Театрдың тамырына ыстық қан тарататын, өн бойына тіршілік отын тұтататын – режиссер. Ал қазіргі қазақ режиссурасының көш басында тұрған тұлға Есмұхан Обаев десек, қателеспейміз. Себебі ол қазақ театрының негізін қалаған жақсы мен жайсаңның көзін көрді. Қазақ театр саңлақтарымен бір сахнада қатар жүрді. Сондықтан да жасампаз шығармашылық иесі, театр қайраткері, профессордың есіл-дерті, әңгімесінің арқауы – тек театр.Еңбек әділ бағалануы керек– Кезінде «Қаз КСР Халық әртісі» атағын санаулы өнер иелері ғана алды. Соның ішінде сіз де барсыз. Ал биыл осы атақ қайта тағайындалатын болды. Дегенмен төл өнердің мәртебесін биіктететін бұл атақ көптің саудасына түсіп кетпей ме?
– Негізі, «Қазақстанның Халық әртісі» атағын алып тастағаны дұрыс болмады. Кезінде белгілі жазушылардың бірі Президентке «Халық әртісі керек емес. Халық жазушысы біз бармыз ғой. Сондықтан бұл атақты алып тастайық» деген ұсыныс айтқан. Қазір қарап тұрсақ, «Халық әртісі» атағын алуға қаулы да қабылданбапты. Қаламгердің бір сөзі үшін білдей атақ қаулысыз алынып қалды. Содан бері отыз жылға жуық уақыт болды. Қазір театр әртістеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі. Бұрын бұл атақ режиссерлерге, дирижёрлерге, композиторларға берілетін. Ал қазір құрылысшыға да, әртіске де «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мәртебесі беріледі. «Халық әртісі» атағын қайтарайық деп бұрын да талай жаздық. Кейін осы бастамаға себеп болған жазушы Ғ.Мүсірепов театрындағы «Құлагер» қойылымын көріп, актерлердің терлеп-тепшіп, еңбектеніп жатқанына көзі жетіп «Есмұхан, мен кезінде дұрыс ұсыныс жасамаппын. Әртістердің жұмысы ит еңбек қой. Жалаңаяқ, жалаңбас қара терге түсіп жатыр. Кейбірі тіпті талып қалды» деп өкінішін білдірді. Мен қайтадан атақты қайтару туралы ұсыныс айтып көруін сұрадым. Бірақ белгілі жазушының ғұмыры бұған жетпеді. Кейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бір кезде алынып тасталған «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағын қайтаруды тапсырды. Естуімше, жылына 5 адамға осындай атақ беріледі екен. Бұл көп те, аз да емес. Ең бастысы, атақ әртістің жасаған сапалы еңбегіне қарай берілуі керек. Әр мамандықтың өзіне тән атағы болады. Бізге Халық әртісінен, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісінен артық атақ жоқ. Сондықтан Халық әртісін қайтарғандары дұрыс болды.
– Қазақ театрының негізін қалаған жақсы мен жайсаңның көзін көріп, қазақ театр саңлақтарымен бір сахнада қатар жүрдіңіз. Ол кездегі театр мен бұл кездегі театрдың айырмашылығы қандай?
– Қазіргі театрдың кәсіби деңгейі сол бұрынғы кездегіден жоғары болмаса, төмен емес.Себебі тәуелсіздік жылдарында елімізде бірқатар театр ашылды. Петропавлда, Қостанайда, Өскеменде, Ақтауда, Жетісай мен Түркістанда. Бұлардың қатарында өзбек театры да бар. Осының өзі жатқан бір әлем ғой. Менің тағы бір бақытым, осы театрлардың барлығының ашылуында болдым. Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит Мұқанов атындағы театр ашылғанда менің бір жылғы түлектерім түгел сонда барды. Осы театрлардың бәріне мемлекет тарапынан қаражат бөлінуде. Ғимарат – мемлекеттен. Қостанайдың қақ ортасында қазақ театрының үйі салынды. Ақтау мен Түркістандағы театр ғимараттары да жаңа. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалағанның бір көрініс-көрсеткіші осы емес пе?М.Әуезов театрына мен келген кезде Асанәлі Әшімовтің өзі 8 мың теңге жалақы алатын. Асанәлі маған: «Туһ, Есмұхан, сегіз мың еңбекақы бересің де, сексен сағат ұрысасың» деп ойын-шынды қалжыңдаушы еді. Нарықтың алғашқы жылдарында еңбекақыны дер кезінде төлей алмай, үш-төрт айға дейін созған қиыншылықтар болғаны рас. Ол бір көппен көрген ұлы той. Қиыншылық жағдай мемлекеттің экономикасы бәсеңдеген өтпелі, өлара тұста туындады. Осы театрымыздың өзінде 1980-жылдардың аяғынан 2000 жылға дейін көрермен саны күрт азайып кетті. Оның себебі ел экономикасының, халықтың тұрмыс дәрежесінің төмендеуі еді. Қалтасында тиыны жоқ адам театрға қайтіп келеді? Енді, міне экономика көтерілді, қоғам өрледі, мемлекет өркендеді. Елдің қалтасында ақша бар. Осы кезде адам рухани қажетін ойлап, театрға бет бұра бастады. Қазір қазақтың ақсақал қарттары немерелерін ертіп кассадан билет алып тұрғанын көреміз. Сол қария залда отырып: «Қарағым, Абылай хан деген бабаң мына кісі. Абай деген абыз атаң ана кісі» деп жаңағы немересіне тарих тағылымын айтады. Қазіргі балалардың бәрі бірдей Абайды оқып жүргеніне күмәнім бар. Ал енді сол бала театрға келіп, үш сағат ойынды тамашаласа, Абай әлемін танып шығады. Абайдың ұлы парасатын, Мұқаңның ұлы сөздерін санасына сіңіреді. Бүгінде драматургия қақтығысқа құрылады. Сахнада халыққа ой салатын, неғұрлым ұлттық рухымызға жақын, өтімді дүниелер ғана қойылады. Міне, бүгінгі театрдың толағай жетістіктері – осы.
– Еліміздегі қай театрдан, қай актерден сұрасақ та театрда қаржының аз екенін айтады. Шынымен де солай ма?
– Әр театрға бөлінетін қаржы әртүрлі. Қазір М.Әуезов театрына ақша бөлінбейді деп айта алмаймын. Жақында ғана мемлекеттік бес театрға «ұлттық» мәртебе берілді. Олардың ішінде Әуезов театры, опера театры, Лермонтов театрлары бар. Соған байланысты әртістердің еңбекақысы да өсті. Бұрын 80 мыңнан аз алып жүрген актерлер жұмысына, категориясына қарай 2-3 есе көп жалақы алады. Бұл Президентіміздің театрға деген жаңа көзқарасының арқасы. Біз отырған қара шаңырақ, М.Әуезов театры 1981 жылдан бері жөндеу көрмеген. Енді ғимаратымыз толықтай жаңғырайын деп жатыр. Сонымен қатар қазір театрға гастрольге шығуға, басқа елдерге барып ел мәдениетін таныстыруға да мүмкіндік жасалған. Бүгінде театрдың жағдайы жақсы деп айтуға толық негіз бар. Елімізде барлығы 68 театр бар екен. Оның ішінде халықтың ойынан шығатыны қанша? М.Әуезов театрына 100 жыл болды. Ал осыдан 15 жыл бұрын құрылған театрлар да «ұлттық» дәреже алғысы келеді. Ол дұрыс емес. Барлығы театрдың еңбегіне қарай бағалануы керек. Қазақтың театр өнерін қалыптастырғандардың бәрі осы қара шаңырақтан шыққандар. Олардың алды 125 жасқа келіп жатыр. М.Әуезов театры әртістерінің үлкені жүзде, кішісі он сегізде. Қазір бұрынғыдай емес, театрға техникалық жабдықтар керек. Ғимараттағы кейбір жабдықтың қолданыста жүргеніне жарты ғасыр болған. Бүгінде режиссерлер сахнада жаңбыр жауғызып, субұрқақ жасап, өрт қойып жатады. Сондықтан заман талабына сай театрлардың техникалық мүмкіндіктері де арта түсуі керек.
Шетелден режиссер шақыруды әдетке айналдырмайық!– Бізде режиссура кеш дамыды дейміз. Келісесіз бе?
– Қазақ режиссурасы – дамыған режиссура, қазақ режиссурасы – дүние әлем таныған режиссура. Солардың ең басы осы қара шаңырақта жұмыс істеген Жұмат Шаниннен бастап Асқар Тоқпанов дейтін ұлы ұстазымыз. Содан кейін үлкен режиссер Бәйтен Омаров. Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов туралы сөз бөлек. Одан беріде Райымбек Сейтметов, Шапай Зұлқашев, Қадыр Жетпісбаев, Жақып Омаров, Маман Байсеркенов, мына алдыңызда отырған мен де солардың ішіне кіремін. Бұл режиссерлердің бір көсілген кезі, бәйге басын бермей, бірінен-бірі озып тұрған кезі еді. Бұл ретте Әзірбайжан Мәмбетовті ерекше бөлектеп айтатынымыз – осы театрға отыз жыл бас режиссер болған. Біздің тарихта бір театрды отыз жыл басқарған Әзекеңнен басқа ешкім жоқ. Ол кісінің ізденімпаздығы, режиссурадағы ауқымы, дүниетанымы, сахналық кеңістікті игеруі ерекше. Сондықтан да М.Әуезов театрының дәуірлеген кезеңі Әзірбайжан Мәмбетовтің есімімен қатар аталады. Себебі Әзірбайжан Мәмбетов – қазақтың кәсіби театр өнерінде аты қалған, осы өнерді өркендетуде айрықша орны бар, актерлік, режиссерлік мектептің қалыптасуына күш салған, талай-талай мықты драматургтің еңбегін сахнаға шығарған, режиссураға жаңа бір соқпақ салған, айрықша із қалдырған адам. Оны тіпті эксперименатор деуімізге де болады. Режиссердің өзі үшке бөлінеді: қоюшы-режиссер, режиссер-педагог, режиссер-интерпретатор. Осы үшеуі де Мәмбетовтің бойынан табылды.
– Қазіргі жас театр режиссерлерінің жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Режиссураны әлі де күшейте түсу керек. Режиссерлердің бәрін академияда даярлап жатырмыз. Оларды Мәскеуде немесе өзге шетелдерде дайындау керек. Режиссура – біздің мемлекет үшін жас мамандық. Қазір «Болашақ» бойынша театрдың хормейстер, балетмейстерлері оқып жатыр. Сол сияқты режиссерлерге де солай білім жетілдіру керек. Театр өнері жоғары деңгейде дамыған Ресейде оқуға жағдай туғызса болды. Әзірбайжан Мәмбетов те Мәскеуде оқыған режиссер. Біз кезінде Мәскеудегі Ресейдің театр өнері институтында жоғары режиссерлік курсты 68 адам бітіргенбіз. Бәрі шетінен мықты режиссер болды, кәсіби мектептің жөні бөлек. Олар: Райымбек Сейтметов, Ерғали Оразымбетов, Маман Байсеркенов, Жақып Омаров, Ерсайын Тәпенов, Қадыр Жетпісбаев, тағы басқалар. Сондықтан да режиссураға, мысалы Германияның немесе басқа да елдердің режиссурасын, небір экспериментальды театрларды көріп келсе. Бізде қазір айталық, біреуі таяғымен режиссер болып ойнайды, біреуі жүрісімен, енді біреуі характерімен дегендей. Былтыр кино саласындағы бір балалар өз-өздерін жер-көкке сыйғызбай мақтады. «Бәлен жерде жүлде алдық, түген жерде лауреат болдым» дейді. Сонда әлгі драматургиясына қарасаңыз, бір бетін оқығаннан кейін жауып қоя салуға болады. Қазіргі режиссерлердің драматургтері жоқ. Мысалы, біздің кезімізде ұлы драматургтер қасымызда жүрді. Асқар Сүлейменовтің драматургиясындай драматургия қайда? Ол кездегі Асқардың ағасы Қалихан Ысқақтыкіндей драматургия қайда? Оралхандыкіндей, Баққожа, Дулат, Төлен, Нұрландардыкіндей драматургия қайда? Айта берсек көп. Олар бізді сүйреді. Ал қазір режиссерге дем беріп, төрт аяғы тең келген пьеса жазып әкелетін ешкім жоқ.
– Қазір театрлардың арасында шетелден режиссер шақыру тенденцияға айналып кеткен сияқты. Бұл өзіміздің әртістерді менсінбеу емес пе?
– Солай деуге де болады. Шетелден режиссерді театрдың директорлары шақырады. Олар режиссер шақыру үшін көркемдік кеңестің келісімін алса болды. Бір жағынан шетелде жүрген талантты режиссерлерді шақырған да дұрыс. Бірақ оны әдетке айналдырмау керек. Театр режиссерлерінің алдыңғы толқыны қазір қартайды. Бірақ басқа мемлекеттерде сол қарт режиссерлерді бағалап, ең мықты санайды. Ресей мен Грузия да қарт режиссерлер әлі спектакль қойып келеді. Режиссер кәріліктен тозбайды. Ол –шығармашылықтың адамы. Қазақ режиссерлерінің арасында басқа елге барып спектакль қойып жатқандары да бар. Өнерде мұндай ауыс-түйістер жиі болады. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бір топ студенті Мәскеуге барып бірнеше ай болып, лабораториялық анализдер жасап, премьера қойып жүр. Сәйкесінше, ол жақтағы студенттер бізге келіп дәл осындай тәжірибе алмасады. Өнерде осындай байланыстар болуы керек. Кеңес үкіметі тараған тұста бұл байланыс үзіліп қалғандай болды. Себебі ол кезде гастрольге шықсақ та Мәскеудің құптағанын күтетінбіз. Қазір ондай жағдай жоқ. Десе де, екі елдің мәдени байланыстары үзілмеді. Мысалы, орыс театрының әкесі, реформатор Константин Станиславскидің мектебі қазаққа келеді. Өйткені ол шынайы актерлық мектеп. Ол кісінің шәкірті А.Тоқпанов біздің ұстазымыз. Сонда қарасаңыз, Станиславскидің баласы – Тоқпанов, Тоқпановтың баласы – мен. Осы актерлік мектеп қазіргі күнге жетті. Ал алыс Германия мен Англиядағы актерлік мектеп жұлым-жұлым. Оларда бір сарындағы актерлік мектеп жоқ. Әр мемлекет өз бағытына қарай қойылым қояды. Әлемде 6 ұлттың театры бар бір ғана мемлекет бар. Ол –Қазақстан. Басқа ешбір елде көпұлтты театр жоқ. Біздің елде қазақ, орыс, ұйғыр, корей, өзбек, неміс театрлары жұмыс істеп келеді. Бұл – біздің бауырмалдығымыздың, тек қазақ театр мектебіне ғана емес, басқа ұлттардың да театр мектебіне көңіл бөлгеніміздің белгісі. Бұл театрдың өскенінен, актерлік бағыттың болашағынан хабар береді. Академияға әр 4-5 жыл сайын бір ұлттың әртістерінен топ ашылады. Айталық, биыл ұйғыр тобының студенттерін қабылдасақ, олар төрт жыл оқып бітіргеннен кейін корей тобын, олардан кейін орыс тобын дайындаймыз.
Әркімнің түсінігінде өз Абайы бар– Сіз қара шаңырақта сахналаған «Абай» кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды. Театр сыншылары мен көрермендердің оң бағасын алды. Қазір әр театрдың өз «Абайы» бар. Режиссерлердің талғамына қарай бұл образ да түрлі өзгеріске ұшырап келеді. Жалпы, қойылымдар мен тарихи кейіпкерлерді түрлі экспериментке айналдырғанға қалай қарайсыз?
– Мен мұны дұрыс деп ойлаймын және оң көзқараспен қараймын. Өйткені эксперимент – режиссураның бір тілі. Театр режиссураға байланысты. М.Әуезов театрына Ә.Мәмбетов сияқты режиссерлер келмесе және ол 20 жасында кіріп, 80 жасқа дейін осы театрды басқармаса, бұл театр қазіргі биігінде тұрмас еді. Сондықтан театрдың бағы да, соры да режиссерге байланысты. Режиссерден бағы жанған театр– бақытты театр. Театрдың ең қара күші, театрдың ары мен паспорты – режиссер. Режиссер бар кезде театр бар, ол жоқ болса театр да жоқ. Сөздің шыны керек, актер өзі жалғыз спектаклін қоя берер, бірақ ол режиссерсіз Гамлетті, Абайды ойнай алмайды. Абай неге түңілді? Неге күрсінді? Кімді, нені ойлап отыр? Қандай мұңға батып отыр? Абайдың ұлылығын бүкіл әлем мойындаса да, Абайды зерттеу әлі жүріп жатыр. Театрларда абайтанумен айналысатын драматургтер, режиссерлер бар. М.Әуезов театрында Абай 5-6 рет қойылды. Ең бірінші біздің ұстазымыз Тоқпанов қойды. Одан кейін Ә.Мәмбетов, мен, Атабаев, Иранбек қойды. 20 шақты Абай бейнесі, 20 шақты трактовка жасалады. Менің Абайым батыр типтес, эмоционалды, жаны жаралы композитор Абай болатын. Қаллеки Қуанышбаевтың Абайы философ, халқының қамын арыдан ойлап күңіренеді. Ал Ә.Мәмбетовтің Абайы жігерлі. Әркімнің түсінігінде өз Абайы бар. Ұлы адамның бейнесін сахнада жасаған кезде соның әр қыры бүгінгі көрерменге жетіп жатса, содан артық бақыт жоқ. Сондықтан Абай атамыздың бағы жанған адам. Ұлы Абай десеңіз, қазір әлем хан көтереді, мектептің оқушыларының барлығы ақынның жырларын жатқа оқып жүр.
– Сізді көбі актерлерді рөлге дәл таңдайды дейді. Сонда сіз неге назар аударасыз? Әртістерге рөл берерде ешкімге қиянат жасаған жоқсыз ба?
– Жоқ. Ұлылардың үні қалған қара шаңырақтың астында отырмын, актер рөл сұрап келіп, менің бетін қайтарған кезім болса, келсін де айтсын. Өтірік айтпай-ақ қояйын, жасы келген апаларымның рөл сұрағанына, әлі де сахнаға шыққысы келіп ұмтылатынына қарсы екенім рас. Кезінде сахнаның шаңын шығарып тұрып армансыз ойнады, бойындағы барын, нәрін берді, талантының арқасында танылды, атақты болды. Сол дәурен баста мәңгі тұрады дейтін болуы керек, аптығы басылмаған алып-ұшқан қу көңіл әлі де арынын баса алмай, алып-ұшып тұрады. Әр рөлдің деградациясы, ентік басатын ең ақырғы нүктесі болады. Аға буын бәрін де артығымен орындады. Ал бүгінгісі қайталау ғана болады, қайталағанда да осал, нашар нұсқасымен қайталайды. «Үлкендеріміз далада қалмасын» деп «Жүрейік жүрек ауыртпай», «Отыз ұлың болғанша», «Үміт үзгім келмейді», «Ұлы мен ұры» деген сияқты бес-алты спектакльді сахнаға арнайы дайындадық. Бұрынғыдай бетке бес елі гримді жағып, сахнаға шыға салуға болмайды, қазір ойдың, талғамның басты орынға шыққан кезеңі. Ой болмаса, спектакль қоюдың қажеті де жоқ. Рас, жақсы рөлге әркімнің-ақ бар таласы. Актердің қалау-тілегі бар да, мүмкіндігі, шама-шарқы деген нәрсе тағы бар. Өкпелесе де, өкпелемесе де, өз басым актердің нақты шамасы мен қабілет деңгейін анықтап барып, ойнап шыға алатынына көзімді жеткізген соң ғана рөл беремін. Ең алдымен оның талантына ішкі түйсігім сенуі керек. Актердің бұрынғы ойнаған рөлдерін, өсу кезеңдерін тұтас есепке аламын. Себебі оның бір рөлі бір рөліне ұқсамауы керек.
– Сіз сахналаған қойылымдарды қалың көрермен қызығып көрді. Солардың ішінде «әттеген-ай» дейтін, бір қайнауы ішінде кеткен спектакльдер бар ма?
– Ондай спектакльдер жоқ емес, бар. Жұрт «дұрыс» деп баға берсе де, өз басым «Жаужүректі» шикілі-пісілі шыққан дүние санаймын. Сахнадан қайталап көрген сайын кемшілігімді байқап, «әттеген-ай» деп отырамын. Жалпы, режиссер ретінде, өсіп, биіктеген кезім деп мен жас көрермен театрында істеген жылдарымды айтар едім. Өйткені ол жерде Әмина Өмірзақова, Саида Саттарова, Мұқтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев, Атагелді Смайылов, Алтынбек Кенжеков сияқты ұлы актерлер жұмыс істеді. Сол кезде қойған «Қашқар қызы» маған әлі күнге ыстық. Шәкен ағама ілесіп жүріп қойған «Жас Абай» жадымнан ешқашан шықпайды. «Ай тұтылған түн», «Шұға», «Сертке – серт», «Өзіңді іздеп жүрмін», осылардың бәрі менің отыздан асар-аспас кезімдегі шабытты шығармашылығымның жемісі.
– Театр сахнасында «Қарагөз» неше рет қойылды? Ең біріншісіне Әуезов өзі баға берген бе? Соңғы «Қарагөзді» көрдіңіз бе?Шынайы Қарагөздер шықпай жатқан секілді. Актрисалар образдың байыбына бармай ма, әлде құр жылтыраққа әуестер сахнаға шығып кетті ме?
– Мұныңыз қаттылау айтылған. «Қарагөз» де талай қойылған қойылым. Бір «Қарагөзді» мен сахналадым. Одан кейін Атабаев пен Әбділманов қойды. Оның алдында Мәмбетов пен Жандарбековтің «Қарагөзі» бар. Сонда қарасаңыз, бір ғана театрда қанша «Қарагөз» қойылған. Мұның әрқайсысы әртүрлі «Қарагөз». Біреуі жылап жүретін, теңдікке қолы жетпеген, қараңғы қапаста қамалып, махаббаттың не екенін білмей, егемендікті аңсап жүрген «Қаракөздер». Ал биыл тұсауы кесілген спектакльдегі «Қаракөз» түбірінен қиылғандай сахнада тұр. Көгермей, көктемей, махаббатына жолыға алмай, сүйгеніне бара алмай, егемендік аңсаған «Қаракөз» деп айтуға болады. Жас, әлі өмірден баз кешпеген, махаббатын іздеген қыз. Ал оның алдында Фарида Шәріпова, Зәмзәгүл Шәріпова, Торғындар жынданған кезде үлкен философиялық тұрғыда ойнады. Біз «актриса боламыз десеңіз, Қарагөзді ойнаңыз» дейтінбіз. «Қарагөз» әлі де сахнадан түспейтін спектакль. Себебі халыққа айтатын ойы бар. Мұхаң «Қарагөзді» көріп, бағалағаны да рас. Бұл тақырыпты Кеңес үкіметі кезінде айтқызбаса да, М.Әуезов айтып кетті. Біз соны іліп алып, идеясын қолдап, сол тақырыпты спектакльге сүйреп шығардық. «Ұлына бұғау, қызына тұсау болған зар заманға лағнет!» дейді Әуезов. Мұны Кеңес үкіметінде айтса, соттап жіберер еді. Соңғы қойылған «Қарагөзде» осы сөз айтылады. Негізі, «Қарагөзге» драмалық деңгейдегі актерлер керек. Бірақ біз биыл спектакльді жасарттық. «Қарагөзді» 3-курста оқитын менің шәкіртім Индира ойнайды. Олар сезіммен ойнайды. Пластикасы жеңіл. Көзінен аққан жасқа көрерменнің жаны ашитындай.
– Әңгімеңізге рақмет!