Сапасыз ойыншық опық жегізер

Сапасыз ойыншық опық жегізер

Ойыншықпен ойнаған бала жан-жақты тәрбие алып өседі. Сол арқылы баланың дүниета­нымы кеңейеді, техникаға деген қызығушылығы артады. Деген­мен бүгінгі күні осы ойыншық­тар­дың сапасы туралы көп айты­лып, жазылуда. Мысалы, еліміз­де сатылып жатқан 3000 ойын­шықтың 60 пайызға жуығы та­лап­қа сай емес екен. Осыған бай­ланысты 185 кәсіпкерге әкім­шілік іс қозғалып, 22 мил­лион теңгеге айыппұл салынған. Бұл нені білдіреді? Әлде, осылай салғырттық жасап, сапасыз ойын­шықтармен балалары­мыз­ды уландыра береміз бе?  

Талапқа сай емес

Шетелден әкелінген, көбіне Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстаннан импорт­та­латын ойыншыққа Қазақстанда «қар­сы» тұрар нарық қалыптаспаған. Олай деу­ге себеп бар. Өйткені бізде төрт-ақ кә­сіпорын ойыншық өндірумен айналы­са­ды екен. Ал шет мемлекеттерден әке­лінетін ойыншықтардың сапасы сын көтермейді. 2019 жылды қорытындылаған сала мамандары осындай шешімге келген. Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті техни­калық регламенттерді бақылау басқарма­сының бас сарапшысы Рабиға Айтжанова: «Біз ай сайын мониторинг жүргіземіз. Ойыншықтарды сатып алып, сапасын, құрамын жіті тексереміз. Былтыр сарап­тама­ға арналып сатылып алынған 2920 ойыншықтың 56 пайызы талапқа сай келмеді. 90 пайызы дұрыс таңбаланбаған. Тауарларды кім өндіргені белгісіз. Жас шектеуі белгіленбеген. Ал 4 пайызы қауіпті болып шықты. Ойыншықтардың құрамында аллергия, бастың айналуы, жүректің айнуын қоздыратын фенол, формальдегид сынды заттардың мөлшері тым жоғары болған. Олардың көбі Қытайдікі», – дейді.
Осылайша, талапқа сай келмейтін ойыншықтарды саудалаған қазақстандық кәсіпкерлерге 185 әкімшілік іс қозғалып, 22 миллион теңгеге айыппұл салынған. Алайда Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті базарлар мен нарықтағы ойыншықтарды тексеруге мүмкіндік жоқ дейді. Тек түбіртек берілетін сауда орында­рына ғана қолжетімділік барын айтады. Санитарлық-эпидемиологиялық қадаға­лау департаменті мамандарының мәліметіне жүгінсек, сауда орындарында токсикологиялық зерттеуге алынған ойыншықтардың көбі талапқа сай келмей, сауда айналымынан шығарылады екен.  

Сапасыз өнімнің 93 пайызы Қытайдікі

Бұл сапасыз дүниелер туралы жыл сайын сөз болады. Бірақ ағзаны улайтын ойыншықтар мәселесі шешілмей келеді. Мысалы, 2018 жылдың желтоқсан айында астаналық санитарлық сала мамандары дабыл қақты. Сөйтсек, Қытайдан әке­лін­ген ойыншықтарда фенол, формальдегид, тіпті ауыр металдардың көп мөлшері анық­талған екен. Олардың айтуынша, сапасыз ойыншықтар көбіне шағын сауда нүктелерінде сатылатын көрінеді. – Біз 50 рет тексеру жүргіздік. Сөй­тіп, ойыншықтардың 173 түрін тіркедік. Алай­да 83-і органолептикалық көрсет­кіштер бойынша асыра таңбаланғанын білдік. Яғни, талаптарымыз ескеріл­мей отыр. Сапасыз тауарлардың 93 пайызы Қы­тай­дан әкелінген. Ал 3 пайызы ТМД елде­рі­нен. Атап айтқанда, Беларусь мемлеке­ті­нен, – дейді қалалық қоғам денсаулығын қорғау департаменті мамандары.  

Бес ойыншық мүлдем сатылмайды

Республикалық бюджеттің атқары­луын бақылау жөніндегі есеп комитеті тауарларды тексеру нәтижесінде бес ойын­шықты сатудан алып тастады. Айтар болсақ, «Карапуз» көпфункциялы қуыр­шақ пен «ЛАВА» жұмсақ ойыншығы (Қы­тай); «Весенняя прогулка» сыйлық жинағы («АЭЛИТА» пластмасса өңдеу зауыты. Ресей); «Лягушка с лягушатами» пластмасс ойыншығы («Огонек» зауыты. Ресей); «Циферка» үстел үсті ойыншығы (Беларусь Республикасы). Мемлекеттік санитариялық бас дәрігер Жандарбек Бекшиннің айтуынша, аталған ойыншық­тар өте қауіпті. Бұларды негізінен Қос­танай облысындағы «Союз-игрушка» ЖШС тасымалдайды екен. Ойыншықтар қазір сатылымнан алынды. Қорабының сыртында сараптама нәтижесі бар бол­ғанмен, құрамындағы химиялық қосын­дылардың мөлшері шектен тыс көп. Олар – формальдегид, фенол және стирол деген химиялық заттар екені белгілі болған. Әрине, осы заттарды дүкен сөресінен көрсеңіз, сатып алмаған жөн!
 

Нені білуіміз керек?

Мамандар егер ойыншық алар болса­ңыз неге мән беру керек екенін көп айта­ды. Бірақ соған мән беріп жүрміз бе? Айту маңызды, ойыншықты сатып алған кезде қауіпсіздік сертификатын немесе басқа да ілеспе құжаттарды талап етіңіз. Сонымен қатар өнімнің сапасы мен фирмалық таңбасына зер саламыз. «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регла­ментінің (008/2011 КО ТР) 5.3. тармақ­шасына сәйкес таңбасында ойыншықтың атауы, дайындаушының, уәкілетті ада­мының, импорттаушының атауы және орналасқан жері, олармен байла­нысу ақ­параты, тауар белгісі, ба­ланың ойын­шықпен ойнауға болатын ең төменгі жасы немесе баланың жасын бел­гілейтін пиктограмма, негізгі конс­трукциялық материалы (3 жасқа дейінгі балалар үшін), ойыншықты күтіп-ұстау тәсілдері, сақтау шарттары болуы тиіс. Сонымен бірге жұмсақ ойыншық­тардың ішінде қатты немесе өткір, бөтен заттар болмау керек. Тігістерінің берік­тігіне мән беріңіз. Ойыншықта жағымсыз иіс болмағаны дұрыс. Әрине, отандық өндірісті дамытпасақ, шетелден келетін өнімдерге күніміз түсе берері айқын. Ал «сырты бүтін, іші түтін» көздің жауын алатын ойыншықтар ба­ла­ларды улауда. Олай болса, ойыншық таң­дарда абай болайық!   Әділ БЕК