«Бұл ит өткен жылдың қарашасында маған шабуыл жасаған еді. Ақыры, міне кішкентай жиенім зардап шегіп отыр. Ал итті қорғаушылар болса, қаңғыбас итті емес, Сафиямды кінәлі етіп қойды» деп жазды Әсем.Статистика төртаяқтылардың көп жағдайда ойын баласына шабуыл жасайтынын көрсетіп отыр. Топ-тобымен қала көшелерінде емін-еркін ағылып жүретін қаңғыбас иттер күн суыта адамдарға шабуылдай бастайды.
«Шыны керек, күн қысқарып, түн ұзарған сайын жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Балалар таңертең сабаққа кетеді. Мектеп бәрімізге бірдей жақын емес қой. Баланы үйден бір сағат бұрын шығарып жіберіп, аялдамаға жеткенге дейін 5-6 рет телефон соғып отырамын. Одан автобустан түсіп, мектепке барғанға дейін тағы 3-4 рет хабарласамын. Таңертеңгілік ауысымда 1, 4-сыныптағы балаларым оқиды. Кейде қатты жаңбыр жауып, иә үскірік аяз болып жатса, көршілермен бірігіп, балаларды такси жалдап мектепке жібереміз. Мектеп үш ауысымдық болғандықтан, түстен кейін оқитын қызым кешкілік жай шығады. Күннің қараңғысында қызымды күтіп алуға өзім барамын. Жасқа толмаған кішкентайымды мұндайда бастауыш сыныптағы ағалары қарап қалады. Әкелері отбасын асырау үшін үй көрмей, вахтамен жұмыс істейді. Үйде көп жағдайда кішкентай сәбиіммен өзім қалатындықтан, балаларды үнемі мектепке таси алмаймын. Шәуілдеп шапқылап жүрген иттерден қатты қорқамын. Қаңғыбас иттер мәселесін біржақты етпесе болмайды», – дейді көпбалалы ана Малика Мәлікқызы.Мәселені біржақты ету дегеннен шығады, қаланы көше кезген қаңғыбас иттерден тазалауда жергілікті билік қауқарсыз. 2020 жылға дейін Атырауда қаңғыбас иттерді атумен жеке кәсіпкерлер айналысып келді. Бірақ кейін бұл істі Атыраудағы қалалық ветеринария бөліміне тапсырғаннан кейін көше кезген иттерді атуға жануарларды қорғаймыз деп жүрген волонтерлер қарсы шықты. Сондықтан иттер қазір тек ауланады. Мердігер мекеме өкілі Мұқаш Жабасовтың айтуынша, қауіптілік деңгейін анықтау үшін ауланған иттер тесттен өткізіледі екен.
«Қауіпті болмаса жануарды кастрация жасап, құлағына сырғасын саламыз. Ішек құртын, бүргесін тазартып, құтыруға қарсы егеміз. Он күн бақылауда ұстағаннан кейін бұрынғы жеріне апарып қайта жібереміз. Қауіпті иттер оқшауланады», – дейді Мұқаш Жабасов.Осы жұмыстарға бюджеттен 31 миллион теңге қаражат та бөлінген. Бірақ тұрғындардың дені иттерді аулап, бір-екі екпеден соң оларды босата салуға қарсы. Тіпті, осы қарсылықтарын ашық білдіріп, шеруге шыққан атыраулықтар да бар.
«Балам оқитын мектептің жанында үнемі қаңғыбас иттер шәуілдеп жүреді. Бес-алтауы бірігіп алып, әрлі-берлі топтасып жүріп, ұлымның сыныптасын қауып алған еді. Содан бері баламның денсаулығы, өмірі үшін қорқамын. Қаңғыбас иттерді ату керек», – деді шеруге жиналған аналардың бірі Зухра Ильясова.Бір өкініштісі, иттер екпе алғаннан кейін 100 пайыз қауіпсіз болады дегенге сену қиын. Өйткені иесі бар иттердің өзі ара-тұра адамға шабуыл жасайды. Әрине, қоғамға ізгілікті дәріптеген дұрыс. Бірақ иттерді қорғап, қоғамды ізгілендіреміз деп жүргенде алаңсыз жүрген ойын баласының зардап шегіп жатқаны алаңдатады...
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы