«Әрине, біз бұл мәселенің тезірек шешілгенін қалаймыз. Біз де басқа әріптестеріміз сияқты туфлимен жүргіміз келеді. Балалар тоңбасын дейміз. Мердігерлер калорифер орнатуға уәде берді. Сонда вентиляция шахталары арқылы жылы ауа тарайды. Бұл қаншалықты нәтиже беретінін айтуға әлі ерте. Қазір одан суық ауа тарайтындықтан, вентиляция шахталарын жауып тастадық. Мүмкін құрылыс барысында кейбір талаптар сақталмаған шығар. Себебі төбеден де суық келіп тұрғанын сеземіз», – дейді мектеп-лицей директоры Рәзия Касимова. Талап бойынша бұл шахталар жабылмауы тиіс екен.Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейде бүгінде 928 оқушы білім алады. Балаларға қалың киініп жүруге, екінші аяқкиім ауыстырмауға рұқсат берілген. Олар сабақта тоңып отыратындарын айтады. Ата-аналардың айтуынша, балаларының аяқ-қолдары мұздап жүреді, соның салдарынан көбі ауырып жатқан көрінеді. Сырқаттанып қалған мұғалімдер де бар. Ең суық кабинеттер мүлдем босатылған. Онда оқитын балалар басқа бөлмелерге көшіріліпті. Сабақтар қысқартылған. «Мектеп қашан жылынады?» деген сұрағымызға Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Рақышева мердігер «Құрылыс-Сервис СК» компаниясымен келіссөз жүргізіліп жатқанын, қалғаны соларға байланысты екенін айтты. Сонымен қатар «СевКазЭнерго» кәсіпорнына аязды күндері жылу беру айналымын нормадағыдан көбейте түсуге кеңес берілетін болды.
«Бұл – қала бойынша жалғыз суық мектеп. Барлық мектептердегі температуралық режимді күнделікті бақылауда ұстаймыз. Ата-аналардың шағымы болса, сол мектепке барып тексереміз», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Болатқызы.Бұл мәселені «AMANAT» партиясының жергілікті филиалының партиялық бақылау комиссиясы мен Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жем-қорлыққа қарсы қызметі өз бақылауына алды.
«Балалар мектепке ауыру емес, білім алу үшін барады. Мердігер ұйымдар қысқа мерзімде кемшіліктерді жойып, қолайлы температураны қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауы тиіс», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.Мектеп-лицей ғимараты былтыр 1 қыркүйекте пайдалануға берілген болатын. Кепілдік мерзімі келесі жылдың 1 қыркүйегінде аяқталады. Петропавлда бұдан басқа жаңадан салынған №6, №25 мектептер бар. Бірақ ол ғимараттар жылы, мұндай мәселе жоқ. Алайда облыс аумағында бұдан басқа да суық мектептер бар. Мәселен, Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл мектебіндегі температура 8-10 градус деген шағым бар. Ата-аналардың айтуынша, мектеп басшылығы ата-аналарға мектепке жылытқыштар сатып алу туралы өтініш жасапты. Сондай-ақ, Қызылжар ауданына қарасты Преснов орта мектебіндегі балалар да тоңып жүр. Тиісті мекемелерге хат жазылғанымен, одан еш нәтиже шықпапты. Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл мектебіндегі температура +5 градус қана болған себепті, оқушылар қашықтан оқуға ауыстырылған.
Бет қатталып жатқанда: бүгін мектеп директоры зениттік шамдар поликарбонат парақтарымен жабылғанын, терезелер силикондалғанын жеткізді. Бұған қоса мердігер әкелген генератор іске қосылмақ. Әрі жылу торабы сорғысының жұмысы қайта қаралатын болыпты.
Солтүстік Қазақстан облысы