«Батыс Еуропа немесе басқа да елдердегілермен салыстырғанда біздің «Қызыл кітаптың» айырмасы осында. Көптеген елде оны ғылыми институттар немесе қоғамдық ұйымдар шығара береді. Бізде және ТМД елдерінде «Қызыл кітаптың» заңдық мәртебесі бар, сондықтан оның жасақталуы мемлекеттің бақылауында. Яғни, Үкімет жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiн бекітеді. Соның негізінде әзірленген «Қызыл кітап» аң және өсімдік түрлері туралы толыққанды ақпаратты қамтиды. Онда аңның латынша, қазақша, орысша атауы, құрып кеткен немесе жойылып бара жатқан, қалпына келген түр бойынша мәртебесі көрсетіледі», – дейді Роман Ященко.Оның айтуынша, Қазақстанның «Қызыл кітабының» екінші басылымы 1991 жылы шыққан. Қаржы тапшылығына байланысты ротациялық көшірме арқылы бар-жоғы 500 данасы басылған. Онда иллюстрация мүлде жоқ, тек жануарға қатысты мәліметтің мәтіні берілген. Қазір бұл кітап өте аз қалған, сирек кезеседі. Бірінші басылымда тек омыртқалылар – амфибия, рептилия, құстар, сүтқоректілер, балықтар берілген еді. Ал екінші басылымда омыртқасыздар енгізілді. Омыртқасыздарға 85 зиянкес – шаянтәрізділер, өрмекшітәрізді, молюскілер кіргізілді.
«Кезекті «Қызыл кітаптың» бірінші томы екі бөліктен тұрады. 1996 жылы «Қызыл кітаптың» І томының бірінші бөлігі әзірленген. Үшінші рет шығып отырған басылымда омыртқалының 125 түрі – оның ішінде 16 балық, 3 қосмекенді, 10 бауырымен жорғалаушы, қосмекендінің 40 түрі мен түршесі алынды. Басылымды «Шеврон» компаниясы қаржыландырды. Бірінші том омыртқалы және омыртқасыздар деп екі бөліктен құралды. Аталған басылымның екінші томы өсімдікке арналған. Ол бір толық бөліктен тұрады. 1996 жылы осындай жұмысты атқару оңайға түспеді, өйткені елімізде экономикалық жағдай ауыр еді», – дейді Зоология институтының бас директоры.Бұдан кейін біраз жыл басылым шықпай қалды. Тек 2003 жылы мемлекет қолдауының арқасында Зоология институты мен «ТЕТИС» ғылыми қоғамы қолға алып, «Қызыл кітаптың» екінші бөлігін шығарды. Онда зиянкестердің 85 түрі, 2 өрмекші- тәрізділер қамтылды. Оның бірі – Түркістан шаяны. Алайда басылымның омыртқалыларға арналған бөлігі шықпады. 2010 жылы соңғы жарияланған «Қызыл кітаптың» кең таралымы баспадан шықты. Оған халықаралық AGIP компаниясы қолдау көрсетті. «Қызыл кітаптың» шығуы неге кешеуілдеді?
Зоология институты басшысының мәлімдеуінше, 2010 жылдан кейін «Қызыл кітап» шығаруға еш әрекет жасалмаған. «2018 жылы мен Зоология институтына басшылыққа келдім. 2019 жылдың көктемінде осы жұмысты қайта қолға алуды, Қазақстан Республикасы «Қызыл кітабының» 5-басылымын шығаруды мәселе етіп көтердім», – дейді Роман Ященко.Бұл – жаңа кітап шығару ғана емес, елімізде сирек және жойылып бара жатқан аң түрлерінің популяциясының қазіргі жай-күйіне қатысты барлық ақпаратты жинақтау. Ол үшін ғалымдар далаға аттанып, зерттеу жүргізеді. Табиғи ортада сүтқоректілер мен құстар популяциясының жас құрамы да зерделенді. Осы жұмыстар жүргізіліп, қорытындыланғаннан соң кейін ғана барып, «Қызыл кітапқа» зерттеу объектісі болған аң немесе өсімдік түрі енгізіледі.
«Түсіндіре кетсем, «Қызыл кітап» – дегеніміз негізгі үш данадан тұрады. Біріншісі – Үкіметте, екінші данасы уәкілетті орган – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде, үшіншісі – әзірлеушіде қалады. Бұл – Зоология институты. Осыдан кейін барып ол кең таралымға шығады», – дейді Роман Ященко.Кітап қазақша, орысша және ағылшынша әзірленеді. Айта кетерлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде Зоологиялық комиссия бар. Оның құрамына түрлі сарапшылар кіреді. Зоологиялық комиссия екі бөліктен тұрады, біреуі – балық түрлеріне арналған, екіншісі басқа барлық аң түріне жауапты. Зоология институтының мамандары соңғы комиссия құрамында бар. Комиссияда институт басшысы «Қызыл кітап» басылымын жаңғырту туралы ұсыныс айтыпты. Нәтижесінде, комиссия осындай бағдарламаны ғылыми-тәжірибелік нысаналы қаржыландыру арқылы жасау керек деген қорытындыға келген. Былтыр бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша конкурс өтіпті. Биыл «Қызыл кітап» жұмысына институт өтінім беріп, нәтижесінде қаржыландыруға қол жеткізілген. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап осы жұмыс басталады.
«Қызыл кітапты» әлемдік деңгейдегі сапада толық әзірлеу үшін біз бес жыл мерзімге 1,2 млрд теңге қажет деп сұрату жібергенбіз. Өкінішке қарай, 350 млн теңге бөлінді әрі уақыты да екі жыл деп қысқартылды. Зерттеуді әдістемелік тұрғысынан толық атқаруға бұл мерзім аздық етеді. Бізге бөлінген қаржы мен берілген уақыт «Қызыл кітаптың» мемлекеттік басылымын әзірлеу үшін ғана жеткілікті. Келесі жылы қаңтарда осы бағдарламаны қаржыландыру басталады. Аталған мерзім ішінде біз далаға шығып, кешенді осы жұмысты аяқтап үлгеруге тиіспіз», – дейді Роман Ященко.Тізімге жолбарыс та енгізілді «Қызыл кітапқа» жануар түрін енгізу немесе алып тастау – Зоологиялық комиссияның құзыретінде. Сондай-ақ Президент те осындай шешім қабылдай алады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылы Каспий итбалығы Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiне алынды.
«Толық тізімге үңілсек, 227 жануардың түрі мен түршесі (омыртқалылар, омыртқасыздар) «Қазақстанның Қызыл кітабына» алынған. Осы түрлердің барлығы келесі жолы әзірленетін «Қызыл кітапқа» кіруі тіпті кірмеуі мүмкін деп сенімді түрде айта алмаймыз. Өйткені біз ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген соң кейбір түрлерін «Қызыл кітаптан» алып тастаймыз деп үміттенемін. Алайда өкініштісі, ондайдың орнына көптеген жаңа түрлерді қосуды ұсынуымыз мүмкін», – деді Роман Ященко.Айта кетерлігі, биыл Жайықта кездесетін Күтім (ойықтіс) деген балық жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiнен шығарылыпты. Керісінше, Зоологиялық комиссия шешімімен тізбеге жолбарыс қосылған.
«Біз Ресейден Амур жолбарысын Балқаш маңына Іле-Балқаш табиғи резерватына жерсіндірмекпіз. Қазір жолбарыс өмір сүре алу үшін жағдай жасалып жатыр. Ең алдымен, ландшафт өмір сүруге қолайлы болуы қажет. Ол немен қоректенеді сол ескеріледі. Қазір экожүйені қалпына келтіру жүргізіліп жатыр. 2024-25 жылдары алғашқы жолбарысты беру жоспарланып отыр. Неге Уссури немесе Сібір жолбарысы таңдалды? Өйткені ол жойылып кеткен Тұран жолбарысына генетика жағынан ең жақын түр. Қазір кейбір генетик ғалымдар осы екі жолбарысты Құрлықтық түршеге жатқызады. Қалпына келтірілетіндіктен қазір жолбарыс сирек кездесетін құрып бара жатқан түр қатарына алынды», – дейді институт басшысы. Экоблогер Сәкен Ділдахмет жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге болатынына сенеді. «Балқаш маңы сулы батпақты-қамысты аймақ. Қазір резерватта жолбарысқа барлық жағдай жасалып жатыр. Азық-түлік базасы саны өсіріліп келеді. Олар – тоғай бұғысы, елік, қабан. Сондай-ақ тораңғы ағашын қайта отырғызу қолға алынған. Ең бастысы, халықпен үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр», – дейді ол.Киік «Қызыл кітапқа» кірмейді
Бір қызығы, соңғы жылдары ғана саны өсіп, қалпына келе бастаған киікті кейбір адамдар сиреп кеткен аңдар қатарына жатқызылады деп санайды. Алайда бұл қате түсінік екен. «Киік Қазақстанның «Қызыл кітабына» енбеген. Көп адам осылай деп қателеседі. Ол елімізде ауланатын аң санатында. Алайда Халықаралық Қызыл тізімге жойылып бара жатқан жануар ретінде алынған. Киік Қазақстанда, сонымен қатар Батыс Қазақстанның Ресеймен шектесетін аудандарында кездеседі, сонымен қатар Моңғолияда бір түршесі бар. Оның саны 7-9 мыңдай ғана, өте аз. Осы киік түрінің басты қоры бізде, үш популяция – Бетпақдала, Үстірт және Батыс Қазақстан популяциясы. Бұл түр қысқа уақытта тез көбейе алатынымен ерекшеленеді. Біз қазір сондай көбейген кезеңін көріп отырмыз. Олардың саны өте жылдам азайып кетуі мүмкін», – дейді Роман Ященко.Жойылғанын растау үшін 50 жыл керек Айта кетерлігі, Қазақстанда жойылып кеткен аңдар қатарына қызыл қасқыр кіреді. Ол Тянь-Шань тауларында өмір сүрген. Тұран жолбарысы да солай. Оның адамдар соңғы рет 1950 жылдардың басында көріпті. Содан бері ешкім кездестірмеген. Ережеге сәйкес қандай да бір аңды адам 50 жыл бойы ешбір жерден кездестірмесе, ол жойылды деп саналады. Мамандар омыртқасыздардың да жойылып кеткенін айтады. Мәселен, Қазақстанда қоңыздың бірнеше түрі көп жылдардан бергі көзге түспепті. Демек, олар жойылып кетуі әбден мүмкін. Әдетте жәндіктердің жойылуына урбанизация мен ауыл шаруашылығына түрлі дәрі-дәрмек пайдалану әсер етеді екен. Дегенмен Зоология институты нақты жойылған қоңыздар жайлы әзірге ашық мәлімет бере алмайды екен. Өйткені олардың жойылғаны алдымен расталып, бекітілуі керек. Оған сөз басында айтқанымыздай, кемі 50 жыл керек. Азайған аңдардың санын өсіруге бола ма?
«Соңғы 10 жылда популяцияны ғылыми-зерттеу саласында түйткілді мәселе бар. Өйткені қаражат жеткіліксіз. Әрі маман тапшылығы бар. Даланы кезіп жүріп, әрбір түрді құжаттауға, бейнеге түсіріп зерттеуге білікті мамандар қажет», – дейді Сәкен Ділдахмет.Ал Роман Ященко жойылып бара жатқан популяцияны қалпына келтіру үшін өте көп қаржы керек деп санайды. Оның басым бөлігі интеллектуалды ресурсқа жұмсалады. Яғни, аңның өмір сүретін аумағына бару, популяциясына бақылау жүргізу, қаншасы сақталды соны анықтау. Экоблогердің айтуынша, бұл мақсатта әр аңға арнайы бағдарлама құрылып, қаражат бөліну керек. Осы бағытта жұмыс істелінсе ғана құрып бара жатқан жануардың санын қайтадан өсіруге болады.
«Ең бастысы – зерттеу жүргізілуі керек, табиғатты түгендеп, не қалды, не қалмады сол анықталуы тиіс, содан соң жойылып бара жатқан түр бойынша арнайы бағдарлама жасап, оны қаржыландыру қарастырылады. Болмаса, грант бөлінеді, қосымша қаражат тартылуы да ықтимал. Яғни, бұл сол түрді сақтап қалудың өзектілігіне байланысты», – дейді Сәкен Ділдахмет.Экоблогер осы тұста елімізде саны көбейтілген сирек аңдардың түріне қатысты жақсы мысал келтірді. Біріншіс – ілбіс. Мемлекетіміз БҰҰ Дамыту бағдарламасы, түрлі табиғатты қорғау қорларының көмегімен аталған жыртқыштың санын өсіруге атсалысып келеді. Екіншісі – құлан. Ұлттық парктерде қорғау шараларының арқасында олардың саны өсті. Қазір санын көбейту үшін басқа облыстардағы қорғалатын аумақтарға көшіріліп жатыр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, «Қызыл кітаптқа» кірген аңдары бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басты мақсаты – табиғи ландшафтты сақтау, сирек және құрып бара жатқан жануар түрлерін және өсімдіктердің өмір сүретін ортасын сақтау. Жойылып бара жатқан аңдарды инспекторлар мен қорықшылар арқылы мемлекет қорғап отыр. Ал сирек және құрып бара жатқан аңды атқандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар қазір ведомство «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңның жобасын қолға алып, Орман, жер, кәсіпкерлік, салық кодекстеріне, сондай-ақ «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздеп отыр. Өйткені дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау мен экспортының артуына байланысты шикізат қоры таусылып барады. Елімізге өсімдіктердің бөтен түрін бақылаусыз әкелу, сондай-ақ инвазиялық зиянкестер мен ауруы бар бөгде өсімдік ресурстарын әкелу қаупі сирек және эндемик өсімдіктерге қауіп төндіре бастаған. Ал мұндай жағдай «Қызыл кітапқа» енетін өсімдіктердің де қатарын көбейтіп жіберуі мүмкін.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ