Қазақта «Сақтансаң, сақтайды» деген аталы сөз бар. Әйтсе де, елдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тағы бір нәубет төніп келе жатқанға ұқсайды. Республикада соңғы жылдары лифтілердің құлау оқиғалары жиіледі. Сонымен қатар апатты жағдайға жеткен жеделсатылардың саны да күрт артты. Оларды ауыстырудың тетігі ретінде қарастырылған «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру тоқтатылды. Осы орайда көпқабатты тұрғындар тарапынан «Бұл саланың ендігі ахуалы қалай болады?», «Елдегі апатты жағдайдағы құрылғылардың жалпы саны қанша?», «Олар неге жиі құлайды?» деген сауалдардың туындауы заңды.Көтергіштен құлатқышқа айналды
Ресми мәлімет бойынша, еліміздегі көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылған лифтілердің жалпы саны 2022 жылы 19 581-ге жетті. Соның ішінде 4 231-інің пайдаланылғанына 25 жылдан асқан. Олардың жағдайы мәз емес. Әрбір жеделсатының пайдалану мерзімі – 25 жыл, содан соң оны толығымен алмастыру қажет. Ал біздегі тұрғын үйлерде әзер қозғалып жүрген көне лифт көп. Олардың мыңдағаны құлау алдында тұруы ықтимал. Жалпы алғанда, республикада жеделсатыларға қызмет көрсетуші 130 компания бар.
Астанадағы 5 368 лифтінің 73-і жедел ауыстыруды талап етеді. Бірақ бұл ресми сан шындық ауылынан алыстау сияқты. Себебі елорданың өзінде лифтісі жиі тоқтап қалатын жаңа үйлер жетерлік. Ең ауыр жағдай Павлодар облысында көрінеді: жалпы саны 1 867 лифт болса, соның 1 132-сі ширек ғасырдан бері қолданылып келеді. Одан кейін Қарағанды облысындағы жағдай үрейлендіреді: 1 341 лифтінің 852-сінің қолданыс мерзімі өтіп кетсе де, әлі күнге тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Үштікті түйіндейтін Шығыс Қазақстан облысында да ахуал алаңдатады: 1 612 құрылғының 405-сі ұзақ уақыттан бері қолданылғандықтан, шұғыл жаңартуды қажетсінеді.
Еліміздегі ең ірі әрі ауқатты мегаполистің де жағдайы оңып тұрған жоқ: Алматыдағы көппәтерлі үйлерде тұрған 5 400 жеделсатының 370-і апатты жағдайда. 2022 жылғы 30 қарашада Алматыдағы жаңадан тұрғызылып жатқан тұрғын үй кешенінде лифт құлап, бір адам қаза тапты.
4 қарашада Петропавлдағы көпқабатты үйде лифт құлап, бір адам қаза тапты. Құрылғының тросы үзіліп кеткен.
7 қыркүйекте бас қаладағы «Керемет» қоғамдық монша кешенінде адамдар отырған лифт салмаққа шыдай алмай, төменге құлағаны белгілі болды. Оқиға куәгері Ерғали Әбішев сол сәтте түсірілген бейнероликті әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап, пікір қалдырды.
«Оның тым биіктен құламағаны жақсы болды. Биіктік шамамен 5-6 метр еді. Құзырлы органдардан аталған лифтіге қызмет көрсетуге жауаптылардың бәрін қылмыстық жауапқа тартуды талап етеміз! Лайықты жазаға тартпаса, тиісті қадағалау да болмайды, демек, міндетті түрде адамдар жазым болады! Лифтінің жүк көтеру қабілеті 800 келі, 10 адам деп жазып қойылған. Ал төтенше оқиға болғанда оның ішінде тек сегіз адам болды, олардың жиынтықты салмағы 553 келі ғана» деп жазды елорда тұрғыны.
Оның алдында, биылғы тамызда Астанадағы көпқабатты үйде жеделсаты үшінші қабаттан құлап түскен. «1 тамызда елордалық құтқарушылар Күйші Дина, 31 мекенжайындағы тұрғын үйде төтенше оқиға болғаны туралы хабар алып, аттанды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар лифтінің үшінші қабаттан үзіліп құлағанын анықтады. Оның ішіндегі екі зардап шегуші құтқарушылар келгенше, өз бетінше сыртқа шықты» деп хабарлады елордалық құтқарушылар.
Биылғы 29 маусымда Алматыда тосын оқиға тіркелді. «Mega Towers» тұрғын үй кешенінде істен шыққан жедел саты 25 қабатты ғимараттың төбесіне соғылып бір-ақ тоқтаған. Өкінішке қарай, лифтілерге қызмет көрсетуші фирмалар да, ақаулы құрылғы орнатқан құрылыс компаниялары да жазаға тартыла бермейді.
Лифт орнатуды кім көрінген кәсіп етеді
Соңғы төрт жылда, яғни 2018-2022 жылдар аралығында Қазақстанда жеделсатыларға қатысты оқиғаларда онға жуық адам қаза тапқан, одан да көбі жараланған. Ал егер тұрғын үйлердегі әбден көнерген 5 мыңдай құрылғының бәрі құласа не болады? Елестетудің өзі қорқынышты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі лифт секілді қауіпті техникалық құрылғылардың техникалық ақаулары салдарынан өлім-жітіммен аяқталған апаттар, жазатайым оқиғалар саны өскенін растады. Ведомствоның дерегінше, 2017-2019 жылдар аралығында Астанада ғана лифтілер, эскалаторлар, фуникулерлар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіштерде 40-тан астам оқыс оқиға болған. Павлодарда 63 оқиға тіркелді. Адамдар зардап шеккен ұқсас оқиғалар кейінгі жылдары Алматы, Ақтөбе, Атырау, Лисаков және басқаларында болған. Мұндай оқиғалар тек көбейе беруі ықтимал.
Сондықтан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін министрлік лифт орнату қызметтері нарығында рұқсат беру рәсімін енгізуді ұсынды. Әйтпесе, ИИДМ мәліметінше, осы қауіпті техникалық құрылғыларды техникалық куәландырумен де, сондай-ақ оларға техникалық қызмет көрсетумен де кездейсоқ заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерліктер, тіпті жеке тұлғалар айналыса береді. Құрылыс компаниялары немесе тапсырыс берушілер олардың арасынан ең арзан баға ұсынатынын таңдайды, ал оны орындаушының білікті мамандары, өндірістік базасы болмауы мүмкін. Сорақысы сол, апат бола қалған жағдайда, ондай қызмет көрсетушілердің апаттық қызметі, ақауларды жедел жоюға қажетті жабдықтары мен қосалқы бөлшектері, жабық лифт ішінен жолаушыларды құтқарушы күш-құралдары болмай шығады.
Сол себепті министрліктің бастамасымен саланы ретке келтіру жұмыстары қолға алыныпты. Лифт саласындағы нарықтың барлық қатысушысына – өндірумен, орнатумен, қызмет көрсетумен айналысатындарға біліктілік талаптары заң жүзінде орнатылуы тиіс. Олар уәкілетті органның рұқсатымен ғана жұмыс істей алуы қажет. Мұның бәрі қолданыстағы заңнаманы түбегейлі өзгертуді талап етеді. Себебі бұрынғы билік тұсында Үкімет бұл саланы рұқсат беруден хабарлама тәртібіне көшіріпті. Салдарынан кез келген адам қолында еш құралы болмаса да, Кореядан, Қытайдан не Беларусьтен лифт сатып әкеліп, оны сатумен шектелмей, соған қызмет көрсететін фирма ашып, көзбояушылықпен айналысқан. Тек уәкілетті органға қызметімді бастадым деп хабарлама жіберсе болғаны. Ары қарай не істеп, не бүлдіріп жатқанын ешкім тексермейді, өзі би, өзі қожа.
Ал егер заң қатаңдатылса, онда заң бұзған, біліктілік талаптарына сай келмей, аттестат ала алмаған компаниялар лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды, мүгедектерге арналған көтергіштерді монтаждау, жөндеу, техникалық диагностикалау, техникалық қызмет көрсету, техникалық куәландыру бойынша жұмыстарды жүргізу құқығынан айырылады. Бұған қоса, оларды тұтынушылар, тапсырыс берушілер келісімшарт міндеттерін сақтамағаны үшін жауапкершілікке тарта алады.
Саланың бағын бағдарлама аша ма?
Мамандардың айтуынша, сырттағы желдің екпіні секундына 19 метрден асса, тоқтап қалатын жеделсатылар бар екен. Бұл параметр зауыт тарапынан бекітілуі мүмкін. Қыс пен жазда ауа температурасы 90 градусқа құбылатын (қыста -45, жазда + 45) солтүстік, орталық өңірлерімізде ондай қарқынды желдер жиі кездеседі, олай болса, лифт таңдауда мұқият болған абзал.
Ұлттық лифтшілер қауымдастығының президенті Ержан Игібаевтың түсіндіруінше, 2014 жылдан бері Қазақстанда лифтке қызмет көрсетуші компаниялардың қызметі лицензияланбайды. Салдарынан салада біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін компаниялар көбейді.
Білікті компания қызмет көрсететін жеделсатының ішінде біріншіден, жұмыс істейтін диспетчерді шақыру нүктесі болуы шарт. Екіншіден, апаттық қызметтің телефондары көрсетілуі тиіс. Үшіншіден, онда эксплуатациялау ережелері егжей-тегжейлі жазылған тақтайша ілініп тұруы қажет. Төртіншіден, лифтінің жыл сайынғы техникалық тексеруден өткені туралы қорытынды болғаны жөн. Оның нәтижелері лифт төлқұжатында жазылады. Қос құжат та пәтер иелері кооперативінің немесе мүлік иелері бірлестігінің төрағасына табысталады. Кез келген тұрғын оны сұратып, танысуға құқылы.
Бұдан бөлек, құрылғыға ай сайын тексеріс жүргізіліп тұруы шарт. Оның барысында машиналық бөлімнің, электрониканың, жүкшығыр, тростардың және басқасының жай-күйі қаралады. Темір арқандары шіріп, үзіліп жатқанына қарағанда, көптеген жеделсатының жағдайы бақыланбайтынға ұқсайды.
Егер лифт тоқтап қалса, басқа оқиға болса, онда сервистік, апаттық қызметке қоңырау шалу қажет, егер оның телефоны жауап бермесе, 112 нөмірі арқылы ТЖ құтқарушыларын шақыру керек. Телефон соғу мүмкін болмаса, шулап, көршілердің назарын аударған жөн. Әсіресе, өрт тұтанған шыққан кезде жолаушылардың жеделсаты ішінде көп болмағаны маңызды. Стандарт бойынша лифт ішінен эвакуациялау 40 минут ішінде жүргізілуі тиіс. Дегенмен бүгінде ірі қалаларда көше кептелісі жиі туындайтындықтан, бұл уақыт көбіне ұзарады.
– Лифт саласының басты екі проблемасы бар: біріншіден, кадр тапшылығы байқалады. Қызмет көрсетуші компаниялардың бір-екі маманы ғана болуы мүмкін. Әсіресе, электромеханиктер, лифт жабдықтарын монтаждаушылар тапшы. Елімізде Астанада ғана бір оқу орны лифт саласының кадрларын даярлаумен айналысады. Қалған мамандар тәжірибелі әріптестерінен көріп, өз бетінше үйренеді. Екіншіден, қызмет көрсетушілерді бақылау мүмкін емес. Оларды бақылауға шағын бизнесті тексеруге қойылған мораторий кесірін тигізіп отыр. Оны қазір тіптен ұзартып жатыр. Министрлікте де, әкімдіктерде де өз қызметіне жүрдім-бардым қарайтын компаниялар ешқандай шара қолдана алмайды, – деді Е.Игібаев.
Қалай болғанда, елімізде лифт шаруашылығын жаңғырту шаралары тым баяу жүруде. Бүгінде әр өңір оны өз бюджетінің мүмкіндігіне қарай жүзеге асыруға тырысып бағады. Көштің басында Алматы қаласы. Мегаполисте 2018 жылы қолданыс мерзімі өткен шамамен 1500 лифт болған. Қазір одан шамамен 370-і қалды. Сондықтан сарапшылар салалық жеке бағдарлама қабылдауды ұсынады. Өйткені тек лифтілерге ғана емес, өзге де көтергіш құралдарға қатысты мәселе көп. Бағдарлама аясында мүгедектерді биікке көтеретін құрылғылардың тапшылығына қатысты түйткілдер де шешімін табар еді.