Ойыншықпен ойнаған бала жан-жақты тәрбие алып өседі. Сол арқылы баланың дүниетанымы кеңейеді, техникаға деген қызығушылығы артады. Дегенмен бүгінгі күні осы ойыншықтардың сапасы туралы көп айтылып, жазылуда. Мысалы, елімізде сатылып жатқан 3000 ойыншықтың 60 пайызға жуығы талапқа сай емес екен. Осыған байланысты 185 кәсіпкерге әкімшілік іс қозғалып, 22 миллион теңгеге айыппұл салынған. Бұл нені білдіреді? Әлде, осылай салғырттық жасап, сапасыз ойыншықтармен балаларымызды уландыра береміз бе?
Талапқа сай емес
Шетелден әкелінген, көбіне Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстаннан импортталатын ойыншыққа Қазақстанда «қарсы» тұрар нарық қалыптаспаған. Олай деуге себеп бар. Өйткені бізде төрт-ақ кәсіпорын ойыншық өндірумен айналысады екен. Ал шет мемлекеттерден әкелінетін ойыншықтардың сапасы сын көтермейді. 2019 жылды қорытындылаған сала мамандары осындай шешімге келген. Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті техникалық регламенттерді бақылау басқармасының бас сарапшысы Рабиға Айтжанова: «Біз ай сайын мониторинг жүргіземіз. Ойыншықтарды сатып алып, сапасын, құрамын жіті тексереміз. Былтыр сараптамаға арналып сатылып алынған 2920 ойыншықтың 56 пайызы талапқа сай келмеді. 90 пайызы дұрыс таңбаланбаған. Тауарларды кім өндіргені белгісіз. Жас шектеуі белгіленбеген. Ал 4 пайызы қауіпті болып шықты. Ойыншықтардың құрамында аллергия, бастың айналуы, жүректің айнуын қоздыратын фенол, формальдегид сынды заттардың мөлшері тым жоғары болған. Олардың көбі Қытайдікі», – дейді.
Осылайша, талапқа сай келмейтін ойыншықтарды саудалаған қазақстандық кәсіпкерлерге 185 әкімшілік іс қозғалып, 22 миллион теңгеге айыппұл салынған. Алайда Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті базарлар мен нарықтағы ойыншықтарды тексеруге мүмкіндік жоқ дейді. Тек түбіртек берілетін сауда орындарына ғана қолжетімділік барын айтады. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті мамандарының мәліметіне жүгінсек, сауда орындарында токсикологиялық зерттеуге алынған ойыншықтардың көбі талапқа сай келмей, сауда айналымынан шығарылады екен.
Сапасыз өнімнің 93 пайызы Қытайдікі
Бұл сапасыз дүниелер туралы жыл сайын сөз болады. Бірақ ағзаны улайтын ойыншықтар мәселесі шешілмей келеді. Мысалы, 2018 жылдың желтоқсан айында астаналық санитарлық сала мамандары дабыл қақты. Сөйтсек, Қытайдан әкелінген ойыншықтарда фенол, формальдегид, тіпті ауыр металдардың көп мөлшері анықталған екен. Олардың айтуынша, сапасыз ойыншықтар көбіне шағын сауда нүктелерінде сатылатын көрінеді.
– Біз 50 рет тексеру жүргіздік. Сөйтіп, ойыншықтардың 173 түрін тіркедік. Алайда 83-і органолептикалық көрсеткіштер бойынша асыра таңбаланғанын білдік. Яғни, талаптарымыз ескерілмей отыр. Сапасыз тауарлардың 93 пайызы Қытайдан әкелінген. Ал 3 пайызы ТМД елдерінен. Атап айтқанда, Беларусь мемлекетінен, – дейді қалалық қоғам денсаулығын қорғау департаменті мамандары.
Бес ойыншық мүлдем сатылмайды
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті тауарларды тексеру нәтижесінде бес ойыншықты сатудан алып тастады. Айтар болсақ, «Карапуз» көпфункциялы қуыршақ пен «ЛАВА» жұмсақ ойыншығы (Қытай); «Весенняя прогулка» сыйлық жинағы («АЭЛИТА» пластмасса өңдеу зауыты. Ресей); «Лягушка с лягушатами» пластмасс ойыншығы («Огонек» зауыты. Ресей); «Циферка» үстел үсті ойыншығы (Беларусь Республикасы). Мемлекеттік санитариялық бас дәрігер Жандарбек Бекшиннің айтуынша, аталған ойыншықтар өте қауіпті. Бұларды негізінен Қостанай облысындағы «Союз-игрушка» ЖШС тасымалдайды екен. Ойыншықтар қазір сатылымнан алынды. Қорабының сыртында сараптама нәтижесі бар болғанмен, құрамындағы химиялық қосындылардың мөлшері шектен тыс көп. Олар – формальдегид, фенол және стирол деген химиялық заттар екені белгілі болған. Әрине, осы заттарды дүкен сөресінен көрсеңіз, сатып алмаған жөн!
Нені білуіміз керек?
Мамандар егер ойыншық алар болсаңыз неге мән беру керек екенін көп айтады. Бірақ соған мән беріп жүрміз бе? Айту маңызды, ойыншықты сатып алған кезде қауіпсіздік сертификатын немесе басқа да ілеспе құжаттарды талап етіңіз. Сонымен қатар өнімнің сапасы мен фирмалық таңбасына зер саламыз. «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентінің (008/2011 КО ТР) 5.3. тармақшасына сәйкес таңбасында ойыншықтың атауы, дайындаушының, уәкілетті адамының, импорттаушының атауы және орналасқан жері, олармен байланысу ақпараты, тауар белгісі, баланың ойыншықпен ойнауға болатын ең төменгі жасы немесе баланың жасын белгілейтін пиктограмма, негізгі конструкциялық материалы (3 жасқа дейінгі балалар үшін), ойыншықты күтіп-ұстау тәсілдері, сақтау шарттары болуы тиіс.
Сонымен бірге жұмсақ ойыншықтардың ішінде қатты немесе өткір, бөтен заттар болмау керек. Тігістерінің беріктігіне мән беріңіз. Ойыншықта жағымсыз иіс болмағаны дұрыс.
Әрине, отандық өндірісті дамытпасақ, шетелден келетін өнімдерге күніміз түсе берері айқын. Ал «сырты бүтін, іші түтін» көздің жауын алатын ойыншықтар балаларды улауда. Олай болса, ойыншық таңдарда абай болайық!
Әділ БЕК