындық бірегей денешынықтыру сауықтыру кешені (ФОК) салынбақ. Мұнда баскетбол, волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, садақ ату, гимнастика, жекпе-жек және бассейн бойынша ойын залдары қарастырылмақ. Облыс орталығындағы кешеннің тәуліктік сыйымдылығы 1500 адамды құраса, Жездіде 750 адамдық болмақ. Балаларға арналған сабақтар тегін өтеді.
Жезқазған қаласында, сондай-ақ, «Намыс» балалар-жасөспірімдер спорт академиясының құрылысын салу жоспарланып отыр. Бұл спорттың жоғары жетістіктерін арттырып, бұқаралық спорт түрлерін дамытуға жағдай туғызады. Ал құрылысы жоспарланып отырған жабық хоккей корты жезқазғандықтарға хоккей және мәнерлеп сырғанау спортымен шұғылдануға, сондай-ақ сүйікті командалардың матчтарына келіп, бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Облыс орталығында ескек есу спорт түрлеріне арналған спорт кешенінің құрылысы байдарка мен каноэде есу бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебін жаңа деңгейге көтермек.
Бұқаралық спорт түрлерін сауықтыру және дамыту үшін Кеңгір ауылында 160 адамға арналған спорт кешенінің құрылысы басталады. Қаражал қаласы мен Ұлытау селосында жабық бассейн салынбақ.
Облыста алғаш рет спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылады. Аталған мектеп-интернат спортшыларды республикалық құрама командаға ену үшін дайындайтын болады. Ұлытау өңірі еліміздің туын биікке желбірететін чемпиондардың ордасы болатынына сенімдімін.
Денсаулық – зор байлық
Облыс тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында ауқымды жобалар іске асырылмақ. Медицина саласының жақсартылуын талап еткен тұрғындарымыздың тілектері назарға алынып, көптеген шара жоспарланып отыр.
Алдағы жылдары Қазақстанда 8 перинаталдық орталық салынады, солардың бірі Жезқазған қаласында бой көтермек. Орталықта сәулелік және функционалдық диагностика бөлімшесінің жұмыс істеуі көзделгенін атап өту қажет. Ол толық қажетті диагностикалық жабдықтармен, яғни КТ, МРТ, рентген, УДЗ кабинетімен, эндоскопиямен жарақтандырылатын болады. Осының арқасында әйелдер ешқайда сабылмай, тікелей орталықта қажетті тексерулерден өте алады. Сонымен қатар сонда босана да алады. Осылайша, аналарға медициналық қызмет көрсету сапасы барынша жақсарады.
Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы үшін 12 бірлік реанимобиль сатып алу жоспарлануда. Бұл қалалық және ауылдық тұрғындарға көрсетілетін шұғыл және жедел медициналық көмектің сапасын І, ІІ, ІІІ санаттарға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ пациенттерді ауруханаға жатқызғанға дейін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Бұл пациенттер үшін қажетті реанимациялық көмек тасымалдау кезінде де көрсетіледі дегенді білдіреді.
Ұлытау ауданы Ұлытау селосында бір ауысымда 50 адам қабылдайтын емханасы бар 25 төсектік жаңа орталық аудандық аурухана салу жоспарлануда. Бұл медициналық мекеме заманауи медициналық технологияларды, сондай-ақ 3-Н жүйесі бойынша қабылдау бөлмесіне қойылатын жоғары талаптарды қолдана отырып салынатын болады. Мұндай медициналық объектіні енгізу стационарлық, амбулаториялық-емханалық көмектің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.
Облыс бойынша бірнеше денсаулық сақтау нысандары бар, олардың тозуы 100 пайызды құрайды. Қаражал қаласының орталық ауруханасы инфекциялық бөлімшесінің ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Соңғы он жыл ішінде инфекциялық науқастар Қаражалдан Қарағанды, Жезқазған қалаларындағы, Жаңаарқа ауданындағы инфекциялық стационарларға емдеуге жатқызылып жүр. Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін жаңартылған стационар заманауи диагностикалық жабдықтармен жабдықталатын болады және медициналық кадрларды тарту көзделеді. Нәтижесінде Қаражал қаласында жұқпалы ауруларды анықтау, диагностикалау, емдеу және алдын алу жұмыстары жақсармақ. Ең бастысы, қала тұрғындары жоғарыда аталған медициналық қызметтерді тұрғылықты жері бойынша ала алады.
Жаңаарқа аудандық емханасының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін осы емханада жаңа консультациялық-диагностикалық көмек қызметтері жұмыс істей бастайды. Қызметтерді травматологтар, хирургтар, акушер-гинекологтар, кардиологтар, невропатологтар, окулистер және басқа да тиісті мамандар көрсетеді.
Жезқазған қаласында мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы ашылмақ. Орталықта әртүрлі жастағы пациенттер үшін әртүрлі бағыттағы бірнеше бөлімшелер жұмыс істейтін болады.
Сәтбаев қаласында 2021-2023 жылдарға арналған Сәтбаев қаласы халқының денсаулығын сақтау және нығайту жөніндегі бірлескен бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жеке инвесторының қолдауымен емхана салынады. Жаңа емхана медициналық қызметтердің кең ауқымына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
2023-2025 жылдары Ұлытау облысында ауруларды диагностикалау және емдеу сапасын арттыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жалпы сомасы 2,9 млрд теңгеге 170 бірліктен астам медициналық техниканың үлкен көлемін сатып алу көзделуде.
Әлеуметтік қолдау бағытында да кешенді жоспар аясында оңтайлы шешімдер енгізілген. 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған орталық ашылады. Ол жерде стационарлық үлгідегі (тәулік бойы) және жартылай стационарлық (күндізгі болу) жағдайларда ересек мүгедек адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталықтың ашылуы туыстары мен жақындарына стационарға баруға, сондай-ақ демалыс күндері бірге уақыт өткізуге мүмкіндік береді.
Ауызсу – өмір нәрі
Жезқазған қаласы тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шаруашылық-ауызсу тазарту ғимараттарын қайта жаңарту жобасының ІІ, ІІІ кезектері жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні Жезқазған қаласында жерасты суы мен Кеңгір су қоймасының халық тұтынып отырған ауызсудағы үлес салмағы 40-60%-ды құрайды. ІІ кезектегі жобаның ерекшелігі – «Кері ОСМОС» мембраналық су тазарту технологиясы енгізілген. Ол арқылы су құрамын жерасты су көздерінің деңгейіне дейін жеткізіп, тұрғындарға өте сапалы ауызсу ұсыну мүмкіндігі пайда болады. Жобаның жалпы құны – 8,3 млрд теңге. Биыл қалалық бюджеттен 700 млн теңге қаражат бөлініп, су тазарту ғимаратының құрылысы басталды. ІІІ кезек бойынша 1 600-ден 10 000 текше метрге дейін 5 таза су резервуарларын, 4 км алаңішілік желілер салу және 2-ші көтермелі сорғы станциясын қайта жаңарту көзделген. Жобаның жалпы құны – 4,4 млрд теңге, құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 жылы басталған, есепті кезеңге жұмыстың орындалысы 69 пайызды қамтиды. Жобалар 2023-2024 жылдарға өтпелі.
Сонымен қатар қалаішілік ауызсу құбырларының 217 км қайта құрылымдаудан өтуде.
Облыс бойынша бірқатар ірі су қоймалары мен өзендерді тазалау жұмыстары жүргізіледі, яғни Кеңгір су қоймасы, Жезді су қоймасы, Ұлытау көлі, Жаңаарқа ауданындағы Терісбұтақ өзені тазаланады. Шалғы су қоймасының бөгеті, Манақ бөгеті күрделі жөндеулерден өтеді, Ақтайлақ су қоймасының бөгетін қайта жаңарту және гидроқұрылысы жөніндегі жұмыстар жүргізіледі. Жезқазған қаласындағы Костенкөлсай батпақты көлі әкімдік балансына алынып, тазарту мен санация жасалады.
Сондай-ақ, сөз соңында атай кетсем, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында осы саланың материалдық-техникалық базасын нығайтып толыққанды жұмыс жүргізуіне жағдай жасалады. Ол үшін Жезқазған қаласындағы Кеңгір су қоймасының жағасында жедел-құтқару жасағының ғимаратын салу, Ұлытау ауданы Ұлытау ауылындағы №5 өрт сөндіру бекетінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, қалалық және аудандық орталықтардағы өрт сөндіру мекемелері үшін материалдық-техникалық базаны күшейту жүргізіледі. Жезқазған және Сәтбаев қалаларына өрт сөндіру деполары салынады.
Жалпы, іс-шаралардың барлық кешенін іске асыру өнеркәсіп көлемінің 41%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемінің 35%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,7 есе, ал ШОБ субъектілерінің өнім шығаруы 2,5 есеге өседі. Мультипликативті әсер 9,5 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру болады деп жоспарланып отыр.
Мереке МЫРЗАБЕКОВА,
Ұлытау облысы әкімдігініңҚоғамдық даму басқармасының басшысы