Еліміздегі инфляция бүгінгідей ырық бермей кеткен шақта сарапшылар қауымы оның бір себебі ретінде импорт мәселесін атады. Өйткені біз шетелден инфляцияны да импорттай бастадық. Ондағы нарықтық көңіл күй мен қолайсыз шарттарға тәуелділік күшейе түсті. Енді осыдан шығудың бір жолы – импорталмастыру, яки отандық өндірісті жандандыру болып отыр. Бұл тұста да шешімін күткен мәселе жеткілікті. Базалық ставка тағы өсуі мүмкін Күн санап экономиканың адымын шідерлеп, аяғын тұсаған инфляцияның араны ашылып барады. Бұрындары 10 пайыздан аспайтын ол биыл жылдық мәнде 19,6 пайызға жетті. Соның ішінде азық-түлік 24,9 пайызға қымбаттап, инфляцияны одан сайын үдетіп отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның өсуі де 19,5 пайызға дейін жеделдеген. Импорт үлесі жоғары тауарлардың, соның ішінде жеке қолданыстағы тауарлардың, тұрмыста қолданылатын құралдардың, құрылыс материалдарының, дәрі-дәрмектің бағалары тез өсіп отыр. Бұл біздің инфляцияны да импорттап отырғанымызды білдіреді. Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы жарты жылда импорт 15,9 пайызға өсіп, 20,7 млрд долларды құраған. Жыл соңына дейін бұл сома 44,2 млрд долларға жетуі мүмкін. Өйткені былтыр ол 41,1 млрд доллар болған еді. Ол аз десеңіз, бас реттеуші келесі жылы импорт 45,7 млрд доллар болады деп болжап отыр. Сондықтан да базалық ставка 5 желтоқсаннан кейін тағы да өсуі мүмкін. Мұндай нұсқаны Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың өзі айтқан болатын.
«Егер қазіргі жүргізіп жатқан ақша-несиелік саясатымыз нәтиже бермесе, келесі отырысымызда базалық мөлшерлемені тағы да өсіруіміз мүмкін. Мұндай қадамның бизнеске ауыр тиетінін білеміз. Бірақ бұл мәжбүрлі шара. Бізге кейін ырыққа бағынбай кететін бағаға шарасыз мойынсынғаннан, дәл қазір жоғары мөлшерлемеге төзе тұрғанымыз абзалырақ», – деді ол.Естеріңізге сала кетсек, базалық ставка соңғы рет 26 қазанда 16 пайызға өскен еді. Ұлттық банктің келесі отырысы алдағы дүйсенбіге, яки 5 желтоқсанға белгіленген. Инфляциямен күрестің бір жолы осы болса, ол импорт алмастыру. Бұл ретте Үкіметтің отандық өндірісті қолдауға шындап кіріскенін жоққа шығаруға болмайды.
«Бүгінде Үкімет 717 инвестициялық жобаның пулын құрды, олардың 286-сы – 9,9 трлн теңге сомасындағы импортты алмастыратын жобалар. 2022 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 165 жобаны іске асыру жоспарланған. Осындай әр жобаның айналасында шағын және орта бизнес компанияларының белдеуі дамиды. Кәсіпкерлікті қолдау шараларын жүзеге асыру аясында соңғы 5 жылда шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27 пайыздан 35 пайызға дейін ұлғайған. Бизнеске әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік беретін Кәсіпкерлік саласындағы реттеу-шілік саясат жөніндегі заң қабылданды. Бизнес жүргізу және нарықтағы монополияларды жою үшін бәсекелестік аясын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Отандық компаниялардың квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қол жеткізуді жеңілдету бағытында белсенді жұмыс жүруде», – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.Қалай болғанда да, таяу жылдарда импортты еңсеріп кете қоймайтынымыз анық. Сондықтан да бүгінгі қиыншылық жағдай жалғаса бермек. Еңсерген күннің өзінде де отандық өнімнің құрамдас бөлігі бәрібір де шетелдік болып қала бермек. Отандық өнімнің шетелдік шикізаты Елімізде өзімізді түгелге дерлік қамтып отырған отандық тауарлар бар екен. Олар – металлопластик есік-терезелер (93,1%), брусчаткалар, жиектастар, плиткалар (95,3%), автокөліктердің аккумуляторлары (87,3%), фосфор тыңайтқыштар (99,9%), кеңселік ағаш жиһаздар (75,9%) және жеңіл автокөліктер (63%). Ал оған керісінше линолеумді, автокөлік шиналарын толығымен шеттен тасимыз екен. Парфюмерия мен косметика 90,3%, дәрі-дәрмек 83,8%, ал сырт киімдер 99,4% сырттан келеді. Сонда бұл басқасын былай қойғанда, елімізде күртеше, пальто, тон дегендерің де жарытып тігілмейді деген сөз. Ал ішкі нарыққа қажетті дәрі-дәрмектің 16,2 пайызы ғана өзімізде өндірілетіні тіптен өкінішті. Қаншалықты жағымсыз болса да, Ұлттық статистика бюросының бар мен жоқты «бетке айтатын» деректері осындай. Бұл ретте өзімізді қамтып отырған тауарларды да жүз пайыз қазақстандық деуге болмайды.
«Біз өзіміздің кілем фабрикасында синтетикалық полипропилен жібін қолданамыз. Оның артықшылығы, мақта немесе жүннен иірілген жіп сияқты бояп уақыт алып отырмайсың. Бірден боялып шығады, сосын түсі оңбайды. Осы жіптен бастап одан да бөлек өндірісте қолданылатын түрлі материалды, қосалқы бөлшектерді шетелден алдырамыз. Әсіресе, Түркиядан. Сондықтан да жіпті өзімізде иіреміз деп жоспар жасап, бөлек фабрика салдық. Өйткені бір КамАЗ жіп алдырғаннан, полипропилен грануласын алсақ, одан үш тонна жіп иіруге болады. Әзірге іске қосыла қойған жоқ, бірқатар кедергіден тоқтап тұр. Сондықтан кілем өзімізде шығады десек те, оның 90% шикізаты шетелдікі. Таяуда Президент Атырауда пропилен зауытын ашты ғой. Егер оның өнімі біздің кілем өндірісіне жарайтын болса, онда отандық үлес артар еді. Ол үшін бізге ақ пропилен керек», – дейді «Назар текстиль» кілем-тоқыма фабрикасының өндіріс басшысы Келісбек Полат.[caption id="attachment_230456" align="aligncenter" > © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат[/caption] Бұл ретте 93 пайыз өзіміз қамтып отырмыз дейтін металлопластик есік-терезелердің материалдары да шетелден, мәселен Германия, Ресей және Қытайдан келетінін атай кеткен жөн. Мұндай мысал елімізде жетіп артылады. Ал фосфор тыңайтқышына өндіргеннен бөлек құрамдас бөлшектер керек емесі сірә белгілі. Тұтынушылықтан бас тарту керек Расында да, елімізде қай өндірісті де кластерге айналдыруға ресурстық мүмкіндігіміз бар. Мәселе, оны ретімен ұқсата білгенде. Ол үшін бір өнімді бастан-аяқ өзімізде шығатын шикізаттармен қамтуды көздейтін кластерлік саясатты жолға қою керек. Айталық, кілем тоқуға полипропиленнен басқа мақтадан иірілген жіп пен тоқылған мата да керек. Ал бізде мақта 100% экспортқа кетуде. Одан соң ол мата болып қайта импортталады. Біздің шенеуніктердің кемшілігі – 30 жыл бойына экономиканы шындап әртараптандырып, мол мүмкіндікті ұқсата алмауында.
«Ішкі экономикалық бағдарламалардың, сауда-экономикалық саясаттың кейбір сәтсіздіктері біздің экономиканы импортқа тәуелді етіп қойғанын көріп отырмыз. Орташа есеппен алғанда, қазір Қазақстан экономикасының 60%-ға жуығы импортқа тәуелді. Яки, сұранысымыздың жартысынан астамын шетелдік өнімдермен қанағаттандырып отырмыз. Мұнда Ресейдің үлесі өте жоғары. Сондықтан да одан шығудың ең тиімді жолы – кешенді бағдарлама әзірлеу. Ол үшін халық тұтынатын тауарлардан бастап, макроэкономикалық деңгейдегі стратегиялық нысандарымыздың тұтынатын импорт үлесін нақты анықтап алуымыз керек. Осы сұраныстың аясында оны шикізаттан бастап кадрлық мәселелерге дейін барлық жағынан да қамтамасыз ету қажет. Бұл тұрғыда мемлекет қаржылай да, қаржылай емес те көмегін аямауы қажет», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.Сарапшылар еліміздің осындай жағдайға жеткені мемлекеттік менеджменттің ақсап жатқанынан деп санайды. Мұнай мен газды, бидай мен мақтаны сатып, дайын ақшаға бас ауыртпай дайын өнім сатып алу қай басшының да қолынан келсе керек.
«Бірде ұлым тоңазытқыш сатып алыпты. Қайдан шыққанын қарасам Made in Uzbekistan деп тұр. Осы бір сәттің өзі біздің қаншалықты мүшкіл халге түскенімізді аңғартса керек. Қазақстан импорт тауарлардың қоқысына айналып кеткен. Биылғы 9 айда біз 12 мың тонна смартфон алдырыппыз. Яки, бес есеге артыпты. 59 елден компьютер техникасын импорттаймыз екен. Олардың арасында Оңтүстік Африка Республикасы мен Солтүстік Корея да бар. 650 млн долларға дәрі-дәрмек сатып алғанбыз. Киімді 96 ел тігіп беріп отыр. Құрылыс саласы 90% импортқа тәуелді. Үйлердің қымбаттауының себебі осы. Пәтердің өзіндік құнының 60%-ын шетелдік тауарлардың құны құрайды. Бір сөзбен айтқанда, біз импортқа тәуелділіктің «инесінде» отырмыз. Оған өткен 30 жылда тек тұтынушылық саясатын ұстанған мемлекеттік менеджмент кінәлі», – дейді экономист Нұртаза Қадырниязов.Маманның Өзбекстанды мысал етуінің жөні бар. Өйткені бізден бұрын машина құрастыра бастаған да солар еді. Ал қазір тіпті тоңазытқыштан бөлек солардың жасаған электр плитасы да дүкендерімізде толып тұр. Ендеше бізге бәсекелесті алыстан іздеудің қажеті жоқ. Тұтынушылық мәдениеттен бас тартсақ болғаны.