Халқымыздың даналығы мен дарқандығы, көсемдігі мен көрегенділігін бойына жинаған тегі бар кісілер үндемей жүріп те үлкен істер атқаратынына, қазаққа қалтқысыз қызмет ете білетініне ҚР ҰҒА-ның академигі, педагогика ғылымының докторы, профессор Серік Пірәлиевтің өнегелі өмірі айғақ болса керек. Көркіне сай кісілігі келіскен, жаратылысына ақылы жарасқан, қазақтың қазыналы қасиетін, киелі сөзі мен мінезін жастайынан бойына сіңірген ел ағасы, көрнекті ғалым, ұстаздардың ұстазы Серік Жайлауұлы сүйекпен келетін тектілік қасиетке ие тұлға десек, артық айтқандық емес.
Десек те, ұлы суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов айтқандай, «тақыр жерде ештеңе тумасы» тағы да анық.
Ақылмен ойлап айтқан сөзі тыңдаған жанның бар тамырын қуалап, жанын семіртетіндей шынайы сезімді, шөлді қандырардай таза пейілді жан қадірлі бабасы Бәйірбектің тұңғышы – Пірәлі де атына заты сай парасатты, ел пір тұтарлықтай терең ойлы жан еді дейді көзкөргендер.
Ескіше сауатты, білімді, өмірден көргені мен түйгені мол, өзі шешен, өзі би Бәйірбектің бауырында өскен Пірәлі де жастайынан ел ісіне араласып, жақсымен де, жаманмен де кездесіп, түрлі дауға қатысып, сөзбен де, үлгілі іспен де тәрбиеленген жан болған екен. Өз әкесі Жайлау Пірәліұлы 1917 жылғы Ақпан, Қазан төңкерістерін, аласапыран алмағайып заманда туған халқының тағдыр-талайына арашашы болған Алаш қозғалысын, қазақ даласындағы ақ пен қызылдың соғыстарын, қазақ даласына Кеңес үкіметінің орнауын, 1920-1921 жылғы ашаршылықтарды, 928 жылғы кәмпеске науқанын, т.б. көрген, «байдың ұрпағы» деген жалған жаламен жасында қудаланған Алаш зиялыларының бірі еді.
Серік Жайлауұлы қай қызметте болса да өз атына, ары мен беделіне титтей де дақ түсірмей абыроймен алып жүрді. Сол кездегі С.Киров атындағы ҚазМУ-дың Химия факультетін тәмамдап, еңбек жолын Қазақ КСР ҒА-ның Химия институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастады. Әр жылдары Білім және ғылым министрлігінде жауапты қызметтер атқарды. Мансаптық жолда сатылай өсіп Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінде комитет төрағасы, Жоғары және орта арнаулы білім басқарма басшысының орынбасары сияқты жауапты лауазымдарға тағайындалды. Әрине, бұл қызметтерге ол өз ісіне деген адалдығы мен табандылығын, жанкешті еңбекқорлығының арқасында қол жеткізді.
Еліміздің егемендікке жаңадан ие болып, қаржылық дағдарыстың қыспағынан арыла қоймаған қиын кезде, яғни 1999 жылы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтына ректор болып келуі оның еңбек жолындағы аса бiр маңызды кезең болатын. Жас ректор алғашқы күннен бастап институтты заман талабына сай қайта жаңғыртуға, жаңалықтар енгiзуге, игілікті өзгерiстер жасауға барынша белсене кірісті. Оқу орнында жаңа заманның талабына сай көптеген құрылымдық өзгерiс жасады. Қазақтың мемлекеттiк қыздар педагогика институтындағы басшылық қызметiн абыроймен атқарған еңбегі еленіп, 2003 жылы Түркістан қаласындағы Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ректор болып бекітілді. Түбі бір түркі бауырлас екі ел арасындағы оқу орнын қалыптастыруға да үлес қосты. Ұлтжанды басшы Серік Жайлауұлының тікелей басшылығымен университеттің бас ғимараты салына бастады.
Оқытушының әлеуметтік жағдайы көтерілмей, білім беру саласында сапа болмайтынын жақсы білетін ұлтжанды басшы университет қалашығынан «Ұстаздар қалашығының» бой көтеруіне себепші болды. Мұндай батыл қадам, қарқынды қимыл тек ұлтын сүйген, елінің ертеңі үшін қандай қиындықтан да қашпайтын нағыз парасатты азаматқа тән қасиет болса керек. Ұстаздардың ұстазы атанған С.Пірәлиев сол аз ғана уақыттың ішінде оқу орнының оқытушылар құрамын ғылымға ынталандырып, бес мамандық бойынша диссертациялық кеңес ашты.
Оқытушылардың диссертация қорғауына қолайлы жағдай жасады. Ғылыми жетекшілерді университетке тартып, олардың еңбегін ескерусіз қалдырмады. Осындай орда бұзар ойлы істері, ел жадында қалар қасиетті қызметі С.Пірәлиевтің жүрген жеріндегі ізгілік іздерін көрсетері сөзсіз. 2008 жылы Президент Жарлығымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне ректор болып тағайындалды. Абай атындағы университетті Қазақстандағы педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысына айналдыруды көздеген басшы оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен қызмет бағытын қазіргі заман талабына сәйкестендірді. Оқу орнында осы уақытқа дейін болмаған «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығын ашты. «Абайтану» пәні оқу жоспарына еніп, оқыту бағдарламасы жасалып, орта және жоғары мектепте оқытылатын «Абайтану» пәні бойынша электронды оқулық жарық көрді.
Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, Алаш қайраткерлерiне арналған университет ғимаратында мемориалдық тақта орнатылды. «Бiлiмнiң жаңартпа технологиялары мен мазмұны» атты ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бiлiмнiң мазмұнын жаңа ғылыми жетiстiктермен байыту үшiн «Психология», «Әдебиеттану және тiл бiлiмi», «Қолданбалы физика және математика», «Ақпараттық технология» институттары мен «География және экология», «Этнокөркем мәдениет» ғылыми-зерттеу орталықтары ұйымдастырылды. Бұл құрылымдар бiлім мен ғылымның арасын жақындатып, оларды интеграциялау процесiнде күні бүгінге дейін үлкен рөл атқарып келеді.
Осынау еңбектері көрнекті ғалым, ҰҒА-ның академигі Серік Пірәлиевтің өз ісіне асқан адалдығын, кәсібіне деген шексіз сүйіспеншілігін, жанкешті еңбекқорлығы мен жауапкершілігін танытады. Қайда жүрсе де жаңалықтың жаршысы, игі істің бастамашысы болған Серік Жайлауұлының бойындағы ана сүтімен берілген кісілік келбеті, тектілігін танытты. Ғұлама ғалым Серік Пірәлиевтің артында қалған өшпес мұрасы 6 ғылыми жаңалығымен қоса, 200-ден астам ғылыми мақаласы келешекте талай ұрпаққа рухани азық болады. Қазақстан Білім беру ісінің үздігі, А.Байтұрсынұлы атындағы алтын медальдің, Капица атындағы күміс медальдің, «Құрмет» орденінің иегері болуы академик С.Пірәлиевтің бүкіл саналы ғұмырын ұлттық білім мен ғылымға арнаған еңбегінің мемлекет тарапынан жоғары бағаланғанын байқатса керек.
Расында да, ол кісі өз ортасына мәдениетті, әдептілікті, сауаттылықты ұстаздық ұлағатымен ғана емес, жеке басындағы жоғары тектілігімен де танылған тұлға бола білді. Өзі басшылық еткен барлық жоғары оқу орнында ұлттық тәрбиені басты қағида тұтты, ұлтты өсіретін, ұрпақты тәрбиелейтін қыз балалар тағдыры мен тағылымына жайбарақат қарай алмайтын. Оның әрбір қоғамдық, қайраткерлік ісінен қазақы иісі аңқып тұратын. Әттең, осындай жақсы істерімен, өнегелі өмірімен ел есінде қалған көрнекті ғалым, академик Серік Пірәлиевтің небәрі 70 жаста айықпас дерттен көз жұмуы жаныңды ауыртады. Десек те, оның өшпес өнегелі өмірі ел есінде мәңгі сақталатынын көңілге медеу тұтамыз.