Жетісуда мердігердің жауапсыздығы мен оларға тапсырыс берген мекемелердің немкеттілігінен қарапайым халық зардап шегіп отыр. Олар тәп-тәуір басталған ауызсумен қамту ісін орта жолдан қалдырып кете барады. Ал бұл өз кезегінде халықтың билік органдарына сенімсіздігін тудырады. Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті халыққа қажетті инженерлік-инфрақұрылымдар тарту ісін қатаң бақылауға алды. Әсіресе, миллиондаған тендерді жеңіп, халықты суға, газға, сапалы жолға зарықтырып қоятын мердігерлердің ісі майшаммен қаралмақ. Бұл жолы құзырлы орган қызметкерлері облыс орталығының іргесіндегі Ескелді ауданында болды. Бақсақ, Ескелдідегі ағайынды мазалайтын әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер жетіп артылады екен. Соның ішінде аты Ақтұма болғанымен, халқы ауызсуға жарымай, арықтан су ішіп отырған ауыл тұрғындардың мәселесі тіптен бөлек. Осыдан 4 жыл бұрын құрылысы басталуы керек болған су жинақтау нысанында кемшілік көп. 2018 жылдан бері нысан құрылысына жауаптылар бірнеше рет ауысқанымен, олардың ешқайсысы нақты нәтиже шығара алмапты. Енді, міне қыс түскенде бетон құйып, әлекке түсіп жатыр. Қыстың көзі құрауда құйылған бетонның көктемде еріген мұзбен бірге жібіп, бөлшектеніп кетпесіне кепілдік жоқ. Сонымен бірге алдын ала зерттеу, зерделеу жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, су жинақтау нысанын айтпағанда, сол мұнараға су жинақтаудың өзі мұң болған көрінеді. Ақыры қазылған құдықтардан су шықпай, жұрт шулап кеткеннен соң барып, мердігерлер Кеңес Одағынан қалған ескі ұңғыманы пайдаланатын болыпты. Бұл ұңғымадағы судың қорына, сапасына назар аударған ешкім жоқ. Тұтас бір ауылды сапалы ауызсумен қамтуы тиіс жоба мердігерлердің жауапсыздығы мен тапсырыс берушілердің салғырттығынан құны 178 миллион теңге болатын жобаның құрдымға кетуі бек мүмкін. Өйткені мердігер осы қаржының 169 миллионын төлем ретінде алып, жұмсап та қойыпты.
– Су жинақтайтын нысанның құрылысы осыдан бірнеше жыл бұрын басталуы керек еді. Ақыры әбден сарғайтып, биыл қыс түскенде қолға алынды. Тұтас ауылды сумен қамтамасыз етуге тиісті жобаға тапсырыс берушілер де, мердігерлер де ел игілігі үшін атқарылатын іске жауапсыздық танытқан. Әйтпесе, материалдық-техникалық базасы жеткілікті мекемені былай қойғанда, кез келген адам үйінің қасынан құдық қазса да, алдын ала барлығын зерделеп, ойластырады ғой. Ал бізде бәрі керісінше, ұңғыма қазса, су шықпайды. Мұнара тұрғызса, оған су жеткізе алмай әлек болады. Құбыр тартса, онысы мерзімінен бұрын істен шығады. Енді қыс түскенде іске кірісіп жатыр. Айналайындар-ау, әр жұмыстың атқарылар мерзімі, өзіндік талабы мен нормалары болады ғой. Көктемде бір ақау шықса «бетонды қыста бекер құйыппыз» деп ақталады, – дейді ауыл тұрғыны Назарбай Барменқұлов.Ауыл тұрғындарын мезі еткен мәселеге қатысты мердігер компанияның өз уәжі бар. «Монолит» серіктестігінің басшысы Советхан Шалимбековтің айтуынша, жобадағы көрсетілген жерлерден су шықпаған. Соған байланысты ескі құдыққа сорғы орнатылып, содан су жинақтайтын нысан салынып жатыр екен. Мердігер барлығы ойдағыдай болса, 15 желтоқсанда ауыл тұрғындарына таза ауызсу берілетінін айтты. Қазір нысандағы жұмыстардың 90 пайызы біткен көрінеді. Ауыл ішіне 2 шақырым 600 метр құбыр жүргізілген. Бірақ Ескелді аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тапсырыс берген жоба биыл маусым айында бітуі тиіс болған. Дәл осы «Монолит» ЖШС Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақтағы «Жеңіс» саябағындағы құрылыс жұмыстарын мойнына алып, оны орта жолда қалдырған. Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Берік Дүйсебаевтың айтуынша, саябақтағы жөндеу жұмыстары 2021 жылы басталған. Жобалық-сметалық құжаттарын жасауға 610 миллион теңге, қалған жұмыстарына 549 миллион теңге қарастырылған. Осылайша, 1 миллиард 159 миллион теңге қаржы жұмсалған нысан биыл тамыз айында пайдалануға берілуі керек еді. Алайда желтоқсан айының өзінде мұндағы жұмыстардың бар болғаны 70 пайызы ғана аяқалыпты. Орнатылуға тиісті 146 бағанның 31-і ғана қойылыпты. Қалған жұмыстарда шалалық байқалады. Мердігер мұнда үш спорт алаңы, жаяу жүргіншілер жолы, балаларға арналған ойын алаңдарын салып, декоративті әсемдік ағаш-бұталар отырғызылуы керек еді. Ауыл әкімдігі мердігер мекемені сотқа берген. Соттың шешімі бойынша жұмысын бітірмеген серіктестік айыппұл төлеп, жұмысты аяқтауға міндеттеліпті.
– Өкінішке қарай, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлайтын пысықай мердігерлер өте көп. Небір күрделі нысандар мердігерден мердігерге өтіп, аяғында жауап беретін жан табылмай жатады. Мұнда тапсырыс берушілердің де жауапсыздығын жоққа шығаруға болмайды. Ақыр соңында қарапайым халық зардап шегеді. Дәл іргедегі газдың, ауызсудың құбырына қол жеткізе алмай қиналады. Жолдың азабын тартады. Ескелді ауданындағы ауызсумен қамту ісіндегі жағдай жұртшылықтың шамына тиіп отыр. Мемлекеттің миллиондаған қаржысы бөлініп, мердігердің жауапсыздығынан орта жолдан қалған жұмыстарға аудан, облыс әкімдіктері назар аударуы қажет. Біз де өз тарапымыздан мұндай мәселелерді бақылауда ұстап отырамыз, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Жебегенов.Департамент басшысы бұл бағыттағы тексерулер жалғасып, мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсағандарды жауапкершілікке тартылатынын айтады. Бұдан жауапсыз мердігерлер, салғырт тапсырыс берушілер айылын жия қояр ма екен?!
Болат АБАҒАН, Алматы облысы