10 мың гектар жер мемлекеттік қорға қайтарылды
10 мың гектар жер мемлекеттік қорға қайтарылды
10,735
оқылды
Қарағанды облысында игерілмеген жерлерді мемлекетке қай­тару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. «AMANAT» партиясы Қа­ра­ған­ды облыстық филиалының «Жер аманаты» өңірлік комис­сия­сының жиынында осы жұмыстардың нәтижелері баяндалды. Комиссия отырысына партияның Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков төрағалық етті. Сонымен қатар облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы жетекшісі Қадиша Оспанова, осы салаға жауапты меке­мелердің жетекшілері мен комиссия мүшелері қатысты. Облыс әкімдігінің Жер қатынастары басқармасының жерді пайдалануды жос­парлау және болжау бөлімінің басшысы Ақмарал Мұқашеваның айтуынша, Қа­рағанды облысы бойынша 725 мың гектар жайылымдық жер жетіспейді. Дегенмен биылғы 1 тамыздағы мәліметке қарағанда, тапшылық 337,2 гектарға азайған.
– Қарқаралы ауданының жер көле­мі – 3 547 236 гектар. 2022 жылдың басынан бүгінгі күніне дейін 7 конкурс өткізіліп, 46 жер учаскесі – жалпы көлемі 65 мың 847,9 гектар жер жаңадан құрыл­ған 20 шаруа қожалығы мен бұрыннан жұмыс істеп тұрған 37 шаруа қожалығына берілді, – деді Ақмарал Мұқашева.
Сонымен қатар «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ мониторингі негізінде анық­талған 27,6 мың гектар игерілмеген жер бойынша ауылшаруашылық тауар өн­дірушілеріне хабарлама жіберілген. Ал Qolday бағдарламасы арқылы 370 шаруа қожалығына (701 мың 671 гектар) хат жолданған. Нәтижесінде, төрт шаруа қожалығы егістік жерлерін қайтару үшін құжаттарын рәсімдеуге кіріссе, 38 шаруа қожалығы 74 мың гектар жер бойынша малын тіркетіп, жерді игеруді қолға алған. Олар 1 032 гектарға көпжылдық шөп сепкендігі туралы анықтама берген. – 12 шаруа қожалығының 10 мың 675 гектар жері (оның ішінде егістігі 3 175 гектар) мемлекеттік қорға қайтарылды. Оның ішінде 10 шаруа қожалығы өз еркімен, ал 2-і сот арқылы қайтарды.
Қазақстан Республикасы «Жайы­лымдар туралы» заңына сәйкес, жалпы көлемі 182 мың 988 гектар жер 2022-2023 жылдарға арналған жайылымдарды бас­қару және оларды пайдалану жос­парына енгізіліп, аудандық маслихат сессиясында бекітілді. Атап айтқанда, 2022 жылы жер­лерін игермей отырған 86 ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіруші бойынша шара қолдану үшін Қарағанды облыстық Жер ресурстары департаментіне хат жолданды. Аудандық прокуратурамен бірлесіп, Мемлекет басшысының ауыл­шаруашылық және жер мәселелеріне қатысты тапсырмасын жүзеге асыру бойынша ведомствоаралық жоспар бе­кітіліп жұмыс жүргізіп жатыр, – деп атап өтті Ақмарал Өміржанқызы.
Мұндай жұмыстар Нұра ауданында да қолға алынған. Осы жылдың 6 мау­сы­мында жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев жеке қосалқы ша­руашылықтарды жайылымдық жер­лермен қамтамасыз ету үшін жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өнді­ру­шілермен меморандумға отыруды тап­сырған болатын. Бүгінде «AMANAT» партиясының ау­дандық филиалы мен ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілері, ауыл әкім­діктері және жергілікті қоғамдастық арасында 11 меморандумға қол қойылып, онда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер халықты жайылымға арналған 81,1 мың гектар жайылымдық жерлерді ұсынған. 23 ауылдық округтің әкімі жергілікті қоғамдастық мүшелерімен алдын ала келісіп, жер учаскелерін беру үшін жер комиссиясына өтініш берді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, мал шаруа­шылығымен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтар үшін бөлінген жайылым көлемі 380 мың гектардан 593 мың гек­тарға дейін ұлғайған. Астықты өлкенің бірі саналатын Осакаров ауданында 2020 жылдан бүгінге дейін келіссөздер арқылы жайылым жерлерді пайдаланбау фактілері анық­талып, жалпы көлемі 5 мың 932,5 гектар жайылымдық жерді құрайтын 10 жер учаскесі ерікті түрде ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. Ауданның жер қатынастары бөлімі былтыр 17 мың 725 гектар жайылым жерді пайдалану­шыларға қатысты сотқа 8 талап арызбен жүгінген. Оның 256,5 гектарға 1 талап қанағаттандырылды, 7 талап қабылдан­бады. Биыл 246,7 гектар жерді құ­райтын екі қожалық өз еркімен жерден бас тарт­ты. Бұл жер телімдері ауыл ша­руашылығы айналымына тартылады. Жалпы, 2022 жылы Абай ауданында 7 мың 399, Ақтоғай ауданында 498 мың 104, Бұқар жырау ауданында 20 мың 587 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Жиында сонымен қатар қайтарылған жерді игеру, тозығы жеткен жайылымға көпжылдық шөп егуді қолға алу туралы сөз қозғалды.

Қарағанды облысы