Қазақстанда ұлтжандылыққа деген сұраныс артқаны байқалады. Бұл әрине, қуантады. Елім дегенде өзегін суырып беретін ұлтжанды, рухы асқақ ұландары көп текті ел ғана мәңгі жасайды, дүние тұрғанша тұрады. Сонымен бірге мұның мәнін жете түсінбей, тұрмыстық ұлтшылдыққа ұрынудың да жақсылық әпермесі анық. Қалай болғанда, отаншыл, патриот болмау үлкен ұят саналатын кезең туып келе жатқандай.
Бюджеттік мекеме көк байраққа неге қарсы?
Осы ауанда отаншылдыққа кереғар жағдайлар елді елең еткізеді. Әділет министрі Марат Бекетаевқа мемлекеттік мекеме басшылығы арызбен жүгінді. Бір қарағанда, оның ойлағаны – тұрғындар қамы. «Жалпы, коммуналдық мемлекеттік мекеме өз ғимаратында Қазақстанның мемлекеттік туын орналастыруға міндетті ме?» деп басталады шағым. «Құрметті министр! Біз коммуналдық мемлекеттік мекемеміз. Яғни, кітапханамыз. Ол тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Прокуратура органдары ғимараттың маңдайша-күнқағарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын орнатуды қайта-қайта талап етуде. Заңда мемлекеттік туды мемлекеттік ұйымдар орнатуы тиіс деп жазылған. Меморган емес, коммуналдық мекеме екенімізді басшылыққа алып, сол туды орнатпауымызға бола ма?» деп сұрайды өз өтінішінде Гүлмира есімді басшы. Байрақтан бас тартқысы келуінің бірнеше себебін де қоса келтіреді: «Ең алдымен, талап бойынша ғимаратқа кіреберісте ілінетін тудың ені мен ұзындығының арақатынасы 1х2 метр болуға тиіс. Алайда біздің ғимараттың күнқағарының конструкциясы мұндай үлкен туды орнатуға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар ереже бойынша мемлекеттік ту түнгі уақытта жарықтандырылуы керек. Біздің ойымызша, жатын бөлмелеріне түн ішінде ту шамының жарығы түсіп тұрғаны тұрғындарға ұнай қоймас», – дейді кітапхана басшысы. Бұған Әділет министрі не десін? «Тұрғындардың жайлылығы үшін мемлекеттік рәмізді құрбан етуге болады» десе, масқара болар еді. Жалтарма жауаппен құтылған. «Құрметті Гүлмира! Өкінішке қарай, сіз көтеріп отырған мәселе Әділет министрлігінің құзырына жатпайды. Біздің өкілеттілігімізге кіретін барлық құқықтық мәселелер бойынша 119 нөмірі бойынша министрліктің Құқықтық ақпараттық қызметіне қоңырау шалып, тегін кеңес ала аласыз. Ұялы байланыс операторлары абоненттері үшін ақылы. Сондай-ақ егер сізге басқа қандай да бір ақпарат қажет болса, оны сұрауыңыз бойынша қуана-қуана ұсынамыз», – дейді жауабында министр Марат Бекетаев. Мемлекеттік және квазимемлекеттік қос мекеме арасындағы хат алмасу осымен тамамдалмады. Себебі мұндай сырғытпа жауап кезекті рет тексерумен келер прокурорларға паңдана көрсетуге жарамайды. Сондықтан болса керек, кітапхана өкілі Әділет министріне «туды ілмей-ақ қой» деп кесіп-пішіп айтпағанына өкініш білдіреді: «Сіздің бұл жауабыңызды жай «отписка» деп санаймын! Өйткені бұл кез келген басқа мемлекеттік мекемелерді де толғандыратын мәселе. Ондай көкейкесті сауалға Әділет министрлігі жауап бермесе, кім жауап береді? Сіздің министрлік заңдардың мағынасын түсіндіріп, түсініктеме беруі керек», деп кейістік білдіреді коммуналдық мекеме өкілі. Бекетаев айтпайды екен, біз айтайық: сонау 2007 жылғы 4 маусымнан бері қолданыста келе жатқан «мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заңда «коммуналдық ұйым» туралы ештеңе жазылмаған. Бірақ ауқымына көпті сыйдыратын «мемлекеттік ұйымдар» делінген. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдары, нақтылай кетсек, мемлекеттік заңды тұлғалар, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, мемлекет жалғыз акционері және қатысушы АҚ және ЖШС-лар өз ғимараттары ішінде мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция жасақтауы міндет дейді заң. Негізі, адамзаттың асыл қазынасы – кітапты ұсынатын мекеме басшысының аузынан мұндай сөздер шықпауы керек еді. Көк байраққа қырын қарамай, қайта көрнекті орынға іліп қойса, ол тек үстіндегі тұрғындарға ғана емес, ішіне кітап оқуға кіретін жас ұрпаққа мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетудің ұлағатын көрсетіп, тәрбие берер еді.Алыптың белгісі – өз асылын ардақтау
Мемлекеттік туды қасиет тұтып, үлкен құрметпен қарауды америкалықтардан үйренуіміз керек. АҚШ аумағына аяқ бассаңыз, ең бірінші көретініңіз – үлкен жұлдызды-жолақты туы. Ол шекаралық бақылауға, паспорттық тексеруге дейінгі жерде сізді «қарсы алады». Ары қарай бар жерде осы елдің туынан қашып құтыла алмайсыз. Тек мемлекеттік және муниципалдық мекемелер ғимаратында ғана емес, мейрамхана мен дәмханаларда да, бұқара көп жиналатын ойын-сауық және сауда орталықтарында да ту ілініп тұрады. Бізде астанамыздың өзінде ең үлкен тутұғырдың тусыз, тұлдыр күйде шошаюы жиі кездеседі. Бұған шетелдік туристер де аң-таң болады. Ал Құрама Штаттардың кез келген қаласында, тіпті көше мен жол бойында ірілі-ұсақты тутұғырлар жиі кездеседі, әрине ешқайсысы бос емес. Бұл державада ту тіпті құрылыс алаңдарында крандарға тағылады. Азаматтар Отанды шексіз сүйетінін паш етіп, үйлеріне жаппай ту іледі. Оны ұдайы жаңартып тұру, лас не жыртылған масқара күйге түспеуін қадағалау – америкалықтар үшін ерікті түрде атқарылатын парыз. Өйткені бұл – мемлекеттік рәміз. Ол теңдік пен бостандықтың символы. Себебі халық ұлтына, діни сеніміне, саяси көзқарасына қарамастан, бір ту астында біріккен. 2020 жылғы 20 ақпанда ВЦИОМ сауалнамасының қорытындысы жария етілді. Нәтижесінде, ресейліктердің 85%-ы өзін патриотпын деп атаған және отаншыл болмауды ұят санайтынын мәлімдеген. Солтүстік көрші тұрғындарының 80%-ы – «жемқорлық схемаларын қолданушыларды», 65%-ы – «әскерде қызмет етуден қашатындарды», 64%-ы – «салық төлеуден жалтаратындарды», 64%-ы – «өзге мемлекетке көшіп кетуді қалайтындарды», 50%-ы – «қос азаматтығы барларды» патриот деп атауға болмайды деген пікірде. Әйтсе де, шетел азаматымен некеге отыруды ресейліктердің тек 19%-ы ғана «ұлтжандылыққа жат» деп таныған. Сұрауға қатысқандардың басым көпшілігі – 79%-ы отаншыл емес азаматтарды мемлекеттік қызметке алуға болмайды депті. Қазақстанда отаншылдық мемлекеттік тілді білумен астасып жатқаны жасырын емес. 2019 жылы Фридрих Эберт атындағы қордың өкілдігі қазақстандық қоғам құндылықтарына зерттеу жүргізді. Қорытындысы көрсеткендей, қазақстандықтардың 8,8% – қазақ тілін мүлдем білмейтінін, 7,6% – жеке сөздерді ғана ұғынатынын, 6,1% – түсінетінін, тек сөйлей алмайтынын, 8,5% – аздап сөйлейтінін, 6,2% – еркін сөйлейтінін, ал жазуда қиналатынын білдірген. Қазақстан азаматтарының 60,5% – мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, оқып, сауатты жаза алатын болып шықты. Сондай-ақ адамдардың 74,5 пайызы орыс тілін жетік меңгерген. Кәсіби деңгейде ағылшынша білетіндер – 4,8%. Ф.Эберт қоры өкілдігінің зерттеуін жүзеге асырған зерттеушілердің бірі әлеуметтанушы, PhD докторы Дина Шарипова мемлекет те, қоғам да патриоттық сезімнің төмен екеніне алаңдайтынын жеткізді. Бұған жоғары білікті жұмыс күшінің, соның ішінде өзге этнос өкілдерімен бірге қазақтардың да шетелге үдере көшуі түрткі болған. Ғалымдар патриотизм деңгейі кейінгі 5 жылда қалай өзгергені туралы азаматтар ойын біліпті. Респонденттердің 21,8%-ы – күшейді, 51,7% – сол қалпында қалды десе, 22,1% кеміді деген. Айхан ШӘРІП