Сот жүйесінде Асановтың дәуірі аяқталды. Жақып Қажыманұлы Жоғарғы Сотты қажымай-талмай, бақандай бес жыл немесе 1 823 күн басқарды. Бұл мерзім салада кез келген ірі, түбегейлі һәм нәтижелі реформаларды жүргізуге жетеді. Ендеше сот саласында қандай іргелі, игілікті жаңғырулар жүрді? Қандай кемшілік, түйткілдердің түйіні тарқамай, шиеленісті? Мемлекет басшысы Жоғарғы Соттың жаңа төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдағанда, оған азаматтардың судьяларға сенімін арттыруды жүктепті. Неге бес жыл ішінде бұрынғы төраға бұған қол жеткізе алмады?Саланы қандай күйде қабылдады?
Ж.Асанов Жоғарғы Сот төрағасы лауазымына 2017 жылғы 11 желтоқсанда тағайындалды. Ол кезде саланы жемқорлық, трайбализм, яғни лауазымды жақын адамдарға тарату, сату сияқты кесірлі көріністер жайлаған болатын. Судьялардың қызметіне, сот істеріне биік лауазымды тұлғалардың, Парламент депутаттарының араласуы немесе қоғамдық пікір арқылы қысым жасау құбылыстары белең алды. Оған тосқауыл қою үшін судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою керек еді.
Еңсені езген жұмыс ауыртпалығы, жалақының аздығы, мансап сатысында өсу шарттарының жоқтығы, ынталандырудың аздығы, тәжірибелі мамандардың өзге салаларға кетуі – жүйені түбегейлі жаңғыртуды талап етті. Сондықтан Жоғарғы соттың басшылығы толық дерлік жаңартылды. Ж.Асановқа мол сенім артылды.
Мұның сыртында коррупциямен күрес аясында барлық сот залын бейнекамералармен жабдықтап, сот талқылауларын бейнетаспаға жазу, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистерін енгізу міндеті қойылды. «Бұрын адамдардың сотқа жеке өздерінің келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады» дегенді ел басшылығы осыдан бес жылдай бұрын тапсырыпты. Жасыратыны жоқ, бұл мәселе толыққанды шешілмегенін коронавирус пандемиясы көрсетті. Сот отырыстарын онлайн өткізу, оған қатысушылардың әр өңірден бейнеконференциялық байланыс арқылы қосылуын толыққанды қамтамасыз ету мүмкін болмағандықтан, індет күш алғанда, соттарға өз қызметін доғаруға тура келді. Төрелік ету тоқтатылды, азаматтардан талап арыздарын қабылдаудан уақытша бас тартылды. Бұл әрине, заң мен құқық үстемдігін сақтауға септеспеді.
Жалпы, судьялар Ж.Асановқа негізінен, алғыс айтса керек. Экс-төраға олардың жалақысын 2 есе көтеріп берді. Алда тағы артады: келесі 2023 жылы соттарды қаржыландырудың жаңа моделі іске қосылмақ. Жоғарғы сотқа республикалық бюджетте бүкіл мемлекеттік аппаратты ұстап тұру шығынының 6,5 пайызы көлемінде кепілдендірілген квота бөлінді. Осы квота аясында 100 теңгеге дейінгі қаражатты соттар қалай жұмсаймын десе де өзі біледі. Өзі би, өзі қожа. Бұрын әрбір шығыны үшін Үкімет пен әкімдерге қол жайып, дәлелдеп жүруге мәжбүр болатын. Жаңа жылдан бастап, квота ішіндегі аста-төк ақшаны қандай бағыттарға бөлетінін, судьялардың еңбекақысын тағы қаншаға өсіретінін барлық деңгейдегі соттардың делегаттары кеңейтілген пленарлық отырыста өздері шешетін болады.
Яғни, бес жылдағы басты жетістігі сол: Жақып Асанов қазақстандық сотқа қаржылық тәуелсіздік алып берді.
Екінші жетістігі – судьялардың жұмысы жеңілдеді. Асанов тізгінді алғанға дейін соттар тау болып үйілген істердің астында еді. Істер саны 20 жыл бойы тек өсумен болды. 2018 жылы шырқау шегіне жетті: бір жылда судьялар 4,5 млн істі қараған. Күніне 20 мың іс келіп түсетін. Әрбір судья күніне 11 істі, ал Алматы мен Астанада – 50 істі қарайтын. Саладағы реформа аясында соттар біраз жұмыс ауқымын өзге құрылымдарға аудара салды. Мысалы, егер бұрын азаматтар банктерге, коммуналдық қызметтерге, ПИК/КСК, басқасына қарыз болса, аталған мекемелер ол борыштың жалған емес, шын екенін сотта дәлелдеуі тиіс еді. Бүгінде бұл істер сотқа түспейді. Мысалы, ПИК, МИБ басшысы тұрғынның үстінен нотариусқа шағым түсіріп, оның бүкіл банк картасын, жинақ, есепшотын бұғаттап тастатқыза салады. Борыштың негізсіз екенін дәлелдеу қиын: барлығын төлемей, бұғаттан шығу мүмкін емес. Өкінішке қарай, қазір біраз дауға сот шешім айтпайды. Олардың алдымен медиацияға жүгінуін талап етеді. Салдарынан, еңбек даулары өршіп, ереуілдер саны артқаны жасырын емес. Жоғары Соттың жаңа төрағасы бұл салада игі өзгерістер жасаса құба-құп.
Бұрынғы соттардың қаншасы қуылды?
2018 жылы Президенттің өзі судья мансабының сатылатынын, әр лауазымның өз «ставкасы» барын айтып, қатты сынады. Негізсіз емес еді. 2018 жылға дейін жаңа судьялар көптеп қабылданды. Жылына орта есеппен 230 адам судья болып шыға келетін. 2014 жылы рекорд орнатылды. 493 жаңа судья қызметке кіріскен. Салыстыру үшін айтсақ, қазір судья болғысы келетіндердің орта есеппен 60-70-і ғана сынақтан әзер өтеді. Бұған кадрларды іріктеуге жауапты Жоғарғы Сот кеңесінің жұмысын жетілдіру де ықпал етті.
«Соңғы 5 жылда әрбір бесінші судьяны лауазымынан алдық, жазаладық не қызметінде төмендеттік. Олардың 99 пайызы – мен келгенге, яғни 2018 жылға дейін тағайындалғандар. Бір жайтты еске түсірейін: 2018 жылғы 6 наурызда Жоғарғы Сот кеңесінің (ЖСК) отырысына алғаш қатыстым. Соған дайындық барысында судья болудан үміткерлерге түсінікті тілмен қарапайым эссе жазуды ұсындым. Неге судья болуға лайықтымын? Осы жалғыз сұраққа тұщымды жауап беруі тиіс еді. Эссе туралы 9 күн бұрын ескертілді. Ақыр соңында кандидаттардың көпшілігі тұтас 2 сағатта ойға қонымды 3 абзац та жаза алмады. Соған қарамастан, Жоғары Сот кеңесі олардың барлығын, яғни 88 жаңа судьяны Президенттің мақұлдауына ұсынды. Мұндай шешіммен келіспей, отырысты тастап, кетіп қалдым. Болған жайтты Мемлекет басшысына баяндадым. Содан судьяларды қабылдауға уа-қытша мораторий енгізілді, Жоғары Сот кеңесінің басшысы ауыстырылды», – деген еді бірде Жақып Асанов.
Оның мәліметінше, алғаш рет аудандық соттардың судьясы болып тағайындалғандар саны 2014-2017 жылдар аралығында 1 055 адамды құрапты. Бұл барлық аудандық судьялардың 58 пайызы. Реформалар қолға алынғалы аудандық сотқа жаңа судьяларды қызметке алу көрсеткіші күрт қысқарды. Яғни, Асанов тұсында аудандық соттарға жалпы саны 325 судья тағайындалды.
Әрине, судьялардың сапасына, кадрлардың кәсіби біліктілігіне қатысты мәселе толық шешіле қойған жоқ. Дегенмен біраз жетілдірілгенін де айта кеткен абзал: заңнамаға түзетулер енгізілді. Жоғары Сот кеңесі төл тәсілдерін өзгерте бастады, заманауи HR-құралдар, меритократия қағидаттары енгізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар қабылданды. Конкурсқа түскендер арасында әлдебір беделді, тірегі бар кандидаттардың аты-жөнінің өзі ықтырып, жюридегілерге қысым жасап тұрмауы үшін судья болудан үміткерлердің аты-жөндері қазір шифрландырылады, жасырылады. Олар психологиялық тестілеуден құламай өтуі шарт. Судьяны тағайындаудың бір орталықтан жүзеге асырылуы жойылды, кандидаттар бірнеше сатылы мақұлдаудан өтуі мүмкін. Кандидаттармен алдын ала сұхбат енгізілді. Нәтижесінде, егер бұрын Жоғары сот кеңесінің сынынан әрбір төртінші үміткер өтсе, бүгінде әрбір он төртінші кандидат қана сот жүйесінің табалдырығынан аттай алады.
Қазір Сенатта осы салаға қатысты жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Ол судьяларды іріктеудегі мәселелердің көпшілігін жоюға бағытталған. Соның арқасында бұл рәсім толығымен жария, онлайн режимде өтіп, оның жазбасы жұртшылықтың танысуына ұсынылады.
Ал іс басындағы судьяларды електен өткізу үшін олардың қызметін бағалаудың жаңа әдістемесі енгізілді. Оны әзірлеуге БҰҰ және Нидерланды сарапшылары көмектесіпті. 2019 жылға дейін ол бағалаудан іс басындағы судьялардың 1 пайызы өте алмай қалса, 2019 жылдан бері бұл көрсеткіш 7 пайыздан асты. Талап күшейтілуде. Демек, бес жылда судьялар корпусы толық жаңарды, сауықты деп айтуға болмайды. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Оны толық аяқтау Асламбек Мерғалиевтің басты миссиясы. Әйтпесе, судьялар арасында парақорлары да жетерлік.
Жемқорлықтың жегіқұрты кеміріп жатыр...
Бұл сала жемқорлықтан түбегейлі арыла алмады. Оның кейбір сорақы көріністеріне Президенттің өзі де назар аударғаны есте. Мысалы, былтыр сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізген Мемлекет басшысы Жоғары Сот кеңесінің бұрынғы мүшесі болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы Сот судьясының ұсталуын масқара жағдай деп бағалады.
– Бұл оқыс оқиға қоғамды теңселтіп кетті. ЖСК және Жоғарғы сот басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек. Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Жалпы, судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстемдік құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы 5 жылда жемқорлығы үшін фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Жоғарғы сот судьясы Мейрам Жанғұттинов пара алу үстінде ұсталды. Оған ақшаны Түркістан аудандық сотының судьясы Тұрғымбаева табыстаған. Астана қаласының Байқоңыр аудандық соты Жанғұттиновты жемқор емес, алаяқ деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Тұрғымбаева болса, «пара беру» бабымен 5 жылға сотталды. 5 жылда 475 судья жазаланған. Оның 20-сы сотталды.
Саладағы былықтар тек пара алумен шектелмейді. Сорақысы сол, судьялардың көмегімен рейдерлік басып алулар жүзеге асырылған. Қарсы тараптың талабымен, сот шетелдік инвесторды 10 миллион теңге қарызы үшін ғана банкрот деп таныған. Ал оның қолында көп миллиардқа бағаланатын актив – алтын кен орны болған. Ашынған инвестор халықаралық арбитражға жүгініп, әділ сот төрелігінен қаққаны үшін Қазақстанға қарсы 500 миллион доллардай талап арыз берді.
Малайзиядан келген тағы бір инвестор мұнай кен орнын игеруге 200 миллион доллар қаржысын салады. Қара алтын өндірісі жолға қойылысымен, судья шағын ғана қарызы үшін онда мәжбүрлі реабилитациялау режимін енгізіп, қазақстандық басқарушыны тағайындаған, инвесторға тіпті өз кәсіпорнына кіруге тыйым салған. Соңы халықаралық жанжалға ұласып, Малайзия Үкіметі көмек сұрап, біздің Жоғарғы сотқа жүгінді. Қазақстан кен орнына қатысты барлық сот актілерін жойды. Рейдерлік шабуылды ұйымдастырған олигархтар биліктегі адамдарын жұмылдырып, барынша қарсыласып бақты, тапсырысты сыни мақалалар, қоғамдық пікір арқылы қысым жасаған.
Бұл оқиғалардың бәрі қарулы қақтығысқа толы аймақтан, дамушы елдерден онсыз да қашып жатқан инвесторлардың жүрегін май ішкендей етті. Мемлекеттің беделіне дақ түсті, ал имиджі жақсартып, инвесторлар сенімін қайта жаулап алу күрделі іс.
Асановтан Мерғалиевке көптеген шешілмеген мәселе қалды. Жоғарғы Соттың бұрынғы басшысы сот төрағаларының осы лауазымда тапжылмай отыруы тәжірибесін жойды. Бұған дейін кейбір белді тұлғалар сот төрағасы орынтағында 20-30 жыл отырып, зейнеткерлікке шығатын. Кейбірі тек өңірді ғана ауыстыратын, яғни бір соттың төрағалығынан екіншісіне ауыса салатын. Енді бір адамды сот төрағасы лауазымына 2 реттен артық тағайындауға тыйым салынды. Яғни, бір тұлға өз ғұмырында жалпы алғанда тек 10 жыл төрағалық ете алады. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстандағы әрбір төртінші аудандық соттар төрағасыз қалды.
Жақып Асановтың командасы 5 жылда 45 заң жобасын жазыпты. Оның 33-і ғана жұмыс істеп тұр. Төртеуі Парламентте жатыр. Қалған 8-і мемлекеттік органдар-дың келісімінен өту сатысында сүрленіп қалды. Олардың әрқайсысы Асанов реформаларының бір бағытын қамтитын. Дегенмен қазіргі ізбасардың бұрынғы жолашарының қандай реформалары мен бастамаларынан бас тартып, жоятыны әзір-ге белгісіз. Бәлкім, ол да судьялар кор-пусында қарқынды тазалау жүргізуі кәдік.