Бүлікті бірлік басады
Бүлікті бірлік басады
1,321
оқылды
Иранда жылымық болып, жағдай түзеле бастағандай еді. 28 қарашада Қатардағы футболдан Әлем чемпио­натында ұлттық құрамасының жеңісі құрметіне Иран билігі 715 сотталған аза­матына рақымшылық жасап, түр­ме­ден дереу босатты. 29 қарашада тағы 1 156 адамның бостандыққа жіберілетіні жарияланды. Ал 4 жел­тоқсанда DPA, AFP сияқты беделді агенттіктер Иранның бас прокуроры Мохаммад Джафар Монтазеридің мәлімдемесіне сілтеме жасап, халық наразылығына орай, елдегі әдет-ғұрып полициясы таратылғанын ха­бар­лады. Енді оның шындыққа жа­нас­пайтыны белгілі болып отыр. Кас­пий жағалауындағы көрші елдің тағдыры шынында көпті алаңдатады. Әдет-ғұрып полициясы таратыла ма? Ирандағы бұқаралық наразы-лықтар биыл­ғы қыркүйек ортасында Махса Ами­ни­дің өлімінен соң басталды. 22 жастағы қыз оны әдет-ғұрып полициясы хиджабын дұрыс тақпады деп тұтқындағаннан кейін ауруханада көз жұмды. Құқық қорғау органдары оның «кенеттен жүрегінің тоқтап қалуынан қайтыс болғанын» мәлім етті. Алайда ата-анасы мәйітті алған соң баласының азаптаудан өлгенін жариялады. Бұған қоса, куәгерлер Махсаның тұтқын­дарды таситын жабық көлікте аяусыз соққыға жығылғанын хабарлаған. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарына дейін зайырлы мемлекет болған Иранда со­дан бері қырық қара жамылудан шарша­ған әрі биліктің қудалауынан ашынған әйелдер қауымы сонда дереу көшелерді толтырып, наразылығы ретінде орамал­дарын өртеді, жұрт көзінше шаштарын қиды. Оларды қуып таратуда полиция шектен тыс қаталдық танытты. Бұл шеруге сол әйелдердің ерлерінің, балаларының, бауырларының шығуына түрткі болды. Содан бері Ирандағы бас көтеруі басылар емес. Осы орайда 4 желтоқсанда әлемдік ақпа­рат құралдары қуанышты жаңалықты жарыса жариялаған еді. Бейберекетсіз­діктердің үшінші айында Иран билігі әдет-ғұрып полициясын таратуға және хиджаб кию туралы қатаң заңды қайта қарауға ше­шім қабылдапты. Себебі жергілікті Shargh газетінің жазуынша, елдің бас про­куроры Мохаммад Джафар Монтазери: «Әдет-ғұрып полициясы таратылды, бірақ сот жүйесі бұл әлеуметтік проблеманы шешуін жалғастырады» деген екен. Сонау I Дарий патша заманынан бері ерлермен тең құқылы болған, үзеңгі қағыстыра жү­ріп, ел қорғаған ирандық әйелдер 1979 жыл­ғы Ислам революциясынан кейін от­басы, ошақ қасына таңылды. Олардың істей алатын жұмыс пен кәсіп түрлері күрт шек­телді. Әйелдерге сыртта хиджаб тағуға, қыздарға мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ер балалардан бөлек оқуға міндеттелді. Ал 2022 жылғы жазда Иранда әйелдердің киім киісі ережелерін тіптен қатайтқан жаңа заң күшіне енді. The Guardian басылымының жазуынша, Иранның Бас прокуроры Парламент пен сот органдары осы заңды қайта қарап, өз­гер­ту жұмысын бастағанын айтыпты. Оның мәліметінше, 30 қарашада бір топ сарапшы Парламенттің мәдениет жөнін­дегі комиссиясы өкілдерімен кездескен. Оның нәтижесі бір немесе екі аптадан соң белгілі болады.
Алайда күні кеше Иран Парламентінің, яғни Ислам кеңесі Мәжілісінің ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Вахид Джалал­заде әдет-ғұрып полициясының таратыл­ғаны туралы ақпаратты растамады: «Бүгін­де бұл полицияның таратылғанын айғақ­тайтын салмақты дәлелдер жоқ. Әдет-ғұ­рып полициясы – қолданыстағы заңды жү­зеге асырудың әдісі ғана. Ол үшін заңды жетілдіру, жақсарту қажет», – деді ол. Яғни, елге қысым көрсеткен заң жойылмай, поли­ция қала бермек. Полиция өз қызметін тек белгілі бір уақытқа тоқтата тұруы мүмкін.
Ереуілшілер арасында экстремистер де бар Шетелдік ақпарат құралдарының баға­лауынша, елдегі халық толқулары бүлік және экстремистік сипатқа ие бола бас­таған: билікке қарсы акцияларға қатысу­шы­лар күн сайын діндарларға, армия және күш құрылымдары өкілдеріне, аса ірі күш құрылымы – Басиджге шабуыл жасайтыны хабарланды. Қазан айының соңында, қараша басында елде 2 теракт болды: біріншісі – Шираз қаласында, екіншісі – елдің оңтүстігіндегі Хузестан провинция­сында ұйымдастырылған. Әлдебір лаңкес­тер бейбіт тұрғындар мен полицейлерге оқ жаудырды. Бүгінде бұқаралық бас көтерулер елдің барлық 31 провинциясындағы 160 қаланы қамтыды. Әзірге басылар түрі көрінбейді. Әсіресе, Гилян, Хузестан, Систан, Белуд­жистан және Күрдістан провинциялары, ел астанасы Тегеран ірі қақтығыс ошақ­тарына айналған. Бұл 1979 жылғы револю­циядан бергі ең ірі бұқаралық толқу болып есептеледі. HRANA құқық қорғаушы­лардың ақпарат агенттігінің мәлімдеуінше, кем дегенде 475 шеруші қаза тауып, 18 240 наразылық танытушы ұсталған. Бұдан бө­лек, қауіпсіздік қызметтерінің 61 қызмет­кері шейіт болған. Бұған жауап ретінде Иран билігі қатігездік таныта бастады. Tasnim агенттігі 8 желтоқсанда жартылай әскери еріктілер құры­лымының өкілін – Басидж офицерін пышақпен жаралаған наразылық қатысу­шысы Мохсен Шекаридің өлім жазасына кесілгенін мәлімдеді. 23 жасар жігіт Теге­рандағы Саттар хан ауданындағы көшені жауып тастауға талаптанған. Содан соң өзін тұтқындауға келгендерге тап беріп, оның бірін иығынан жаралапты. Мұның алдында Иран билігі Караджда полицейді өлтірді деп айыптап, 11 демонстрантты өлім жазасына кесті. Үрейлі үрдіс жалға­суда. Бұл елде ең жоғарғы жаза алғандар халықтың көзінше дарға асылады. Оны телеарналар трансляциялайды. Санкция күшейіп келеді Бастапқыда мұны Иранның ішкі ісі деп санап, әйелдер құқығын аяққа таптамауға шақырумен шектелген Батыс енді Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізе бастады. Ал Иранның Ислам революциясының сақшы­лары корпусы (ИРСК) бейберекетсіздікке қатысушыларға аяушылық танытпайтынын жариялап, оларды «бүлікшілер мен баске­серлер» деп атады. Сонымен қатар корпус ирандық сотты ұсталған шерушілерге қарсы үкімдерді «батыл әрі тез шығаруға» шақырды. Күш құрылымының байламын­ша, бүлікшілер «ұлт пен исламның қауіпсіз­дігіне қарсы қылмыс жасап отыр». Бұл ретте халық пен бірқатар танымал тұлға митингке қатысушыларға аяушылық танытуға шақырды. Мысалы, Иранның жоғарғы көшбасшысы, ұлы аятолла Әли Хаменеидің әпкесі Бадри Хосейни Хаме­неи өз ұлының Twitter аккаунты арқылы ашық хат жариялап, ИРСК қызметкерлерін халықты басып-жаншуды тоқтатуға, бұқа­раның жағына шығуға үндеді.
«Мен өз ұстанымымды ағамның ұста­ны­мынан ажыратып алуға ұмтылудамын. Осыған байланысты Иран режимінің құр­бан­дарына қайғырған барлық аналарға қабырғам қайыса отырып, көңіл айтып, өз аяушылығымды жариялағаным жөн деп таптым», – деген Бадри Хаменеи осының алдында тұтқынға алынған қызы Фаридех Морадханиды сағынғаннан құса болғанын жеткізді. Ол Ислам революциясының сақ­шы­лары корпусы «тым кеш болмай тұрған­да қаруларын тастау қажеттігін» мәлімдеді. Құқық қорғаушы, саяси белсенді, елдің жоғарғы көшбасшысының туысқаны Фа­ри­дех Морадхани 23 қарашада тұтқын­далған-тын. Ол бейнеүндеу жасап, әлемдегі өзге елдердің үкіметтерін Иран режимімен қатынастарын үзуге, елшілерін қайтарып алуға, қарсыласушы халыққа қолдау біл­діруге шақырғаны үшін ұсталды. «Бұл ре­жим асыл дініміздің бірде бір қағидаттарына берік емес. Және өз билігін кез келген жол­мен сақтап қалудан, күш қолданудан басқа ешқандай заңдар мен ережелерді білмейді», – деп сынады Фаридех.
Парсылар көршілерін де айыптайды Өз кезегінде Иран билігі елдегі бейбере­кетсіздікке дем беріп отыр деп, Батыс елде­рін және Сауд Арабиясын кінәлады. Биліктің дәйектеуінше, олар Iran International, басқа да агенттіктер мен телеарна­ларға, оппозициялық топтарға қаржылай көмек берген-мыс. Иран президенті Ибра­хим Раиси бейберекетсіздіктерге АҚШ президенті Джо Байден қолдау көрсеткен деп айыптады. Бірақ мұны дәлелдейтін қандай да бір айғақ келтірмеді. Әрине, Иран билігі мен халқы арасын­дағы қақтығыс осы елдің ішкі ісі саналады. Оған сыртқы күштер қол сұқпауы тиіс. Бірақ халық толқуы ұзаған сайын көрші елдің тоз-тоз болу қаупі де күшейе түскен көрінеді. Тегеран мысалы, Ирактағы Күр­діс­танның билігі Ирандағы күрдтерді қор­ғауды себеп етіп, отқа май құйып отыр­ғанына наразылық білдірді. Сондай-ақ бұл елдегі ахуалға Түркия мен Әзербайжан да мазасыздана қарайды: өйткені 86 мил- лио­ннан астам Иран халқының жартысына жуығы ғана парсылар. 25 пайыздан астамы – әзербайжандар. Өткен ғасырдың соңын­дағы Ислам революциясын жүзеге асыруда дәл осы әзербайжандар қозғаушы күшке айналған еді. Ирандықтардың шамамен оннан бір бөлігін күрдтер құрайды. Мұның сыртында гиляндықтар, мазендерандықтар, лурлар, бахтиарлар, арабтар, түрікмендер, белуджилер шоғырлана тұрып жатыр. Сондықтан бүгінде Иранға ең бастысы – бірлік пен келісім ауадай қажет болып тұр.