Жетісуда жемқорлық өршіп тұр
Жетісуда жемқорлық өршіп тұр
© коллаж: Әсел Балтақызы
287
оқылды
Өткен жылдар Алматы облысында бірқатар аса ірі жемқорлық істер тіркелуімен есте қалды. Ел індеттен ес жия алмай жатқан шақта өздеріне жүктелген лауазым­дық мін­­деттерін орындау барысында қоғамның мүддесін мүлде естен шығарып, бас пайдасын ойлап кеткендер жайлы ақпараттар дүркін-дүркін естіліп жатты. Сонда да сыбайластықты «сыйластықпен» шатастырып алатындар азаятын шығар деген үмітіміз ақталмады. Жетісу жерінде жемқорлыққа жол бергені үшін жауапқа тар­тылғандар арасында барлық са­ланың өкілдері мен түрлі дең­гейдегі лауазымды тұлғалар бар. Былтыр жыл соңында Панфилов ауданы әкімінің орынбасары «бармақ басты, көз қыстыға» жол берсе, осы жылдың алғашқы айларында кәсіпкерден ашықтан ашық пара сұраған Сарқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы мен өзіне-өзі қомақты сыйақы жазуға талпынған Ескелді аудан­дық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысының қолына кісен салынды. Өңірдегі ең ірі кәсіпорынның бірі «АСПМК-519» ЖШС басшы­ларынан қомақты параны теңге­мен емес, АҚШ долларымен ал­ған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшы­сының «тәбеті» басқалардан асып түсті. Сапасыз жолдар мен электр желілері туралы айтқанда әуелі ойымызға сол жұмыстарды жүр­гізген мердігер компаниялардың жауапсыздығы оралады. Оны­сы­мен қоймай, құрылысқа жауапты компания өкілдері көп жағдайда өз жұмыстарын қабылдап алатын мемлекеттік мекеме өкілдерінің аузын майлауға құштар. Салда­ры­нан қазына қаржысы желге ұшып, қарапайым халық қиналады. Осыдан барып, мемлекеттік ме­кемелер мен құқық қорғау орган­дарына халық тарапынан се­німсіздік туындайды. Қазір «жемқорлық» деген жегі құрттың ауыз салмаған саласы жоқ. Күні кеше Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының бұрынғы басшысы мен бірқатар лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемдегі жем­қор­лық дерегі анықталғаны белгілі болды. Аграрлы аймақтың ауыл шаруашылығына жауаптылар қаржы инстиутының басшысымен алдын ала сөз байласып, мем­ле­кеттік бағдарламада қарасты­рылған қазына қаржысын жым­қырды деген күдікке ілікті. Нақ­тырақ айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен субъектілері шығыста­рының бір бөлігін субсидиялауға бөлінген 50 миллион теңгенің ізі табылмаған. Басшылар ауыл шаруашылығы жабдықтарының құнын асыра көрсету арқылы қитұрқы әрекеттерін жасырмақ болыпты. Қазіргі таңда осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 2020 жылы мектептердің қашықтан оқытуға көшуіне бай­ланысты оқушыларды ноутбук­пен қамтамасыз етуге қарас­тырыл­ған қаражатты қал­таға басқан білім басқармасына қарас­ты мекемелерде сыбайлас жем­қор­лық әлі де айылын жия қойма­ғандай. Жеке кәсіпкерлікпен айна­лысуға заңмен тыйым салынға­нына қарамастан, басшылықпен қатар бизнесті табыс көзіне ай­налдырған 23 мектеп директоры айып арқалады. Тура осындай жағдайға тап болған облыстық көліктік бақылау инспекция­сының бас маманы да жазасыз қалмады. Олардың барлығының кірістері тәркіленіп, әрқайсысына 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Айыппұлдың жалпы сомасы 7,8 миллион теңгені құрайды. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы об­лысы бойынша департаменті 2022 жылдың 4 айында 144 қылмыстық құқықбұзушылық тіркесе, оның жартысынан көбі сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Жедел-іздестіру тәжірибесін талдау барысында анықталғандай, сыбайлас жемқорлық қылмыс­тарының басым бөлігі пара алу­мен байланысты болған. Жоғарда айтылған деректің ішінде 82,5 пайызы немесе 66 қылмыс па­рақорлыққа қатысты болса, қал­ғандары лауазымдық өкілеттік­терін асыра пайдалану, бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін ысы­рап ету немесе жымқыру, қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық әрекетке бару сияқты фактілермен байланысты. Сыбайлас жем­қорлық қылмыстарын жасағаны үшін 51 адам қылмыстық жа­уап­кершілікке тартылса, олардың 14-і мекеме басшылары болып отыр.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы