Қордайдағы қақтығысқа түрткі болды делінген төбелеске қатысушылар қамауға алынды. Бұл жайында апта басында еліміздің Бас прокуратурасы мәлімдеді. Хабарлама мәтініне сүйенсек, бұл қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданыпты.
Жалпы, еліміздің Бас прокуратурасы 7 ақпан күні полицейлерге бағынбай шатақ шығарған азаматтарды Қордай оқиғасына басты себепкер ретінде көріп отырған секілді. Өйткені құзырлы орган хабарламасында: «7 ақпан күні тәртіп сақшылары Сортөбе ауылында Л.Воингуй есімді азаматтың иелігінде болған Honda Odyssey автокөлігін тоқтатқан. Автокөлік жүргізушісінің құжаттары өзімен бірге болмағандықтан, Л.Воингуйді полицейлер полиция бөлімшесіне алып бармақшы болған. Алайда ол тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбай, өзінің үйіне қарай жүріп кеткен. Кейін өзінің ағайындарымен бірге заң өкілдеріне күш көрсетті. Бұл сәттің видеожазбасы әлеуметтік желілерде тараған» делінген.
Сондай-ақ аталған жайт бойынша Бас прокуратураның арнайы прокуроры Қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-тармағы (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізген. Күдікке ілінген ағайынды үш жігіт өздеріне тағылған айып бойынша кінәларын мойындаған. Ал іс 14 ақпан күні Қордай аудандық сотына жолданды. Алайда бұл тұста назар аударатыны, күдіктілерге «билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша ғана айып тағылып отыр. Ал еліміздің Бас прокуратурасының мәлімдемесінен осы азаматтар Қордай қақтығысына тікелей кінәлілер ретінде көрсетіліп тұрғандай. Әрі бұл жазбаға қарап жамбылдық жұртшылық «ұсталғандарды қатаң жазаға тарту керек» деп сот үкімі шықпай, кесімін айтуда. Осы орайда, мәлімдеменің ресмилігіне көз жеткізу және ұсталғандарға қатысты өзге де ақпаратты анықтау мақсатында ең алдыман Жамбыл облыстық прокуратурасына хабарластық. Құзырлы органның баспасөз қызметі еліміздің Бас прокуратурасы таратқан ақпараттың ресмилігін растады. Алайда одан бөлек мәлімет бере алмайтынын жеткізді. Облыстық полиция департаментіне қоңырау шалғанымызда олардан да жоғарыдағыдай жауап естідік. Үкіметтік комиссияны Қордай ауданына бастап барған, қазіргі таңда Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарып отырған Бердібек Сапарбаевтың көмекшілерінен толыққанды ақпарат білуге тырысып көрген едік, ондағылар да мардымды жауап бермеді. Содан Қордай ауданындағы қақтығысқа байланысты жуырда ауыл ақсақалдарынан құрылған «Қоғамдық келісім кеңесінің» төрағасы Әбдібек Сейілхановқа хабарласып, мән-жайды сұрадық.
– Ұсталғандар жайлы естіп жатырмын. Сортөбе ауылының азаматтары деген ақпарат бар. Алайда олар туралы толық мәлімет бізге де айтылмауда. Негізі құқық саласының қызметкерлері Қордайдағы жағдайды белгілі бір адамдар ұйымдастырған деген мәселеге әкеліп тіремекші. Бірақ мұның артында ешкім тұрған жоқ. Бұл халықтың ішінен шыққан назы мен шыдамның шегі. Сондықтан біреуді жазаға тартып, жағдайды қалыпқа келтіреміз деу дұрыс саясат емес. Бізге қазір ұлттар арасындағы қарым-қатынасты қайта орнатып, оқиғаның салдарымен күресу керек. Егер ауыл азаматтары бір бітімге келсе, онда ешкімді жазаламай-ақ ауылдардағы жағдай өздігінен тұрақтанады, –дейді «Қоғамдық келісім кеңесінің» төрағасы.
Әрине, тергеу амалдарына байланысты көп мәлімет құпия сақталатыны белгілі. Алайда қазір қара халық қақтығыс болған күннің ертесіне ұсталған 47 адамның 44-і босатылғанымен, қалған үш азаматқа қатысты ақпарат болмағанын айтады. Сонда қамауда қалған 3 азамат полицейлермен жанжалдасып, қамаққа алынған жоғарыда аталған ағайындылар ма? Әлде, тергеуде отырған біз білмейтін өзге де азаматтар бар ма? Біздің бұлай деуімізге еліміздің Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың Қордай оқиғасына қатысты жасаған мәлімдемесі түрткі болды. Вице-министр өз сөзінде:
«Бүгінде жүздеген адамнан жауап алынып, процессуалды іс-қимылдар, қажетті сараптамалар жүргізілуде. Барлық процессуалды дәлелдер алынғаннан кейін, кінәлілер жауапкершілікке тартылады», – деді. Сонда әу баста «47 адам ұсталды» деп ақпарат таратылып келгенде, Марат Қожаевтың жауап алынған 100 адамы қайдан шықты? Бұдан бөлек, министрдің бірінші орынбасары қозғалған қылмыстық істердің саны өте көп екенін де атап өтті.
«Күн сайын қылмыстық іс қосылуда. Өздеріңіз білесіздер, адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жаппай тәртіпсіздікке, ұрлық, қарақшылық, тонау фактілеріне қатысты қылмыстық іс бар. Түрлі эпизодтар бойынша 90-ға жуық қылмыстық іс тіркелді», – деді М. Қожаев.
Дегенмен ол тергеу амалдарының қашан аяқталатыны туралы нақты жауап бермеді. «Уақыт көрсетеді. Тергеудің жалпы мерзімі қылмыстық-процессуалдық заңнама бойынша екі ай. Егер де қосымша зерттеу қажет болса, тағы да сараптамалар тағайындау керегі туындаса, онда бұл мерзім заңнамаға сәйкес ұзартылуы ықтимал», – деді вице-министр.
Тағы бір жайт, Марат Қожаев «Қордайдағы қақтығыс қолдан жасалуы мүмкін» деген нұсқаға қатысты да бір шындықтың ұшын шығарып кетті.
«Қарт кісінің соққыға жығылу оқиғасы бойынша кінәлілер анықталып, ұсталды, қамалды. Қалған арандатушылар мен айтақтаушыларға қатысты ақпаратты сәл кейінірек аласыздар. Себебі қазір тергеу жүріп жатыр», – деді М.Қожаев.
Демек, жоғарыда аталған 90 қылмыстық іс бойынша тергеуге алынған өзге де азаматтар бар деген сөз. Сондай-ақ вице-министр арандатушылар мен айтақтаушылар туралы ақпараттың кейіннен берілетінін тілге тиек еткеніне қарағанда, бұл қылмыстық баптар бойынша да нақты күдіктілер қолға түсіп отырған сыңайлы. Және қазір бұқараны «қаза тапқан 11 адамның өліміне кім кінәлі?» деген сауал мазалап отырғаны анық.
Бұл жайында алдағы уақытта құзырлы орган өкілдері толыққанды мәлімет береді деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,Жамбыл облысы