«AMANAT» партиясының Алматы қалалық және аудандық филиалдарындағы қоғамдық қабылдауға келушілердің қарасы үзілмейді. Келушілердің көпшілігінің талап-тілектері оңынан шешіліп жатады. Соңғы екі айдың өзінде 30-дан астам тұрғынның мәселесі шешімін тапқан.
Мәселен, жақында партияның Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне Дінмұхамед Шардарбек есімді азамат келді. Ол партия филиалына тұрғын үймен қамтамасыз ету, сонымен қатар жұмысқа орналасуға көмектесу туралы өтінішпен жүгінген. Оны партияның Алматы қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қайрат Бисембаев қабылдады.
Қабылдау нәтижесінде мәселе жан-жақты қаралып, өтініш оң шешімін тапты. Біраз уақыттан бері жұмыссыз жүрып, әлеуметтік жағдайы нашарлап кеткен азаматқа тегін жатын орын мен тамақ беріліп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетілді. Қазір ол азамат – қаладағы «Ақ қайың» шипажайында қатардағы жұмысшы. Алдағы уақытта тұрақты тіркеуге тұруға да партия қол ұшын береді.
Алматы қаласында жауын-шашын мол жауған уақытта тұрғындарды біршама әбігерге түсіретіні рас. Осындай жағдайдан зардап шеккен бір топ тұрғын жақында партияның Алмалы аудандық филиалына жүгінді. Мәселеге қатысты мегаполистегі Тастақ-2 шағын ауданындағы бір топ тұрғынның атынан Т.Кондрат есімді азамат арыз-шағым түсірген. Шағымданушылардың айтуынша, 4 айдан бері олардың үйлеріне тиесілі жер учаскелері мен оған іргелес жолды жиі-жиі су басып, әуреге салған. Бұл туралы коммуналдық қызметтерге сан мәрте қоңырау шалғанымен, ешқандай нәтиже болмаған. Арызданушы амалсыз соңғы үмітін арқалап, «AMANAT» партиясына келген.
Шағымданушының өтініші негізінде қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанованың басшылық етуімен арнайы тексеру тобы құрылып, мәселе туындаған аумақты аралап шықты. Аралау кезінде арыз-шағымда көресетілген мәселе расталды. Артынан, бұл мәселе Алмалы аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралды. Зақымдану орнын іздестіру және оны жою үшін «Алматы су» МКҚК мен қалалық төтенше жағдайлар қызметіне хат жолданды. Партияның араласуынан кейін жауапты орындар құбырдың тесілген жерін тауып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, аумақты су басу тоқтатылды.
«AMANAT»-тың қалалық филиалына әлеуметтік ғана емес, құқықтық тұрғыдан көмек сұрап келушілер де бар. Солардың бірі – Фатима Идирисова. Арызданушының айтуынша, ол 2-топтағы мүгедек ұлын 10 күндік емдеу курсынан өткізу үшін арнайы пансионатқа жатқызған. Ұлының емі үшін 215 000 теңге төлеген. Алайда емдеу орны Ф.Идирисованың ұлын 5 күннен соң үйге шығарып жіберген. Сонымен қатар толық 10 күндік ем үшін төленген қаржының қалған бөлігін қайтармаған. Арызданушы партия тарапынан өзіне тиесілі қалған соманы қайтарып беруге ықпал жасауды сұрады.
Тұрғынның арыз-шағымында көрсетілген мәселені шешу үшін партияның Алматы қаласы Түрксіб аудандық филиалы «Заңгерлік Көмек» акциясы аясында арызданушыны адвокат Данияр Смағұловпен кездестірді. Нәтижесінде, заңгер келісімшартқа сәйкес қаражатты қайтаруды талап ету керектігін айтты. Сонымен қатар ол Ф.Идрисоваға өтінішті ресімдеуге көмектесіп, шағым құзырлы органдарға жолданды. Сот шешіміммен бұл мәселе оң шешілді. Емдеуші пансионат өтініш берушіге бастапқыда толық ем-дом үшін төленген соманың 50 пайызын қайтарды. Фатима Идирисова «АМАNАТ» партиясының қалалық филиалына шексіз алғысын білдірді.
Партияға көмек сұрап келушілердің арасында өздерінің маңдай терімен тапқан еңбекақысын ала алмай жүргендер де бар. Солардың бірі – «Құрылыс Жамалов» ЖШС-ның атынан өтініш білдірген Мадияр Шыбықбаев. Оның айтуынша, «RAMS Kazakhstan» ЖШС бұл басқаратын мекемеге атқарған жұмыстары үшін төленуі тиіс 2,7 млн теңге көлеміндегі берешегін төлемеген.
Өтінішті қарау кезінде «АМАNАТ» партиясының Алмалы аудандық филиалы өтініш берушілер мен құрылыс компаниялары басшыларының қатысуымен екі рет дөңгелек үстел ұйымдастырды. Әңгімелесу барысында компания өкілдерімен келісе отырып, жұмыстың бір бөлігін (1 млн теңгеге) басқа компания атқарғаны анықталды. Партияның араласуымен арызданушының ЖШС-ға қалған заңды 1,7 млн теңгені төлеу туралы шешім қабылданды.