Бұқараның базынасын бүкпесіз жеткізіп, билікпен арада алтын көпір бола білу масс-медианың басты миссиясы болса керек. Алдағы наурыз айында отыз жылдық мерейтойын атап өткелі отырған AstanaTV арнасы – сол міндетінен айнымай, кәсіби мүмкіндіктерін паш етіп келе жатқан көшбасшы БАҚ-тың бірі. Олай дейтініміз, арнаның ASTANATIMES жаңалықтар шығарылымы – еліміздегі ақпараттық бағдарламалар ішінде үздік бестікке, сондай-ақ сілтеме ең көп жасалатын үштікке кіреді. 14 облыстағы тілшілер қосыны өткір де өзекті мәселелерді уақытылы анықтап, дер кезінде оңынан шешілуіне мұрындық болып жүреді.
Жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген «Айтарым бар» бағдарламасы да қоғамда резонанс тудырған әлеуметтік проблемаларды талқылау арқылы оның шешілуіне ықпал етеді. Бағдарлама көмекке мұқтаж жандар мен оларға қол ұшын беруге әзір азаматтарды жүзбе-жүз кездестіріп, түйіні әбден күрмелген түйткілдің жібін тарқатуға жағдай жасайды. Осылайша, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді.
Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайды ашық талдауда SarapTimes апталық-сараптамалық бағдарламасының орны бір төбе. Аталмыш бағдарлама көптің көңілін күпті еткен жайттарды кеңінен қамтып, жан-жақты сарапқа салады. Еліміздің түкпір-түкпірінде апта ішінде болған саяси жаңалықтар мен оқыс оқиғаларға кеңірек шолу жасалып, арнайы тақырыпқа жауапты тұлғалардың жұмысы талқыланады. Сонымен қатар күйбең тіршіліктен көз ашпаған жандарды жұбатып, қиналғанға қолдау, сүрінгенге сүйеу болады. Арнадағы TALQYLAU, «Президент пәрмені», «Уақыт келді» секілді бағдарламалардың да көтерер жүгі ауыр. Бұл жобалар елдегі саяси реформалардың жүзеге асу барысын, биліктің халық үніне құлақ асып, түйткілді мәселелердің түйінін тарқату жолдарын сараптап, ой елегінен өткізеді.
Мемлекет тапсырысы бойынша жасалған жобалар да бүгінде көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Соның бірі – JUMBAQTIMES интеллекуталды шоуына еліміздің танымал тұлғалары, оның ішінде саясаткерлер, өнер және қоғам қайраткерлері, журналистер және спортшылар қатысады. Бағдарлама бірнеше тақырыптық айналымнан тұрады, оның көмегімен кейіпкерлер ел тарихынан бастап, кино мен музыкаға дейінгі әртүрлі салаларда өздерінің эрудициясы мен дүниетанымын танытады. Ал «Жан Олжа» реалити жобасы – мүгедектігі бар жандардың құқығын қорғау және оларды қолдау туралы деректі фильмдер топтамасы. Жобаның негізгі идеясы – осындай азаматтар мен қоғам арасындағы кедергіні бұзу. Бағдарламаның кейіпкерлері – ерекше қажеттілігі барына қарамастан, қабырғасы қайыспай, тағдыр сынына төтеп беріп, өмірде өз жолын тапқан, биік белестерді бағындырған қайсар жандар. Олардың бойындағы мұқалмас рух пен табанды мінез расында экран сыртындағы талай жұрттың намысын қайрап, жігерін жанитыны анық.
Сонымен қатар AstanaTV арнасы мемлекет тапсырысы бойынша 6 сериал түсірді. «Құрақ» сериалы отбасылық құндылықтарды дәріптесе, «Сонар» және «Напарники» сериалдары арқылы көрермен тәртіп сақшыларының ерлігіне куә болады. Одан бөлек, жетімдер үйінен асырап алынып, кейіннен туған анасын іздеген азамат жөнінде «Ана», медицина қызметкерлерінің қарбалас әрі ауыр жұмысы жайлы «Бас дәрігер», кезінде көпшілікке қиянат жасап, кейін сол қателіктерін түзететін кісінің тағдыры туралы «Ангел-хранитель» телехикаялары эфирге шықты.
Арна көрермені бұрыннан түрік, үнді, корей сериалдарын сүйіп қарайды. Биыл «Ессіз махаббат» атты танымал түрік хикаясы эфирге жол тартты. 2022 жылы Ыстанбұл қаласында түсірілген жаңа кинотуындында басты рөлдерді Burcu Ozberk (Эсра Эртен), Ilhan Sen (Озан Корфалы), Burak Yoruk (Чинар Йылмаз) және Melisa Dongel (Чағла Йылмаз) сынды түріктің танымал әртістері сомдайды. Көптің сұрауы бойынша 2016-2017 жылдары халықтың жүрегін жаулаған «Жетім жүрек» телехикаясы да арнада биыл өз жалғасын тапты. Абысындар арасындағы бітпес дауды баян ететін үнді сериалы – арнада сұранысқа ие контент.
Телеарна ойын-сауық форматындағы бағдарламалардан кенде емес. Мәселен, «Көру керек» жобасы – қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді қазақи әзілдермен жеткізе білген көріністер жинағы. «Бақыт құшағында» бағдарламасының кейіпкерлері – дүйім жұртқа танымал, өз саласында жетістікке жеткен жандар, бір сөзбен айтқанда, жұлдызды жұптар. Олардың қызметте қандай екені белгілі, ал отбасылық өмірі көп адамға беймәлім. Бұл жоба сол жандардың отбасын, үйленген уақыттағы қызықтары мен қиындықтарын баяндайды. Live форматтағы бағдарлама кейіпкерлердің өз үйінде түсіріледі. «Жұрттың балалары» – тартымды оқиғаларға толы скетч-шоу. Кей жағдайлар мен оқиғалардың күлкілі болатыны сонша, абсурдтық деңгейге де жетуі ықтимал. Басты кейіпкерлер – бір ауланың қарапайым тұрғындары: кәсіпкер, таксист, учаскелік полиция қызметкері, студент, мектеп оқушысы, әлеуметтік қызметкер, сандалбай, аула сыпырушы, зейнеткер әйел. Әр бағдарлама көрерменге, әсіресе жастарға ой саларлық дүние беруді көздейді.
Әлеуметтік желілерде де AstanaTV телеарнасының өз көрермені бар. YouTube желісінде оның үш арнасы, атап айтсақ, 1 жарым млн-нан астам көрермен тамашалайтын жаңалықтар арнасы, телехикаялар көрсетілетін AstanaTV movie арнасы, шоу бағдарламаларға арналған AstanaTV SHOW арнасы желі қолданушылары жиі тамашалайтын интернет-ресурсқа айналды. Ал арнаның 840 мыңнан аса оқырман жиналған Instagram парақшасы көпшілікке жедел хабар таратып, кері байланысқа дер кезінде сауатты жауап беріп отырады.
Келесі жылы телеарна сапалы отандық сериалдарды, тағдыр теперішін көрген жандарға көмек қолын созуды көздейтін әлеуметтік ток-шоуды, Қазақстанда бұрын-соңды көрсетілмеген үздік шетелдік телехияларды дүйім жұртқа паш етпек.