Шығыс Қазақстан облысында мұздың үстімен өтіп бара жатқан көлік суға батып кеткен. Көлікте бес адам болған. Төртеуі өз бетінше судан шыққан. Суға батып кеткен бесінші адамның денесі әлі табылмады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 6 желтоқсан күні сағат 19.40-та Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасында 5 адам отырған көлік мұз астына түсіп кеткен. Төртеуі көліктен шығып үлгеріп, 72 жастағы әйел суға батып кеткен.
«Қазіргі уақытта әйелдің денесін іздестіру жалғасып жатыр. Сүңгуірлер 6 рет су астына түсті. Сүңгуірлерге ауаның төмен температурасы мен су астындағы қараңғылық қиындық келтіріп жатыр. Олар әр жерді қолмен сипап, іздеуге мәжбүр», – делінген ресми ақпаратта.
Судың тереңдігі – шамамен 20 метр. Онда жеке құрамнан 23 адам мен 7 техника жұмылдырылған.