Қазақ жеріне табиғаттың өзі сыйын молынан бергендей. Әсіресе, біздің даланың жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне қызыға көз салатындар көп. Сонау Біріккен Араб Әмірлігінен келген инвестор Жамбыл жерінде сұңқар құсын баптауға қызығушылық танытқан. Алайда араб шейхі құмартқан жобаның іске асырылуына түрлі қиындық қолбайлау болып тұр. Сарысу ауданындағы «Жайлаукөл» аңшылық шаруашылығы өзгелерден аң-құстарының санымен ерекшеленеді. Шаруашылық сайын дала төсіндегі 210 702 гектар алқапты алып жатыр. Ал ең бастысы, 2013 жылы мұнда «Агентство Миллениум Сокол» ЖШС құрылып, сұңқар өсірумен айналыса бастады. Кейіннен мұнда арнайы тәлімбақ құрылып, қыран құстардың жеміне қажетті бөдене, кептер, тышқан өсірілді. Тәлімбақты Бірікен Араб Әмірлігі елінің азаматы Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери қаржыландырған. Сол кісінің қаржыландыруымен «Жайлаукөл» аңшылық шаруашылығына 2017 жылы 10 сұңқар тұқымдас құс әкелінген екен. Қазір олардың саны 121-ге жетіпті. Құстардың ішінде ителгі, лашын, сұңқар да бар. Көбі ақ сұңқарлар. Ақ сұңқар елімізде жойылып кету алдында тұрғандықтан, бұл шаруашылық Қазақстан үшін үлкен олжаға айналғалы тұр. Себебі Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери мен тәлімбақта өсірілген құстардың 40-50 пайызын бостандыққа жіберу туралы келісімшарт жасалыпты. Дегенмен ерекше жобаның кең қанат жаюына кедергі көп.
– Инвестордың Жайлаукөл жерін таңдауы бекер емес. Бұл елді мекен «Құс жолы» бойында орналасқан. Сондықтан Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери дәл осы аймақтан тәлімбақ ашуға қызығушылық танытты. Өйткені оның Марокко, Кувейт, Баку, Абу-Даби сынды елдер мен қалалардағы тәлімбақтары Жайлаукөл сынды ерекше аймақтарда орналасқан. Негізі, арабтар бір жерге қаржы салмас бұрын оны жан-жақты зерттейді. Ал Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджеридің ата-бабалары құс өсірумен айналысқандықтан, олар текті сұңқар қай жерден шығатынын біледі. Сондықтан Жайлаукөлден 25 гектар жер алып, үлкен тәлімбақ ашты. Алайда сұңқар құсы ерекше күтімді қажет ететіндіктен, жоспарлы жұмысымыз межелі көрсеткішке жете алмауда. Бірақ сұңқарлар да бүркіт сияқты 6-7 жұмыртқа басса, соның үшеуін ғана шығарады екен. Олардың күтімін 6-7 айға дейін жасамасаң қанаты қатайып кетуі қиын. Сондай-ақ жұмыртқа басып жатқан құсқа арнайы жем алып беру үшін қиналдық. Дәрумені бар біздің елдегі жемдер жарамады. Ал шетелден алдыру әлемдік пандемияға байланысты мүмкін болмады. Осылайша, тығырыққа тіреліп, жұмысымыз әу бастағы жоспардан ауытқыды, – дейді «Агентство Миллениум Сокол» ЖШС-ның бас директоры Еркін Оспанов.Тағы бір айта кетерлігі, ақ сұңқарлар өте қызғаншақ болады екен. Балапан басып жатқан құсқа бөтен адам кіретін болса, ол жұмыртқаларын қанатының астына қысып алып, оны шұқып, жарып та тастайтын көрінеді. Сондықтан балапан басқан құсқа жем-суын тек бір ғана адам береді. Бірақ құстың жайын білетін білікті мамандар да табыла бермейді. Жергілікті жердің жігіттерін шейх Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери Біріккен Араб Әмірлігінде тегін оқытуға уәде етсе, шетел асып білімін шыңдауға ниетті бірде-бір азамат табылмапты. Серіктестік басшылығы бір жасты арнайы дайындаса да, ол да кейіннен сөзінен тайқып кеткен екен. Осылайша, серіктестік маман тапшылығын сезінуде. Ал шетелден құстың тілін білетін мамандарды шақырайын десе, оның машақаты көп.
– Негізі, инвестор маман жіберуге қарсы емес. Алайда біздің елдің заңы бойынша оларды Жамбыл жеріне кіргізу қиындық тудырып жатыр. Заң шеңберінде шектеу көп. Содан Германия мен Оңтүстік Кореядан алдырған инкубаторды да қолдана алмай отырмыз. Құстардың өздігінен балапан басуы қиын болғандықтан, инкубатор әдісін пайдалануды ойлағанбыз. Алайда жұмыртқаны инкубаторға салу үшін оның қабығын жұқарту, күн сайын шайқап тұру сынды техниканың тілін әлі күнге біле алмай келеміз. Сұңқар құсының балапаны тауықтың балапаны сияқты өздігінен жұмыртқаны жарып шыға алмайды. Сондықтан жұмыртқаның өзіне ерекше күтім қажет. Соны үйренуге шетелге маман жіберейік десек, бәрі ат тонын ала қашуда. Мамандарымыз орта есеппен 150 мың теңге айлық жалақы алады. Егер техниканың тілін үйреніп келсе, шейх жалақысын еселеп өсіруге дайын. Алайда біздің жігіттер тегін оқудан қашып отыр, – дейді серіктестік директоры.Биылғы қыркүйекте Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери Жайлаукөлге 10 күнге келіп кеткен екен. Алайда ел қазынасына қаржы салып отырған инвесторға жергілікті билік тиісті деңгейде құрмет көрсете алмапты. Еркін Оспановтың айтуынша, шейх тозығы жеткен Жайлаукөлдің жолына жаңа жабынғы төсетіп, мешітке де қомақты қаржымен көмек көрсеткен екен. Сондай-ақ тұрғындарының 50 пайыз көшіп кетіп, мектебі жабылу алдында тұрған Қамқалы мен Жайлаукөл ауылының тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтыған. Соған қарамастан жергілікті билік шейхқа аңшылық жасауға рұқсат бермей қойыпты.
– Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджериден келіп жатқан пайда болмаса, зиян жоқ. Тәлімбақты толықтай өзі қаржыландырып отыр. Айына шамамен кемі 15-16 миллион теңге инвестиция құюда. Тәлімбақтағы құстар да, техника да соның меншігінде. Алайда жылына бір рет келетін шейх аңшылық жасайтын құсын да, оған қажетті аңын да өзімен бірге алып келсе де, аңшылық шаруашылық былай тұрсын, тәлімбақтың аумағының өзінде билік аңшылық жасауға рұқсат бермеуде. Оған себеп – елімізде сұңқармен аңшылық жасауға рұқсат жоқ екен. Таңғалатыным, бүркітпен аңшылық жасауға болады да, неге сұңқармен жасауға болмайды? Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери аңшылық билетінің құнын төлеп, өз құсы мен оған салатын аңын да өзімен бірге әкеліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, біздің табиғатқа келіп отырған еш зиян жоқ. Алайда біздің билік соның өзінде рұқсат бермейді. Бірақ Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери тәлімбақты құстарды қонақтатып қою үшін ашқан жоқ қой. Ұшпай, отырып қалған құс ертең бойына ет жинап, мүлде қанат қаға алмай қалатын күйге түседі. Ал ондай құс арабтарға қажет емес. Содан ел қазынасына құйылып жатқан миллиондаған қаржыдан қағылып қаламыз ба деп отырмын, – дейді Е.Оспанов.Серіктестік басшысының сөзі орынсыз дей алмассың. Елге өзі аяғымен келіп тұрған инвестицияны ұқсата алмағандардың әрекеті ақылға қонбайды. Орта есеппен айына 15 миллион теңгеден құйылып жатса, жылына 200 миллион теңгеге жуық қаржы келіп жатыр деген сөз. Серіктестік басшылығы аңшылық жасауға рұқсат берсе шейх инвестиция көлемін тағы өсіруге ниетті екенін айтады.
Жамбыл облысы