Еңбек процесі қалай жүреді? Алдымен өнімді дайындаймыз, сараптаймыз. Артынша өңдеп, кәдемізге жаратамыз. Жұмыс күні де дәл солай өтеді. Күнді сергек, жұмысты жинақы істеу үшін сиеста көмекке келеді. Ал сиеста дегеніміз не?
Сиеста түскі ұйқы деген мағына береді. Білсеңіз, түскі ұйқы ағзаға пайдалы. Жаздыгүні немесе лагерьге барғанымызда түсте «қинап» ұйықтататын. Бастапқыда ұйықтамауға тырысқанмен, кейін ұйықтап қаламыз. Тұрған соң денеңе қан жүгіріп, энергия күшін сезесің. Міне, сиеста дегеніміз – осы. Тіпті, мұны әлем елдері «испан йогасы» деп атайды. Ал йога қыр-сырын білгенге таптырмас көмекші құрал.
Сиестаның Испанияда әйгілі екенін жаздық. Ауылы аралас жатқан Италия үшін де бұл таңсық емес. Латын Америка елдері де испан йогасына бейжай қарамайды. Кәрі құрлықтың дағдысын Жапония, АҚШ пен өзге мемлекеттер әдетке айналдыруды құп көреді. Қазір түрлі компания мен орталық жұмыс орнына мамық диван мен пуфик қойып жүр. Түсте көз шырымын алуды жөн көретін қызметкер арнайы бөлмеге барып дем алады. Мұны әдетке айналдырып, жүйеге кіргізгендер бар. Бұл жайында сәл кейінірек, төменде ағзаға әсері туралы жазамыз.
Испан йогасы жұмыс күшіне ғана емес, денсаулыққа да қарайласады. Түс ауа аз-маз мызғып алатындар жүрек ауруына сирек шалдығады екен. Бірнеше жыл бұрын өткен Сан Диего конференциясында ғалымдар түскі ұйқының тағы бір ерекшелігін ашты. Олардың тұжырымы бойынша, сиестаны күн тәртібіне кіргізгендердің есте сақтау қабілеті жоғары болады. Әрі түскі ұйқыдан кейін ми үйренуге, қабылдауға, жаңа дүниені сіңіруге бейім.
30 минут ұйқы
Байқасаңыз, таңертеңнен түске дейін адам түрлі ақпараттың арасында өмір сүреді. Бірін қорытуға, ендігісін ұмытуға, үшіншісін пайдаға жаратуға тырысады. Соның арасында энергиясы таусылып, пайдаға асырамын деген функцияны кешеуілдетеді. Осындайда 30 минут ұйқы күніңізді сәтті жалғастыруға жәрдем береді. Мұны Хартфордшир университеті профессоры Ричард Вайзман құптайды. Оның ойынша, қысқа уақытты қамтитын ұйқы шығармашылық белсенділікті арттырады. Бірақ қалың ұйқыға кетудің қажеті жоқ. Бұл кері әсерін тигізеді. Неліктен?
Уақытыңыз болса, түстен кейін 20-30 минут ұйықтап алған дұрыс. Бұдан көп ұйықтасаңыз, дел-сал күйге түсесіз. Өйткені ұйқы түрлі фазадан тұрады. Бізге керегі бірінші фаза. Яғни, түс көрмейтін уақыт. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Ал терең ұйқы фазасына өтіп кетсеңіз, ұйқыдан тұрғанда басыңыз ауырып, денеңіз қалыпқа бағынбай тұрады. Әрі маужырап, жұмыс өнімділігі төмендейді. Тек бірінші фазада көз шырымын алу үшін не істеу керек?
Мамандар түстен кейін 5 минут ұйқыны әдетке айналдыруға болатынын жазған. 5-10 минутқа оятқыш қойып, көзіңізді ілесіз. Денеңіз босағанымен, біраз уақыттан кейін оятқыш белгі беретінін біліп жатасыз. Осындайда ми жұмыс істеп тұрғанымен, демалуға кедергі емес. Сонымен бірге олар 5-10 минуттық ұйқыдан соң су ішіп, қарапайым дене жаттығуларын жасаған жөн дейді.
Түрлі зерттеу жұмысы көрсеткендей, түсте 20-30 минут мызғып алудың еңбек өнімділігін 20%-ға арттыруға себі тиеді. Бірақ мұнда да түс көретін фазаға өтпеу керек. Өйткені бұл жаттау мен есте сақтау қабілетіне кері әсер етеді.
Еңбек өнсін десең...
Кез келген компания басшысы үшін нәтиже бірінші орында. Сол үшін барынша тырысады. Жұмыскерлерін жігерлендіріп, екінші тынысын ашу үшін әрекет етеді. Әрине, төмендегі тәсіл қытымыр бастыққа ұнай қоймайды. Ал қол астындағының еркін жүріп-тұрғанын қалайтын басшы үшін бұл таптырмас құрал.
Жұмыс арасында сергіп алған бәріне тиімді. Ал ұйықтап алудың айрықша мәні бар. Белсенділікті арттырып, тың идея дүниеге келуі бек мүмкін. Мәселен, Google, Ben & Jerry сияқты атақты компаниялар жұмысшы игілігі үшін кеңсеге жатын орындарын қойған.
Ресейде қызметкерге арналған релакс зона бар. Мәселен, «Авито» компаниясында арнайы үйшік бар болса, «Сбербанк» пен Courseburg-те ұйқы капсуласы бар. Шаршаған қызметкер капсулаға кіріп, демін алып, энергия жинақтайды. Елде мұндай капсуланы Energy Point пен Superjob дайындайды. Әрі өздері бірінші болып сынап көреді. Energy Point-тың бас директоры Алексей Винокуровтың айтуынша, кофе немесе шай ішкен соң капсулаға 20 минутқа жату керек. Уақыты жеткенде құрал адамды өзі-ақ оятады. Содан кейін кофе ағзаға әсер етіп, ары қарай жұмыс істеу жалғасады.
Пекиндегі Xiangshui Space компаниясы жұмыскерлері түсте міндетті түрде ұйықтайды. Ұйықтамаса да кітап оқып, гаджетке үңілсе де, жұмыстан бір сәт тысқары қалуы керек. Өйткені компания сонда ғана жұмысшының ісіне деген құштарлығы оянатынын түсінеді.
Сиеста күреседі
АҚШ-тың Массачусетс университеті 30 минуттан аспайтын ұйқы түрлі аурудың алдын алатынын дәлелдеген. Эмоцияны бақылауда ұстауға көмегі тиетінін анықтаған. Сол үшін паркинсон, альцгеймер тәрізді ауруға шалдыққандарды бір мезет мызғып алуға шақырады. Ал Пекин университеті ғалымдары сиестаның артериялық қан қысымын реттеп, гипертонияның алдын алатынын жазады. Испанияның Наваррс университеті ізденушілері түскі ұйқының семіздікпен күресте пайдасы барын көрсеткен. 2010 жылғы зерттеуде сиеста дені сау адамға да, дертке шалдыққан жанға да тиімді екені айтылған.
Ұйқы жайында сөз болса біразы жалқаудың сылтауы деп баға береді. Алайда ғылым мен ғалым сөзі басқаша өрбиді. Ұйқының мөлшерлі түрі бәріне дәру. Бірақ тарихқа аз ұйқыны әдетке айналдырып, жетістікке жеткендердің тарихта қалғанын желеу ететіндер бар. Мәселен, Александр Македонский, Леонардо да Винчи, бертін келе Маргарет Тэтчер. Ғалымдар Тэтчер генін ғана зерттей алды. Білсеңіз, Темір ханым күніне 4 сағат ұйықтайды. Артынша жұмысты жүйелі істеп жүре береді. Бұл Тэтчер геніндегі айрықша белгілерге байланысты екен. Мұндай артықшылық кез келгенге берілмейді. Сондықтан ғалымдар 8 сағат ұйқыны бар ғаламға міндеттейді. Ал сиеста жайын еркіңіз білсін.
Айбике ЖАНАСЫЛ