Жанқош Тұраровтың қарсыласы Алматыға келді
Жанқош Тұраровтың қарсыласы Алматыға келді
645
оқылды
Жерлесіміз Жанқош Тұраровты титулдық жекпе-жекте тізе бүктіріп, IBO Intercontinental белбеуін алып кетем деп сенімділік танытқан испаниялық боксшыЛиус Энрике Қазақстанға ұшып келді. Әуежайдан күтіп алған MOVIDA Promotions өкілдерінің айтуынша испаниялық боксшы көңілді көрінеді.
«Айқасқа сақадай сай даярмын әрі өз жеңісіме сенімдімін деп қысқа жауап қайырды»,- Луис Энрике.
11 желтоқсан күні Алматы Арена спорт кешенінде Жанқош Тұраров дәл осы боксшымен қолғап түйістіреді. Бұл бокс кеші ел тарихында тұңғыш рет әйгілі DAZN платформасы арқылы әлемге көрсетілмекші. Бұл ел спорты тарихындағы елеулі оқиғаның бірі әрі беделді спорт платформасының еліміздегі алғашқы эфирі. Бокс кеші аясында Арман Әшімов, Еркебұлан Тоқтар тәрізді отандастарымыз да кәсіпқой рингте бақ сынап көрмекші.  width= Луис Энрике өзінің DAZN аясында өткен соңғы жекпе-жегінде мықты румындық ринг шеберін нокаутпен жеңіп, әлемдік Boxrec рейтингіндегі ТОП-60 боксшының қатарына кірді. Біздің қаһарман Жанқош болса былтыр желтоқсан айында елордада өткізген соңғы айқасында мысырлық боксшыны 45 секунд ішінде тізе бүктірген еді. Сарапшылардың айтуынша, 11 желтоқсандағы жекпе-жек Тұраровтың мансабындағы IBO тұжырымының чемпиондық титулына жету жолындағы басты сынақ болмақшы. Осы кеште басты екі боксшыдан бөлек бұған дейін жеңіліс дәмін татпаған қазақстандық жас талант Елхан Табынбаев (5-0, 3 КО) пен бразилиялық Матэус Да Сильва (7-0, 3 КО) арасындағы WBC Intercontinental белбеуі үшін өтетін бәсекені тамашалай алады. Сонымен қатар біздің атышулы ару Ангелина Лукас (2-0, 1 KO) танзаниялық Лулу Каягемен (8-8-4, 2 КО) UBO чемпиондық титтулын сарапқа салады. Бұл бокс кешінің төрінде Әлихан Төленбаев (2-0, 1 КО) пен Адлан Сельмурзаев (4-0, 3 КО) секілді қылыштай жарқылдаған жастарымыз да өнерін көрсетеді. Сонымен қатар “нокаут ханзадасы” атанған аралас жекпе-жектің хас шебері Арман Әшімов кәсіпқой рингтегі алғашқы айқасында грузиялық боксшы Бухити Татишвилимен жұдырықтаспақ. Актер әрі ММА жұлдызы атанған Еркебұлан Тоқтар болса өз дебютінде ирандық спортшы Амир Яранимен қолғап түйістірп көреді.
«Беделді DAZN телеарнасының Қазақстанға келуінің арқасында, отандық кәсіпқой бокс шеберлерінің жекпе-жектерін әлемдік аудиторияға паш ететін тарихи мүмкіндікке ие болып отырмыз. Қазақстандық боксшылардың мансабы тезірек өркендеп, арасынан чемпиондардың көптеп шығуына жол ашылмақ. DAZN-ды елге әкеле алғанымызбен мақтанамыз, келешекте бірлесе бірнеше бокс шоуын өткізіп, әріптестік аясын кеңейте түсу жоспарда бар»,-дейді осы бокс кешінің басты ұйымдастырушысы MOVIDA Promotions негізін қалаушы Әлімжан Қалдияров.

Нұрболат Адырбек, Алматы