Қостанай облысында ауыл әкімдігіне берілген қызметтік көлік Торғай өзеніне батып кетті. Оқиға Амангелді ауданына қарасты Байғабыл ауылында болған, – деп хабарлайды Halyq Uni.
Әлеуметтік желіде қызметтік көліктің үш күн бойы суда жатқаны туралы ақпарат тарады. Оқиғаның мән-жайын Амангелді ауданы әкімі аппаратының басшысы Абай Шүкенов айтып берді.
«Ауыл әкімі жұмыста отырған кезде өзеннің үстінде адамдар жүр деген хабарлама түскен. Содан кейін әкім көлік жүргізушісін ол адамдарға судың толық қатпағанын ескертуге жіберген. Өзен әлі қатпағанын, суға кетіп қалуы мүмкін екенін айтқан. Көлік жүргізушісі көлікті жағадағы мұздың үстіне қойып, өзенде жүрген адамдарға барғанша көлік суға батып кеткен», – деп түсіндірді Абай Шүкенов Halyq Uni тілшісіне.
Оқиға 2 желтоқсан кешке болған. Көлік 4 желтоқсан түс кезінде судан шығарылды.
– Ол үкіметтің мүлкі. Ол жүруі керек. Көлікке ешқандай шығын келген жоқ. Ең бастысы, адамдар зардап шекпеген. Судан алып шықты, қыздырып, дұрыстап жатыр, – деді Абай Шүкенов.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде Амангелді ауданында қызметтік көлікті әкімдік қызметкерлерінің жеке жұмысына пайдаланатыны, оның ішінде тойға және моншаға мініп баратыны айтылды.
Аудан әкімдігі осыған қатысты да пікір білдірді.
– Мемлекеттік қызметкер қоғамның көз алдында жүретіні белгілі. Әртүрлі мәселе болады. Уәкілетті органға мұндай фактілер түспеді. Желіде әртүрлі пікір жазылады. Бірақ нақты факт болуы қажет. Тойға барған немесе қызметтік көлікпен моншаға барған сәтінен фото жолдаса, тексеріс жүргізіледі. Факт болмаса ештеңе істей алмаймыз, – дейді ол.
Ал Асхат Зейнолдин Байғабыл ауылының әкімі қызметін 5 жылдан бері атқарып келеді.
Сондай-ақ желі қолданушылары Байғабыл ауылына жедел жәрдем көлігі қажет екенін жазған. Қызметтік көліктің орнына жедел жәрдем көлігін беруді сұрады.
«Құмкешу, Қабырға, Байғабыл ауыл округі тұрғындары жедел жәрдем көлігіне мұқтаж. Көліктер ескі, оларды ауыстыру қажет. Қазір қолда бар көліктер бірде жүреді, бірде бұзылып қалады. Алайда қазір бұл мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Оған қаражат қажет. Мыңнан аса адам тұратын ауылдарда жаңа көліктер бар. Амангелді ауданы бюджетінің шамасы жетпейді. Денсаулық сақтау саласына жауапты мамандарға тиісті өтініш беріп жатырмыз. Бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Алайда әлі шешілген жоқ», – дейді Амангелді ауданы әкімі аппаратының басшысы.
Айтуынша, Қостанай облысы әкімдігі бұл мәселеден хабардар.