Торғайдан түлеп ұшып, қазақ көгінде қалықтаған қыран, әй-әйімен айтыста қазағын әлдилеген ақын еді. Ақтаңгер ақын, сазгер, журналист Қонысбай Әбіл 69-ға қараған шағында өмірден өтті. Торғай топырағынан шығып, алты Алаштың ардақтысына айналған тұлға еді. Ол арқалы ақын ғана емес, қаламы жүйрік журналист ретінде де танылды. Әр жылдары түрлі басылымда еңбек етті. «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары, «Арқалық таңы» газетінің редакторы, Торғай облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы секілді бірқатар жауапты қызметтерде болды. Ұлт руханиятының өркендеуіне айрықша үлес қосты. Халық ақыны атанды. Өрелі өнер иесі Айтыс өнерінің тұтас дәуіріне айналған Қонысбай Әбіл ағам да Алланың алдына қайтыпты. Бала кезімізден осы ағаларымызға еліктеп ержеттік. Ең алғаш Қоныс ағамның мақамына салып айтысқа шыққаным жүрегімнің төрінде. Төл өнеріміздің төрінде ешкімге ұқсамайтын өз болмысын қалыптастырды. Жүрген жерін думандатып, күлдіріп жүретін еді. Торғайда туып, Алаштың аяулы ақыны бола білді. Ұлт руханиятының өркендеуіне елеулі үлес қосты. Сан қырлы өрелі өнер иесі еді. Мәңгілік қонысың жұмақтың төрі болсын! Алдың пейіш, артың кеніш болсын! Бақұл бол, асыл ағам!
Аманжол ӘЛТАЕВ, Мәжіліс депутаты
Оның мақамының өзі ерекше болатын Біздің айтыс ақындарының көшбасында тұратын Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбіл, Әсия Беркенова өткен ғасырдың 90-жылдары республикалық айтысқа шыққанда алғаш танысқан ақындарымыз еді. Айтыстағы ең алғаш айтысқан жұбым да Қонысбай Әбіл еді. Содан бері ағалы-інілі болып, араласып келе жатыр едік. Ажалға тоқтау бар ма?! Көз көрген адамдардың қатары сиреп бара жатқанына өкінесің. Былтыр Әселхан апамыздан айырылып қалдық. Биыл Қонысбай ақыннан айырылып жатырмыз. Өмір өз арнасымен ағар, бірақ айтыс саласының көш басында тұрған аға-апаларымыздың өмірден беймезгіл кетіп жатқаны қабырғамызға батады. Қонысбай ақын қарсыластарының ешқайсысын маңдайынан шертіп, біреуін ренжіткен ақын емес. Кіммен айтысса да, бәрінің қас-қабағына қарап отырып, жүрегіне салмақ салмаған ақын. Әселхан апамызбен айтысқан кезде баяғыда: «Дұрысы қыздармен айтысқанда, домбыра ұстап, әшейін шықсам ба екен» дегені бар еді. Соның өзі сатираға құрылған, юморлығы басым, халықтың жанына жұмсақ, тілге жеңіл сөздерді айтатын еді. Айтыста ол көтерген әлеуметтік мәселе өте көп. Тіпті, Торғай жабылғанда бозторғайдай шырылдап: – Құдайым алам десе қоймайды екен, Жығылған күреске де тоймайды екен. Үкіметтің басына кім келсе де, Торғайды ашып-жауып ойнайды екен, – дегені әлі есімізде... Оның айтыстағы мақамының өзі ерекше еді. Оның айтқан әзіл-қалжыңының бәрі енді аңыз-әпсанаға айналып қалды. Қонысбай ақын біздің мәңгі жүрегімізде сақталады. Қонысбай Әбіл, Есенқұл Жақыпбек, Әселхан апаларымыздың орны бөлек еді. Өмір деген сол: «бір жығылып, бір тұрасың, қатарың кетсе, тойдан да қаласың» деген. Асыл ағаның жаны жәннатта болсын! Бақұл бол, ардақты ақын!Айтақын БҰЛҒАҚОВ, ақын
Айтыстың даусыз жүйрігі еді... Қонысбай аға туралы өткен шақта сөйлейміз деп ойладық па? Тіпті, естелік жазамын деп те ойламаппын. Ағамыз үнемі жарқылдап күліп, айналасын да күлкіге көміп жүретін жайдары жақсы адам еді ғой. Суырыпсалма шешендігі, табан астында тауып айтатын айтқыштығы бөлек еді. Сонау 80-жылдары айтыс алғаш эфирге шыққанда соның аяққа тұруына өлшеусіз еңбек сіңірген бір қауым ақындардың қатарында Қонысбай ағаның қолтаңбасы анық көрінеді. Отызды орталаған шағында Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова сияқты замандастарымен қатар «Қазақстанның халық ақыны» атануының өзі сол еңбегінің, күмәнсіз талантының жемісі еді. Қазіргі айтыстың ақсақалы Жүрсін Ерман ағамыз әлеуметтік желідегі жазбасында: «Айтыстың жаңғыруына, қайтадан түлеуіне көп үлес қосқан тұлға еді. Осы өнердің көне дәстүрлерін жаңа дәуірге лайықтап, Нұрқанның атын ардақтап өткен қайран Қонысбайдан да өтті бұл дәурен!» деп өзегін өртеген өкінішін ақтарыпты. Қоныс ағамыз шындығында көзі жұмылғанша атақты халық ақыны Нұрқан Ахметбековті өзіне пір тұтып, тектілердің тал бесігі Торғайын жырмен әлдилеп өтті. Торғайды «ашып-жауып» ойнаған шенеуніктерді айтыстарда аямай шенеді, заманында қазақты қойдай қырған Ермактың ескерткішін құлатуға жырымен үлес қосты. 1990 жылы қазіргі Республика сарайында өткен Наурыз айтыста алдаспан ақын Ерік Асқаровпен айтысып, әлі тағынан таймаған Кеңестер Одағының басшысы Горбачевті де сынның садағына алды. Ол айтыс атамұра өнеріміздің тарихында алтын әріппен жазылған қайталанбас құндылыққа айналды. Қонысбай аға қарсыласына қатты сөз айтпай, аялап отырып айтысатын ақын еді. Не болса да әділетін айтуға тырысатын. Біреуге тілмен жазықсыз қиянат жасауға қарсы еді. Өзі де бір айтысында өзінің осы мінезі туралы: – Қашанғы қалыптасқан тәртіппенен, Атымның ауыздығын тартып келем. Біреуге жазықсыз тіл тигізгеннен, Өзім сөз естігенді артық көрем, – деп жырлаған екен. Бұл ақынның бір ерекшелігі десе болады. Бірақ ұлттың мәселесіне келгенде арқаланып, төгіп-төгіп жіберетін дауыл жыры бар еді. Қонағаңның ол мінезі шәкірті Айбек Қалиевке де дарып, биязы мінезімен бипаздап отырып-ақ халықты талай дүр сілкіндіргенін көзқарақты көрермен жақсы біледі. Астана Арқаға қоныс аударғанда ол саяси орталық қана емес, айтыстың да алтын діңгегіне айналды. 2000-жылдары айтыс аламанының алдын бермей жүрген Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев, Жібек Болтанова, Шырынбек Қойлыбаев, Ринат Зайытов, тағы басқа ақындар елордаға жиналды. Кейін бұл қатарды Айнұр Тұрсынбаева, Әсем Ережеқызы, Еркебұлан Қайназаров, Иранғайып Күзембаев, Сара Тоқтамысова, Мұхтар Ниязов, Өміржан Көпбосынов, Нұрмат Мансұров, Жандарбек Бұлғақов, Мейірбек Сұлтанхандар толықтырды. Солардың барлығының көш басында халық ақыны Қонысбай Әбілев тұрды. Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының алғашқы басшысы болып, талай аламан айтыстарды ұйымдастыруға ұйытқы болды. Елорданың қазақшалануына, ұлттық руханияттың орнығуына көп жұмыс істеді. Соңынан ерген айтыстағы ізбасар іні-қарындастарының әлеуметтік жағдайына да қол ұшын созып жүрді. Алғашқы лек ақындардың қатарында келген маған бұрын сырттай ғана танитын Қонысбай ағамен қоян-қолтық араласуға мүмкіндік туды. Талай ұзақ сапарға бірге шығып, отбасымен де жақын араласып кеттік. Көкшетаулық халық ақыны Көкен Шәкеев туралы тамсанып айтқан талай әңгімесін тыңдадым. Торғайдан шыққан тұлғалар туралы таңды таңға ұрып айтатын. Бір сапарда қазақтың дүлдүл ақыны Ғафу Қайырбековтің қызықтарын айтып ішек-сілемізді қатырып еді. Өзінің сатириктігімен қатар, кейіпкерінің дауысын салып тұрып айтатын пародистік те қабілеті болатын. Сапарға бірге шықсақ жалықпайтынбыз. Ішіндегісін бүкпей, әңгімесін ақтарылып айта беруші еді. Өзінің жалғыз ұлы Нұрқанның мектебінде өтетін шараларға мені шақырып алатын. Ата-аналардың жиналысында «біздің атымыздан Нұрқанның ағасы, шәкіртім Серікзат өлең айтады» деп жаздырып қоятын. Қонысбай ағаның журналистік қызметін, жазба поэзиядағы орнын замандастары жақсы біледі. Республикалық, облыстық газеттерде тілші болғаны, Торғай облыстық телевизиясын ашқаны өз алдына ұзақ әңгіме. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ұлтының жоғын жоқтап өтті. Соңында абыройлы ісі мен ақындық үні, азаматтық сөзі қалды. Енді асыл ағамыздың «айналайын» деп тұратын жұмсақ дауысын сағынатын болдық. Жатқан жеріңіз жарық болсын, қадірлі Қоныс аға! Біз сіздің жарқын бейнеңізді ұмытпаймыз.Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, ақын, Жазушылар одағының мүшесі