Халықаралық қаржы орталығының (Astana International Exchange, AIX) Қазақстан қор биржасында (KASE) «ҚазМұнайГаз» акцияларының қайталама сауда-саттығын ашу рәсімі өтті. Акциялар сауда-саттығының ашылу салтанатына Премьер-Министр Әлихан Смайылов қатысты. Салтанатты шарадан кейін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы А.Сәтқалиевтің, «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы М.Мырзағалиевтің, Astana International Exchange (AIX) Басқарматөрағасы Р.Бектуровтың, «Қазақстан халық банкі» АҚ Басқарма төрағасыҮ.Шаяхметованың, Freedom Holding Corp бас атқарушы директорыТ.Турловтың қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Еске сала кетейік, 2022 жылғы 2 желтоқсанда IPO барысында ҚМГ акцияларына жазылу аяқталған. Жазылу науқаны кезінде инвесторлардан 181 млрд теңгеден астам сомаға 129 мыңнан аса өтінім келді. Осы өтінімдерді талдау нәтижесінде 153 млрд теңгеден астам сомаға өтінімдерді қарастыру туралы шешім қабылданды. Осылайша, аталмыш IPO барысында Қор «ҚазМұнайГаздың» 18 303 584 жай акциясын сатты, бұл компания ұсынған жай акциялар жалпы санының 3 пайызын құрады. Қабылданған өтінімдердің 48,5 пайызы немесе 74,6 млрд теңгесі қарапайым ел азаматтары жолдаған. Ал 48,5 пайызы немесе 72,7 млрд теңгесі елдегі заңды тұлғаларға тиесілі. Қалған 6,6 млрд теңгесі немесе 4,3 пайызы шетелдік жеке және заңды тұлғалар өтінімдері болды.
«Қазақстан қор нарығының тарихында ҚМГ акцияларының алғашқы жария ұсынысы қазақстандық қор биржаларында ғана листингі бар ең ірі жергілікті IPO болды. Бұл IPO Қор мен ҚМГ өткізген ауқымдық дайындық жұмысының, қаржы секторындағы цифрлық технологиялардың қарқынды дамуының арқасында сәтті өтті. Дамыған цифрлық технологиялар жеке тұлғалардың өтінім беруін, сондай-ақ Қор мен ұлттық компанияның инвестициялық қауымдастық алдындағы ашықтығын айтарлықтай жеңілдетті. Ең алдымен Қазақстан азаматтарының өтінімдеріне басымдық беріліп, олар толық көлемде мақұлданғанын атап өткім келеді. Қор мен ҚМГ компанияны дамыту және корпоративтік басқаруды одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмысын жалғастырады», – деп атап өтті Қордың Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.Басқарма төрағасы атап өткен қаржы секторындағы цифрлық технологияның мысалына Tabys мобильді қосымшасын жатқызуға болады. Бұл қосымша елімізде алғаш рет тікелей жазылу құралы ретінде пайдаланды. Сонымен қатар инвесторлардан өтінімдер «Қазпоштаның» бөлімшелері арқылы да қабылданды. Тікелей жазылу үшін акцияларға өтінімді тікелей акционерге – Қорға беру де мүмкіндігі болды. Нәтижесінде брокерлік компаниялардың өкілдері жоқ өңірлер мен шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары IPO-ға қатысты. Бұл іске жекелеген екінші деңгейлі банктердің және брокер-дилерлік ұйымдардың мобильді қосымшалары көптеп қолданылды. Тікелей жазылу әдісімен 1 миллиард 500 миллион теңгеге шамамен 6 мың өтінім берілді.
«Біз үшін бұл компания дамуындағы жаңа кезеңмен қатар үлкен жауапкершілік. Ондаған мың қазақстандық, отандық және шетел инвестор бізге сенім артып, «ҚазМұнайГазбен» бірге болуды шешті. Бұл ретте компания бүгінгі жергілікті биржаларға тұрақты өндірістік және қаржы көрсеткіштерімен, теңгерімді және түрлі активтер портфелімен, жақсы халықаралық кредиттік рейтингтерімен шығып отыр. Сонымен бірге, біз алдағы қызметімізде ашықтығымызды артып, корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарына ұмтыламыз. Компанияның ұзақмерзімді перспективада акционерлердің игілігі үшін өсіп-өркендеуі жолында бар күш-жігерімізді саламыз», – деді ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.Брифингте «Қазақстан халық банкі» АҚ Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова ҚМГ IPO-сын өткізудегі банктердің мобильді қосымшалары және олардың тиімділігі туралы айтып берді.
«Ең алдымен «ҚазМұнайГаз» IPO-сы отандық қор нарығы үшін айтулы оқиға болғанын атап айтқым келеді. Бұл қаражат жағынан да, берілген өтінімдер саны бойынша да – ірі жергілікті орналастыру. Бұл ретте ұсынылған көлемнің жартысынан көп бөлігі жеке сегментке тиесілі болды, олардың сұранысы толық көлемде өтелді. Шамамен 90 мың өтінім, яғни жалпы берілген өтінім санының 70 пайызы Halyk Homebank қосымшасындағы Halyk Invest сервисі арқылы берілгені бізді қуантады. «ҚазМұнайГаз» IPO-сына қатысу үшін цифрлы каналдарды пайдаланған жалпы адамдар саны бөлінісінде банкіміздің клиенттері үлесіне қарайтын болсақ, барлық жаңа жеке инвесторлардың 53 пайызы біздің қосымша арқылы компанияның акционері атанды. Жалпы, еліміз үшін бұл алғашқы цифрлы IPO болса, біздің банк үшін – жеке брокеридж сегментіндегі алғашқы ауқымды жұмыс тәжірибеміз. Меніңше, «Самұрық-Қазына» қоры да, біз де қойылған міндеттерді ойдағыдай орындап шықтық. Енді Halyk банк жеке инвестициялар сегментінің толық құқылы және маңызды қатысушысына айналды деп сеніммен айтуға болады», – деп мәлімдеді Ү.Шаяхметова.Жалпы Қазақстан Республикасының азаматтарынан келген өтінімдер толық қабылданды. Бұл ретте мәміле үйлестірушісі мен букраннерлердің бірі – Freedom Broker – жазылу кезеңінде 90 млрд теңгеге өтінім жинап, оның ішінде 67 млрд теңге cомасындағы өтінімді қарастырды. «ҚазМұнайГаз» IPO-сы ұзақ үзілістен кейін Қазақстанның ішкі нарығы тарихындағы ең ірісі болды. Ол біздің қор нарыққа серпін беріп, жаңа жеке инвесторлар легін тартуға мүмкіндік берді. Біз өз тұтынушыларымыздың акцияға үлкен қызығушылық танытқанын байқадық. Мәселен жазылу науқаны кезінде Freedom Broker 90 млрд теңгеге өтінім жинады, бұл жалпы соманың жартысы. Оның ішінде өтінімдер 67 млрд теңгеге қарастырылды, бұл мақұлданған өтінімдердің жалпы сомасының 44 пайызын құрады. Шикізат секторы инвесторлар үшін қашан да тартымды болады. Біз қайталама нарықта да «ҚазМұнайГаз» қағаздарына қазақстандық және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық болатынын болжап отырмыз», – деді Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.