Жыл сайын жаз, күз айларында елімізде қант қымбаттайтыны белгілі. Бағаның өсуіне маусымдық сұраныстан бөлек бірнеше себеп бар. Қызылшаны көп ексек те, оны өңдеп, дайын өнім алу ісінде кемшілік көп. Ішкі қажеттілікті импорттың есебінен жабуға мәжбүрміз. Биылғы қаңтар айының өзінде қазақстандық компаниялар Ресейден 40 мың тоннадан астам қант әкелді. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер арасындағы алдыңғы орын. Мәселен, өткен айда Тәжікстан 8,6 мың тонна, Армения – 6,6 мың тонна, Қырғыз Республикасы 2 мың тонна ресейлік өнімді импорттаған. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстан 2019 жылы қаңтар-шілде аралығында сырттан 103,7 млн долларға 253,1 мың тонна құмшекер сатып алды. Оның 120 мың тоннасы ЕАЭО елдерінің өнімі.
СҰРАНЫС НЕНІҢ ЕСЕБІНЕН ӨСІП ОТЫР?
Қазақстанның қантты тұтыну нарығының көлемі шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Жалпы, халықтың қажеттілігі 245 мың тонна болса, сусын өндірісіне – 155 мың тонна, кондитерлік өнімдерді дайындауға 100 мың тонна керек. Соңғы жылдары ел тұрғындары тәтті шырындар мен энергетикалық сусындарды көбірек іше бастаған. Сусынға сұраныстың өсуі негізгі шикізаттың бірі – құмшекердің тұтыну көлемін де ұлғайтып отыр. Былтыр республикада 673,9 млн литр минералды және газдалған сусын шығарылыпты. Ал алкогольсіз сусын өндірісінің көлемі – 1,59 млрд литр. Бұл он сегіз миллион тұрғыны бар мемлекет үшін, әрине үлкен көрсеткіш. Алайда ішкі нарыққа қажет жарты миллион тонна қанттың жартысы ғана өзімізде өндіріледі. Мәселен, былтыр Жамбыл облысы 157 мың тонна өнім өндірсе, Алматы облысы – 65,3 мың тонна, Алматы қаласы 2,6 мың тонна дайындаған. Яғни, жиыны – 225 мың тонна. Қызылша өсіруді жоғарыдағы екі өңірден бөлек, СҚО мен Павлодар облысының диқандары да қолға алып отыр. Десе де, әзірге ол жақта өнім өңдейтін кәсіпорын жоқ, Павлодарда қант зауытының құрылысы енді қолға алынды. Жалпы, қызылшаны өңдеп, одан қант алатын жеті зауыттың тек төртеуі жұмыс істеп тұр, қалған үшеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Үкімет 2027 жылға дейін кәсіпорындарды техникалық жағынан қайта жаңғыртып, ел аумағында қант зауытының санын сегізге жеткізу туралы жоспарды бекіткен. Ол жоспар толық жүзеге асқанға дейін импортқа тәуелдіміз.ЕАЭО НАРЫҒЫ КІМГЕ ТИІМДІ?
Қазақстан өнімнің үлкен бөлігін Ресейден сатып алатынын айттық. Бүгінде Мәскеу қант саудасын қыздырып, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Грузия, Сирия және Түркіменстан мемлекеттеріне 600-700 мың тонна экспорттап отыр. Себебі соңғы жылдары солтүстіктегі көршіміз қызылша алқабын кеңейтіп, құмшекер нарығына қожалық етуге қатты кірісуде. 2018 жылы Ресейде көкөніс көп шығып, 51 млн тонна қызылша жиналды. Федерация аумағындағы 69 қант зауыты 6,2 млн тонна дайын өнім өңдеп шыққан. Осылайша, былтырдан бері профицит қалыптасқан соң артығын алдымен одақтас елдерге өткізуді ойластыруда. Бірақ Ресейдің ұсынып отырған бағасы қымбат. Мысалы, ЕАЭО нарығына экспортталатын ресейлік қанттың бір тоннасы 511 доллар болса, одаққа кірмеген елдерден келетін өнімнің бағасы 338 доллар. Екі жыл бұрын да Қазақстанға ЕО мемлекеттерінен тоннасы 460 доллардан қант тасымалданған тұста, Ресей өз өнімін 540 доллардан ұсынған болатын.
МИНСК МЕН МӘСКЕУ АРАСЫНДА ҚАНТТАН ДАУ ШЫҚТЫ
Қаңтар айының соңында Беларусь баспасөзі елдегі қант зауытының басшылары жаппай ұсталып жатқанын жариялады. Ондағы деректерге сүйенсек, Беларусьтің шикізаты арзан бағамен Ресейге өткізіліп, өздеріне жоғары бағамен қайта сатылған. Бұл оқиға туралы Беларусь мемлекетінің президенті Александр Лукашенконың өзі бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Сірә, Мәскеуді мұнайды арзандатуға келістірудің ұзаққа созылғаны шымбайына батқандықтан да болар, Батька ресейлік нарыққа алаяқтық жолмен өнім өткізген қант зауытының басшыларын бірден қамауға тапсырма берді. Негізі, Ресей мен Беларусьтің арасындағы қант дауы 2000 жылдары басталған. Ішкі нарығын көршінің өнімі жаулай бастаған соң Мәскеу Минскіден кедендік алым төлеуді талап еткен. Содан бастап қант құрағынан алынатын өнім Беларусьтің өз ішінде сатылып, Ресей нарығына тек қызылша қанты кіретіндей келісім жасалды. Себебі Беларусьтің өз қажетін бір ғана қант зауыты өтеп бере алады, артығы экспортқа шығуы тиіс. 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құрылған соң оған мүше мемлекеттер арасында еркін экономикалық қатынастан кейін қантты кедендік бажсыз өткізу мүмкіндігі ашылды. Бұл одақтастарына қарағанда экономикасы үлкен Ресейге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ондағы кәсіпорындардың өнімді өңдеу қуаты да жоғары, тәулігіне 315 000 тонна қант қызылшасын өңдей алады. Салыстыру үшін айтар болсақ, Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған зауыттардың тәуліктік көрсеткіші 13 мың тонна ғана. Өңдеу қуаты төмен болғандықтан, өзімізде өсірілген қызылшаның көп бөлігі сиырға берілген кездер де болған. Дегенмен әлемдік нарықтағы қант бағасының арзандауы Ресей өніміне де әсер етуде. Былтыр қыркүйек айында Алматыда келісі 160 теңгеден сатылған құмшекер жыл соңында 130 теңгеге түсті. Импорттық өнім бағасының мұндай динамикасы сөз жоқ, отандық өндірушілерге қатты соққы. Себебі біздің зауыттарда өндірілетін қанттың өзіндік құны ҚҚС қоса алғанда 165-170 теңгеге барады. Жоғары бағамен бәсекелестікке шыдас беру қиын. Амал жоқ, мемлекет субсидия төлеп отыр. Қазір қызылша өсіретін шаруашылықтар әр тоннасына 9 000 теңгеден субсидия алады. Одан бөлек, тыңайтқышқа, техникамен жабдықтауға субсидия қарастырылған. Үкімет Агроөнеркәсіп кешенді дамыту бағдарламасы аясында 2021 жылы 121 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Ал 2027 жылға қарай импорт үлесін 90%-ға азайту міндеті жүктелген. Былтыр қазақстандық қант, азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы 2024 жылға дейін ЕАЭО-дан әкелінетін өнімге 5% көлемінде кедендік баж енгізуді ұсынды. Оған қоса, Ресейден 50 000 тоннадан артық қантты әкелуге квота қажет. Қауымдастық мамандарының айтуынша, осындай шаралар қабылдау арқылы сырттан келетін өнім көлемін тежей аламыз.