Басқасы бір бөлек, еліміз осы күнге дейін күріш мәселесіне бас ауыртпаған еді. Дегенмен соңғы жылдарда диқандар егін алқаптарын біршама азайтуға мәжбүр болды. Су тапшылығы саланы қыспаққа салды. Енді таяуда аяқасты күріш бағасының қымбаттауы жұртты ашындыруда. Өзімізде шығатын өнімнің құны неге өзгерді, жауаптылар нендей себепті алға тартуда? Өзімізде барға өзіміз жарымадық Сонымен, бұл мәселенің туындауына елдегі күріш бағасының қымбаттауы себеп. Қазан мен қарашадан құн біршама құбылды. Осыдан 3 ай бұрын бір келісі 280-300 теңгеден сатылса, қазір 400 теңгеге жеткен. Яғни, 31 пайызға бір-ақ көтерілді. Енді бұған не себеп болғаны көпшілікті ойландырмай қоймайды. Жақында Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтен күріш нарығындағы жағдайды сұраған. Ведомство басшысы жауабында еш мәселе жоғын айтып ақталды. Бірақ себепті елеусіз қалдыра алмаймыз. Қазіргі бір келі күріштің бөлшек бағасы 600 теңгеге жетті. Бұл қазақстандық күріштің Ресейге белсенді экспортына байланысты. Еліміз бір сөзбен айтқанда, солтүстіктегі көршіге күріш тасымалдап әлек. Ал сарапшылар Ресейдегі төмен өнімділіктің нәтижесінде баға тағы өсуі мүмкін деп алаңдап отыр. Сондықтан Сауда министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне күрішті шетелге жеткізуге уақытша шектеулер енгізуді ұсынған. Министр Қарашөкеев бұдан проблема байқамайтын сыңайлы. Керісінше, импортты дамытуды ойлап әуре. Мәселен, елдегі ұнтақталған күріштің 80 пайызы Ресейге кетеді. Оны олар сыра өндірісіне пайдаланады екен. Жалпы, соңғы 3 жылда «күріштің отаны» саналатын Қызылорда аймағында су тапшылығы қатты байқалды. Соның кесірінен күріш шаруашылығының дамуына кері әсер тиді. Диқандар жыл сайын егістік көлемін азайтуға мәжбүр болуда. Былтыр 78 мың 600 гектар аумаққа дән себілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, бақандай 5 мың гектарға кем. Бірақ көлемі азайғанымен, шаруалардың шығыны еселеп кеткенге ұқсайды. Күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының сарапшысы Айгүл Қосмұратованың айтуынша, өнім алуға қажетті өзге заттардың құны қымбаттауда.
«Тыңайтқыштардың бағасы 2-2,5 есеге дейін өскен. Мысалы, диқандар арзан жанар-жағармай алады, бірақ оның да бағасы артты. Ауылдан қалаға тасымалдау құны жанар-жағармайдың бағасы тікелей байланысты. Осының бәрі елде күріштің құны артуына әкеліп соқтырды», – дейді ол.Биыл елімізде 200 мың тоннаға жуық күріш жиналыпты. Жауапты министрлік оның ішкі сұранысты толық қамтитынын айтады. Сол арқылы тапшылыққа алаңдамауды сұраған. Қазақстанда күріш өндіруші ірі зауыттардың саны 20-дан асады. Елімізге сырттан келетін үлес те бар, бір жылда шамамен 10-15 мың тонна күріш шетелден әкелінеді. Ал 12 мемлекетке жылына 50-60 мың тонна жөнелтіледі. Әзірге мәселе күрделі көрінбегенімен, алдағы бес жылда тапшылық байқалуы мүмкін. Судың сарқылғаны – себептің бірі Жыл сайын күріш егетін диқандардың тіршілігіне тықыр таянуда. Осы жылдың басында өңірдегі жалпы күріш алқабы тағы 3 600 гектарға қысқаратыны мәлім болды. Егін егуге шама жетпегенінен емес, Сырдария өзенінің сарқылып бара жатқанының кесірінен. Негізі, 2020 жылға дейін Сыр өңірінде шамамен 90 мың гектар жерге күріш егіліп келген еді. 2020 жылы 5,1 мың гектар күріш алқабы су тапшылығына байланысты қысқарды. Биыл тағы азайды. Демек, айналдырған екі жылдың ішінде 9 мың гектарға жуық алқапқа күріш егілмейтін болыпты. Келер жылы да қысқарту болса – таңғалмаңыз. Дегенмен бұл жағдай алдын ала болжанып қойған. Мамандар күріш алқабының көлемі азаймаса, Аралға тамшы су бармай, Сырдарияның азын-аулақ суын сарқып бітерімізді талай мәрте айтты. Кейінгі уақытта теңіздің су деңгейі 6 метрге дейін төмен түскен. Былтыр Экология министрлігі алдағы 10 жылда 29 мың гектар күріш егістігін қысқартуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Осылайша, жыл сайын қамбаға түсіп келген күріш мөлшері онжылдықта шамамен 35 пайызға азаюы мүмкін. [caption id="attachment_231336" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Елдегі су ресурсының 70-90 пайызы ауыл шаруашылығына кетеді. Көбі суармалы егіндікке жұмсалады. Әйтсе де, тығырықтан шығатын жол – егін алқаптарын қысқарту емес. Егер Қызылорда өңіріндегі күріш алқаптарын күрт азайтса, топырақ тұздана бастайды. Егін азаймаса, су шығындалады. Себебі өңірдегі егіс алқаптарында топырақтың 35 пайызы – қатты, қалған 65 пайызы – орташа тұзданған. Яғни, күріштіктегі судың басым бөлігі егін суаруға емес, топырақ тұзын шаюға кеткен екен. Экология министрлігі бұның шешімін қарастырып көріпті. Күріштік көлемі қысқарады, ал босаған егістік жерге суды аз қажет ететін жоңышқа, бидай, арпа тәрізді дақылдар егіледі. Осылай егін шаруашылығы әртараптанбақ. Соның арқасында су үнемдеп, топырақ қалпын сақтауға мүмкіндік бар тәрізді. Су саласының мамандары да осы амалды құптауда. Қазақстан су шаруашылығын зерттеген маман Нұрлан Атшабаров жауаптылардың күріштен басқа дақылдарды егу жоспары жөн екенін айтады.
– Су тапшылығы Сыр аймағының ғана мәселесі емес. Мысалы, Түркістан, Жамбыл, Алматы облысындағы егістіктерге су жетпеуде. Бұл тұста «егістікті азайттық» деп байбалам салуға болмайды. Себебі экологиялық мәселелердің астары тұр. Жауаптылар әдейі істемейді. Мысалы, күріш алқабы қысқарғанымен, суды аз қажет ететін басқа дақылдарды егу жоспарланған. Су тапшылығы енді ұлғая бермек. Бір күнде шешілер мәселе емес. Судың басым бөлігі өзге елдерден келеді. Олардың жіберуге тиіс суды азайтып немесе пайдаланған суды беріп отырғаны жайлы түрлі әңгіме бар. Ал осы жерде су мәселесін қарастыратын халықаралық ұйым өкілдері еңбектенуі тиіс. Бірінші кезекте тиімді пайдалануды ғана ойламай, келіп жатқан суды зерттеп, нақты мөлшерін анықтап, кем-кетігі болса түсіндіруіміз қажет. Өзге елдердің өзі су тапшылығынан қиналып отыр. Тау мұздықтары еріді. Кезінде Сібірдің мұздықтарын ерітіп, елге су жеткізу жайлы мәселе көтерілген. Егер көрші ел Сібір мұздықтарынан су алатын болса, бізге де келетін көлем ұлғаюы мүмкін еді, – деді ол.Сонымен, күріштің жайын қысқаша баяндадық. Су тапшылығынан шығып тұрған жайтты түсіндік. Дегенмен аз уақыттың ішінде бағаның қымбаттауының түпкі мәні әлі толық ашылған жоқ. Біздің болжауымызша, екі себеп бар. Біріншісі, көрші елге өзеуреген жауаптылардың экспортты шамадан тыс асырғаны. Екіншісі, диқандардың, зауыттардың жұмыс процесіне керекті тауарларының қымбаттауы. Қалай алғанда да, мәселе алдағы уақытта маңыздылығын жоғалтпайды.