«Медеу – Шымбұлақ» аспалы жолында кабиналарда адамдар қалып қойғаны туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Тау шаңғысы курортының баспасөз қызметі оқиғаға қатысты ресми мәлімет таратты. Аспалы жолда тұрып қалған кабиналарда туристер 2,5 сағат отыруға мәжбүр болған.
Тау шаңғысы курортының баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 желтоқсан күні «Медеу – Шымбұлақ» аспажолы техникалық ақауға байланысты сағат 16.30-17.15 аралығында, яғни 45 минутқа тоқтатылды. Себебі аспалы жолдың техникалық жай-күйіне мониторинг жасайтын жүйедегі ақау. Орталық пунктіге мәліметтердің түсуі тоқтағаннан кейін, аспалы жолдың жұмысы да тоқтаған.
«Тоқтау кезінде «Медеу – Шымбұлақ» аспалы жолында қалып қойған қонақтарды түсіру үшін сағат 17.15-те резервті режимге көшу және іске қосу жүргізілді және бұл «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының техникалық бригадасы ақауды толық жойғанша жалғасты. Сағат 18.30-да ақау толығымен жойылып, аспалы жол штатты режимде жұмысын жалғастырды» делінген ресми мәліметте.