Көптің көзайымына айналған арна
Көптің көзайымына айналған арна
628
оқылды
Бұқараның базынасын бүкпесіз жеткізіп, билікпен арада алтын көпір бола білу масс-медианың басты миссиясы болса керек. Алдағы наурыз айында отыз жылдық мерейтойын атап өткелі отырған AstanaTV арнасы – сол міндетінен айнымай, кәсіби мүмкіндіктерін паш етіп келе жатқан көшбасшы БАҚ-тың бірі. Олай дейтініміз, арнаның ASTANA TIMES жаңалықтар шығарылымы – еліміздегі ақпараттық бағдарламалар ішінде үздік бестікке, сондай-ақ сілтеме ең көп жасалатын үштікке кіреді. 14 облыстағы тілшілер қосыны өткір де өзекті мәселелерді уақытылы анықтап, дер кезінде оңынан шешілуіне мұрындық болып жүреді. Жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген «Айтарым бар» бағдарламасы да қоғамда резонанс тудырған әлеуметтік проблемаларды талқылау арқылы оның шешілуіне ықпал етеді. Бағдарлама көмекке мұқтаж жандар мен оларға қол ұшын беруге әзір азаматтарды жүзбе-жүз кездестіріп, түйіні әбден күрмелген түйткілдің жібін тарқатуға жағдай жа­сайды. Осылайша, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді. Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағ­дайды ашық талдауда SarapTimes апта­лық-сараптамалық бағдарламасының орны бір төбе. Аталмыш бағдарлама көптің көңілін күпті еткен жайттарды кеңінен қамтып, жан-жақты сарапқа салады. Еліміздің түкпір-түкпірінде апта ішінде болған саяси жаңалықтар мен оқыс оқиғаларға кеңірек шолу жасалып, арнайы тақырыпқа жауапты тұлғалардың жұмысы талқыланады. Сонымен қатар күйбең тіршіліктен көз ашпаған жандарды жұбатып, қиналғанға қолдау, сүрінгенге сүйеу болады. Арна­дағы TALQYLAU, «Президент пәрмені», «Уақыт келді» секілді бағдарламалардың да көтерер жүгі ауыр. Бұл жобалар елдегі саяси реформалардың жүзеге асу барысын, биліктің халық үніне құлақ асып, түйткілді мәселелердің түйінін тарқату жолдарын сараптап, ой елегінен өткізеді. бағдарлама Мемлекет тапсырысы бойынша жа­салған жобалар да бүгінде көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Соның бірі – JUMBAQTIMES интеллекуталды шоуына еліміздің танымал тұлғалары, оның ішінде саясаткерлер, өнер және қоғам қайраткерлері, журналистер және спортшылар қатысады. Бағдарлама бір­неше тақырыптық айналымнан тұрады, оның көмегімен кейіпкерлер ел тари­хынан бастап, кино мен музыкаға дейін­гі әртүрлі салаларда өздерінің эру­диция­сы мен дүниетанымын танытады. Ал «Жан Олжа» реалити жобасы – мүге­дектігі бар жандардың құқығын қорғау және оларды қолдау туралы деректі фильмдер топтамасы. Жобаның негізгі идеясы – осындай азаматтар мен қоғам арасындағы кедергіні бұзу. Бағдар­лама­ның кейіпкерлері – ерекше қажеттілігі барына қарамастан, қабырғасы қайыс­пай, тағдыр сынына төтеп беріп, өмірде өз жолын тапқан, биік белестерді бағын­дырған қайсар жандар. Олардың бойын­дағы мұқалмас рух пен табанды мінез расында экран сыртындағы талай жұрт­тың намысын қайрап, жігерін жанитыны анық. Сонымен қатар AstanaTV арнасы мемлекет тапсырысы бойынша 6 сериал түсірді. «Құрақ» сериалы отбасылық құндылықтарды дәріптесе, «Сонар» және «Напарники» сериалдары арқылы кө­рермен тәртіп сақшыларының ерлі­гіне куә болады. Одан бөлек, жетімдер үйінен асырап алынып, кейіннен туған анасын іздеген азамат жөнінде «Ана», медицина қызметкерлерінің қарбалас әрі ауыр жұмысы жайлы «Бас дәрігер», кезінде көпшілікке қиянат жасап, кейін сол қателіктерін түзететін кісінің тағ­ды­ры туралы «Ангел-хранитель» теле­хикая­лары эфирге шықты. Арна көрермені бұрыннан түрік, үнді, корей сериалдарын сүйіп қарайды. Биыл «Ессіз махаббат» атты танымал түрік хикаясы эфирге жол тартты. 2022 жылы Ыстанбұл қаласында түсірілген жаңа кинотуындында басты рөлдерді Burcu Ozberk (Эсра Эртен), Ilhan Sen (Озан Корфалы), Burak Yoruk (Чинар Йылмаз) және Melisa Dongel (Чағла Йылмаз) сынды түріктің танымал әртіс­тері сомдайды. Көптің сұрауы бойынша 2016-2017 жылдары халықтың жүрегін жаулаған «Жетім жүрек» теле­хикаясы да арнада биыл өз жалғасын тапты. Абы­сындар арасындағы бітпес дауды баян ететін үнді сериалы – арнада сұранысқа ие контент. AstanaTV Телеарна ойын-сауық форматындағы бағдарламалардан кенде емес. Мәселен, «Көру керек» жобасы – қазіргі қоғам­да­ғы өзекті мәселелерді қазақи әзілдермен жеткізе білген көріністер жинағы. «Ба­қыт құшағында» бағдарламасының кейіпкерлері – дүйім жұртқа танымал, өз саласында жетістікке жеткен жандар, бір сөзбен айтқанда, жұлдызды жұптар. Олардың қызметте қандай екені белгілі, ал отбасылық өмірі көп адамға беймәлім. Бұл жоба сол жандардың отбасын, үй­лен­ген уақыттағы қызықтары мен қиын­­дық­тарын баяндайды. Live фор­мат­­тағы бағдарлама кейіпкерлердің өз үйінде түсіріледі. «Жұрттың балалары» – тартымды оқиғаларға толы скетч-шоу. Кей жағдайлар мен оқиғалардың күлкілі болатыны сонша, абсурдтық деңгейге де жетуі ықтимал. Басты кейіпкерлер – бір ауланың қарапайым тұрғындары: кәсіпкер, таксист, учаскелік полиция қызметкері, студент, мектеп оқушысы, әлеуметтік қызметкер, сандалбай, аула сыпырушы, зейнеткер әйел. Әр бағдар­лама көрерменге, әсіресе жастарға ой саларлық дүние беруді көздейді. Әлеуметтік желілерде де AstanaTV теле­арнасының өз көрермені бар. YouTube желісінде оның үш арнасы, атап айтсақ, 1 жарым млн-нан астам көрер­мен тамашалайтын жаңалықтар арнасы, телехикаялар көрсетілетін AstanaTV movie арнасы, шоу бағдарламаларға арнал­ған AstanaTV SHOW арнасы желі қолданушылары жиі тамашалайтын интернет-ресурсқа айналды. Ал арна­ның 840 мыңнан аса оқырман жиналған Instagram парақшасы көпшілікке жедел хабар таратып, кері байланысқа дер кезінде сауатты жауап беріп отырады. Келесі жылы телеарна сапалы отан­дық сериалдарды, тағдыр теперішін көр­­ген жандарға көмек қолын созуды көздейтін әлеуметтік ток-шоуды, Қазақ­станда бұрын-соңды көрсетілмеген үз­дік шетелдік телехияларды дүйім жұртқа паш етпек.

А. ҚАЗАҚ